Облыс орталығында қала күніне орайластырылған бірқатар шаралар өтті. Соның бірі –«Ауылдың үздік мәдениет мекемесі – 2025» облыстық көркемөнерпаздар байқауының гала-концерті. Ауылдағы өнерпаздарды қолдау, демеу елді мекендерді дамытуға қосқан зор үлес. Осыны мақсат тұтқан байқауға облыстың түкпір-түкпірінен келген үздік ауылдық өнер ұжымдары қатысып, вокал, хореография және аспаптық орындаушылық бойынша өз шеберліктерін көрсетті, жеңімпаздар анықталды.
Байқау қорытындысы бойынша Ғабит Мүсірепов атындағы аудан бас жүлдеге лайық деп танылып, «Газель» автокөлігінің кілтіне ие болды. Бірінші және екінші тұғырға Жамбыл мен Уәлиханов аудандары көтеріліп, қомақты ақшалай сыйақымен марапатталды. Айыртау мен Қызылжар аудандарының мәдениет мекемелері жүлделі үшінші орынды иеленді.
Облыс әкімі орталық алаңда ұйымдастырылған салтанатты жиынға да қатысты. Шараға жиналған қауымның қарасы қалың болды. Тарихы терең Петропавл қаласы бүгінде өткені мен бүгіні үндескен заманауи шаһарға айналған. Осыны тілге тиек еткен өңір басшысы қаламыздың күн сайын көркейіп, жайлы, заманауи әрі шырайлы шаһарға айналып келе жатқанын атап өтті.
Мереке аясында құрметті атақтар табысталды. «Солтүстік Қазақстан облысының құрметті азаматы» атағы «Зенченко және К» КТ-ның бас директоры Геннадий Зенченкоға, профессор Зарқын Тайшыбай мен еңбек ардагері Виктор Лиге берілді. Петропавл қаласының құрметті азаматы атағына еңбек ардагерлері Амангелді Кенжеғожин мен Сара Тасеменова, профессор Андрей Солодовник ие болды. Олардың еңбегі, білімі мен адалдығы қаламыз бен өңіріміздің дамуына серпін берді.
Облыс әкімі қаланы дамытуға үлес қосып жүрген барлық азаматтарға – құрылысшыларға, ұстаздарға, дәрігерлерге, кәсіпкерлерге, қоғам белсенділеріне, еріктілер мен жастарға алғыс айтты.
Облыс орталығында 74 сквердің құрылысы мен Қазақстан Конституциясы көшесін жаңғырту жұмыстары қарқынды түрде жалғасып келеді. Жоба үш кезең бойынша жүзеге асырылып, инженерлік желілер мен өрнектастар ауыстырылады, аулалар көгалдандырылып, екі мыңға жуық ағаш көшеті егіледі, ғимараттардың қасбеті жаңа архитектуралық пішінде безендіріледі, спорт, ойын және серуен алаңқайлары салынады, субұрқақтар жөнделеді.
Өңір басшысы Ғауез Нұрмұхамбетов Астана мен Парк көшелері аралығын, сондай-ақ Ойқала мен Былғары зауыты шағынаудандарында тұрғызылып жатқан демалыс орындарын аралап, атқарылып жатқан кешенді іс-шаралардың барысымен танысты.
Өмір ЕСҚАЛИ,
«Soltüstık Qazaqstan».