«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

“ҚЫЗЫЛЖАР” – ЧЕМПИОН!!!⠀

Петропавлдық “Қызылжар” футбол клубы соңғы ойында “Байқоңыр” клубын ойсырата жеңіп, жартығасырлық тарихында алғаш рет Бірінші лига чемпионатының жеңімпазы атанды.

”Қызылжар” клубы 9 жылғы үзілістен кейін 2017 жылы Премьер-лигаға қайта оралып, еліміздің үздік клубтарымен ойнаған болатын. Өкінішке қарай, былтыр соңғы турға дейін шайқасқан жерлестеріміз жоғары лигада тұрақтай алмады. Енді, міне, биыл біздің жігіттер өз алаңында мықтылығын тағы бір рет дәлелдеп, маңызды жеңіске қол жеткізді. Күннің суықтығы да “Қарасай” стадионына жиналған жанкүйерлерді жабырқата қойған жоқ. “Қызылжардың” соңғы турдағы қарсыласы турнир кестесінің ортасында келе жатқан “Байқоңыр” еді. Соңғы бес ойынның төртеуінде жеңіске жетіп, біреуін тең аяқтаған петропавлдықтарды бұл қарсыластың жеңе алмайтыны анық еді. Себебі, біздің команда басты мәселені әлдеқашан шешіп қойған. Чемпионаттың аяқталуына бірнеше тур қалғанда-ақ көш бастаған “Қызылжарды” ешкімнің қуып жете алмайтынына күмән келтіргендер болмады.

Турнир кестесінде қос команданың араларын 15 ұпай бөліп тұрғанымен, Әли Әлиевтің шәкірттеріне тек жеңіс қажет еді. Сондықтан, бірінші минуттан бастап тізгінді өз қолдарына алған “Қызылжар” өкілдері қарсыластың қақпасына тыным берген жоқ. Әдетте допты ұзақ ұстауға тырысатын жерлестеріміз бұл жолы реті келсе болды, допты қақпаға бағыттай берді. Нәтижесінде ойынның 33 минутында Максим Драченко мергендік танытып, есепті ашты. Үзілістен кейін қызылжарлықтар қарқындарын тіптен күшейтті. Өткір шабуылдардың арқасында 54, 62, 64 және 71 минутта Әлібек Қасым, Ерасыл Аманжол, Павел Кривенцев, Шота Григалашвили мергендік танытса, ойынның аяқталуына 10 минут қалғанда Виктор Гурченко жеңіс голын соқты. Есеп ашуға бар күштерін салған Ерлан Шойтымовтың шәкірттері толассыз шабуылға көшкенімен, ол еш нәтиже бермеді. Есеп – 6:0. Сөйтіп, 26 турдың қорытындысы бойынша қоржынында 58 ұпайы бар жерлестеріміз Премьер лигаға қайтадан оралды. Ойын соңында облыс әкімінің бірінші орынбасары Марат Тастамағанбетов футболшылар мен спортсүйер қауымға облыс әкімі Құмар Ақсқаловтың құттықтауын жеткізді.

⠀– Құрметті спорт жанкүйерлері, Сіздерді “Қызылжар” командасының Бірінші лига жеңімпазы атануымен құттықтаймын. Ала доп шеберлері артқан сенімді ақтап, үлкен жеңіске қол жеткізді. Бұл – баршамызға ортақ жеңіс. Оның өміршең болуына “Қызылжар” футбол клубының басшылығы мен әкімшілігі бір адамдай ат салысты. Қашан да қолдауын аямаған жанкүйерлердің де қосқан үлесі зор. Біріншілік аясында асқан шеберліктің үлгісін көрсете білген футболшыларымыздың Премьер лигада да жақсы өнер көрсететініне сенімдімін , – деді Марат Иманбайұлы.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp