«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ҚЫЗЫЛЖАР ҚҰБЫРЛАРЫМЕН ДЕ ТАНЫЛА ТҮСТІ

“Петропавл құбыр зауыты” жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің бірінші технологиялық желісі 2009 жылы іске қосылды. “Петропавл ауыр машина жасау” зауытының босаған бір бөлігінде қоныс тепкен кәсіпорын бірер жылдың ішінде өндірісі еселей артқан қуатты өнеркәсіп құрылымына айналды. Бүгінде осы құбыр зауытын еліміздегі болат құбырлар шығаратын кәсіпорындардың ішіндегі беткеұстары деуге болады, өйткені басқа өңірлердегі бірлі-жарым ескірген, шағын қуатты өнеркәсіп орындарына қарағанда мұнда ірі өндірістік көлемдегі қазіргі технологиялық талаптағы құбырлар шығарылады. Зауыттың шығаратын өнімдері Қазақстандағы сияқты, Ресей Федерациясының да барлық сапалық талғамына сай келетіндіктен және сәйкестік сертификаттары болғандықтан, кәсіпорын көрші екі ел арасындағы интеграциялық байланысқа да шыға бастады.

Десе де, қазіргі нарықтық бәсекелестік жағдайында өндірістік қуатты толық игеріп, өндірілген өнімді өткізу мәселесін шешу оңай шаруа емес. Оның үстіне бүгіндері болат құбырларды пластикалық құбырлардың ығыстыра бастағаны белгілі. Бірақ, әр нәрсенің өз орны бар, өте жоғары қысымды және тереңде жүргізілетін жеткізу желілері үшін, әрине, болат құбырлардың сенімді екені сөзсіз. Сондай-ақ, басқа да сан алуан өндіріс технологиялары үшін темір құбырларды пластиканың ауыстыра алмайтын кездері жиі кездеседі. Қалай болғанда да одан әзірге қол үзу мүмкін емес. Сондықтан оған сұранысты арттыру мәселесі оның сапасына келіп тіреледі. Серіктестіктің өз жұмысын осыған орайластыра жүргізіп отырғанын зауыттың вице-президенті Мұхамет Аязбаевтың сөзінен аңғардық.

– Құбыр шығаруды тура жымды электрмен пісірілген диаметрі 89-219 мм. су-газ құбырларын өндіруден бастадық. Оған қоса 80х80-нен 150х150 мм.-ге дейін төрт бұрышты құбырлар шығаруды қолға алдық. Осы алғашқы технологиялық желінің жылдық өндірістік қуаты 36 мың тонна құбыр өнімін құрайды. Тым өсе түскен пластикалық құбырлар бәсекесіне байланысты өндірістік қуатты пайдалануды 25-30 пайыздан асыра алмай келеміз. Оған, сондай-ақ, жергілікті жерде желі тарту жұмыстарына жерден қазып алынған ескі темір құбырлардың қолданылатыны кесірін тигізіп отырғаны жасырын сыр емес. Олар көбінесе су беру желілерінде пайдаланылады, бізден аз ғана жаңа құбырлар алып, оны желінің басы мен соңына ғана салып, ал ортасына ескі құбырлар жүргізіп, көз бояйтындар бар. Сол сияқты, “СевКазЭнерго” АҚ-ы қажетті құбырларын бізден алмай, жеткізушілерін сырттан тауып жүр.

Сұраныс тудыратын өнім шығаруды ойласақ, қол қусырып қарап отыруға болмайды. Сондықтан 2010 жылы жазда екінші технологиялық желіні іске қостық. Онда сыртынан үшқабатты орама жасалған диаметрі 89-1020 мм. аралығындағы болат құбырлар шығарылады. Оның өндірістік қуаттылығы құбырдың диаметріне байланысты айына 20-дан 50 мың қума метрге дейін құрайды. Бүгінгі өскелең технологиялық талап тұрғысынан алғанда құбыр сыртынан ғана емес, ішкі жағынан да қорғалуы керек. Осы мақсатта тағы екі желіні іске қостық. Оның біреуінде іштен шіруге қарсы құбырдың ішінде қорғаныс қабаты жасалса, өткен жылы іске қосылған төртінші желіде болат құбырларға сыртында полиэтилен қорғаныс қабаты бар жылу өткізбейтін пенополиуретан орамалары оралады. Соңғы екі желінің әрқайсысында айына 15-20 мың қума метрден құбыр шығаратын қуат бар. Осылайша өндірісті жетілдіріп, жаңғыртудың арқасында жаңа тұтынушылар тауып, өнім өткізу көлемі жыл сайын ұлғайып келеді, – дейді Мұхамет Құсайынұлы.

Айтса айтқандай, зауыттың экономикалық көрсеткіштері жақсара түсуде. Мысалы, өнім өткізу көлемі 2011 жылы – 807,4 млн. теңге, 2012 жылы 1081,2 млн. теңгені құраса, ал өткен 2013 жылы 266,8 пайыз өсіммен бірден 3966,0 млн. теңгеге көтерілді. Соның ішінде 185,6 млн. теңгесі экспорттық өнім өткізуге тиесілі. Мұның өзі көптен күтіліп жүрген Еуразиялық экономикалық одаққа кәсіпорынның жасаған алғашқы қадамы деуге болады. Жалпы зауыттың Ресей елімен ынтымақтастықта біршама іс тындырып отырғанын айтпасқа болмайды. Айталық, Челябі металл өңдеушілерімен келісіп, олардан 3 мың тонна жіксіз болат құбырларын алды. Оларды өздерінде кейінде іске қосылған үшінші және төртінші технологиялық желілер арқылы ішкі-сыртқы қорғаныс орамаларымен қайта өңдеп шығарып, оны қайтадан Ресейдің газ өндірушілеріне өткізуде. Атап айтқанда, “Ачимгаз” АҚ-ы Уренгой газ құбырының қажеті үшін өткен жылғы қараша айынан биылғы наурыз айына дейін зауыттан осындай қосымша жаңғыртудан өткен 13 шақырым болат құбырлар алған. Олармен осы жылға тағы 12 шақырым құбырмен жабдықтау шарты жасалуда.

Сонымен бірге, зауыттың орамалы құбырлары республикамыздың оңтүстік және батыс өңірлерінде де сұраныс табуда. Оның тұтынушылары қатарындағы Алматы қаласының әкімдігіне қарасты ГРС-2-нің газдандыру желісі бойынша жобаға қажетті 50 шақырым құбыр жөнелтілді. Сол сияқты, Ақтөбе облысындағы Жаңажол ГТЭС-ін және Шымкент облысындағы Сайрам ауданын газдандыруға кәсіпорын құбырлары пайдаланылуда. Осындай сұранысты өнімнің жергілікті жерде айтарлықтай қолданыс таба алмай келе жатқаны кәсіпорын басшылығын, әрине, қынжылтады. Бірақ, ол оларды алға қойған мақсаттарынан бұра алмайды. Өйткені, жаңа технологиялар бойынша дайындалып жатқан құбырлардың тозу төзімділігі пластикалық құбырлардан кем түспейді, 30 жылға дейін шірімейтін құбырлар жасалуда. Яғни, жергілікті су және жылу қуатын жеткізуші кәсіпорындардың оның сапасына мойынсынып, сұраныс жасарына сенімді. Егер өңір газдандырылатын болса, оған қажеттілік еселеп артатын болады.

Зауытта технологиялық төрт желі болғанымен, үш бригада жұмыс істейді. Оның мәнісі құбырлар тапсырыс бойынша жасалатындықтан, бірінші желіден басқасы бір мезгілде іске қосылмайды. Сондықтан үш бригада әбден жеткілікті. Тура жымды электрмен пісірілетін 89-219 мм. су-газ құбырлары мен төрт бұрышты құбырлар шығаруда тоқтау жоқ. Олардың, әсіресе, төрт бұрыштыларын өңір құрылысшылары жиі пайдаланады. Сондай-ақ, су-газ құбырларының да тұтынушылары бар. Кәсіпорынның жоғарыдағыдай экономикалық көрсеткіштерге қол жеткізіп отырғаны сондықтан. Сонымен бірге, өткен жылы 188,6 млн. теңгенің салық төлемін жасағаны көп жайды аңғартса керек. Зауыт еңбеккерлерінің жылдық орташа айлық еңбекақысы 94535 теңгеден айналды. Кәсіпорынның еңбек адамдарына жасап отырған жақсылығы – тапсырыс түспей немесе басқадай бір себептен зауыттың уақытша жұмысы тоқтап қалған жағдайда еңбеккерлерінің орташа табысының 60 пайызын сақтауға тырысатыны. Бұл ондағы кадр тұрақтылығын нығайтып, еңбеккерлердің өз жұмыс орнына деген құрметін арттырады.

– Маусымдық мол ақылық жұмысқа құмартушылар біздің ұжымда да болған. Олардың көбісі ондай жерде екі-үш ай жұмыс істеп, өзімізге қайтып оралды. Өйткені, маусымдық мол табыс жылға азық болмайды, үш ай жүз мыңнан табыс тауып, қалған уақытта бос жүргенше, тұрақты түрде кемінде 70-80 мың теңге табысы бар бізде еңбек еткеннің артықшылығын түсінді. Өздерін жақсы жұмысымен көрсеткендерге әрдайым жол ашық. Мысалы, Жарқын Жақыпов қатардағы жұмысшы еді, бүгінде аға шебер болып еңбек етеді. Мұндай еңбеккер азаматтарды әрқашан құрмет тұтамыз. Сондай-ақ, техникалық бақылау бөлімінде қызмет ететін Тамила Нұртаева дейтін қызымыз бар. Ол СҚМУ-ді бітірген жас маман, іске төселіп кетті, тындырымдылығымен көзге түсуде. Ал, құбыр жасау станоктарында еңбек ететіндердің арасында оператор Ербол Аленов және оның көмекшілері Евгений Демьяненко мен Павел Забоев қажырлы қимыл танытуда. Цех басшысы Николай Карлюченконы да өз ісінің асқан шебері деп білеміз. Бас инженеріміз Александр Ефименконың еңбек кітапшасында Петропавл нан-тоқаш зауыты мен Петропавл құбыр зауыты деген екі-ақ жазу бар. Осындай құрметке бөленген мамандарымызды және басқа да озаттарымызды мақтан етеміз, – дейді Мұхамет Аязбаев.

“Петропавл құбыр зауыты” ЖШС-нің өндірістік аймағында теміржол тұйығы бар. Соны пайдаланып, сырттағы біраз адамға жұмыс тауып беріп отырғаны да құптарлық іс. Кәсіпорынның өзінің ішкі шаруашылық жұмысында 2-ақ автомашинасы болғандықтан, құбыр таситын алыс сапарларға айына жүз шақты ауыр жүк көліктерін жалдайды. Бұл – тағы 200-ге жуық адамды жұмыспен қамтамасыз етіп отыр деген сөз. Жалпы, зауыттың болашаққа бағдарланған жоспарлары көп. Өндірісті үнемі жаңғыртып, жаңартып отырудан басқа, өзіндегі әлеуметтік-тұрмыстық мәселелердің шешімін табуға тырысуда. Қоныс орны “ПАМЖ зауыты” АҚ-ның бұрынғы “Балапан” велосипедін шығаратын цехының орны болғандықтан, оны ірі металл дайындамаларымен жұмыс істеуге лайықтап, қайта жабдықтауға күш салынды. Цехтың кіреберіс бір блогы әкімшілік басқару кеңсесі болып жабдықталды. Оның тағы бір блогында зауыт зертханасын ашу жоспарлануда. Онда құбырларды су қысымы мен ультрадыбысты сынақтардан өткізу сапасы анағұрлым артатын болады. Стандарт талабы бойынша 100 құбырдың бесеуін сынақтан өткізу жеткілікті болса, зауыт оны арнайы зертханалық жағдай болмаса да, толық көлемде өткізіп жүр. Бұл жұмыс техникалық бақылау бөлімінің қызметкерлеріне жүктелген. Сондай-ақ, қаланың шеткі өндіріс аймағындағы кәсіпорында зауыт аумағын тәртіпке келтіріп, көгалдандыратын және көркейтетін жұмыс та жетерлік.

Бүгінгі нарықтың бәсекелестік жағдайында табыс кепілі жоғары сапалы өнімде деп білетін “Петропавл құбыр зауыты” ЖШС-нің ұжымы Ресеймен интеграциялық ынтымақтастыққа сәтті қадам жасап отыр.

Тоқтар ЗІКІРИН,

“Солтүстік Қазақстан”.

Суретті түсірген

  Амангелді БЕКМҰРАТОВ.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp