«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ҚЫЗЫЛЖАР ҚҰЛПЫРЫП КЕЛЕДІ

Облыс әкімі Құмар Ақсақаловтың төрағалығымен өткен қала құрылысы кеңесінде Петропавлдың сәулеттік келбеті мен шаһарды абаттандыру мәселесі қаралды. Биыл бұл жұмыстарға өткен жылмен салыстырғанда қаржы үш есе көп бөлінген.

Облыс орталығын абаттандыру бойынша атқарылған жұмыстар жайлы Петропавл қаласының әкімі Марат Тасмағанбетов баяндады. Бүгінде сәні мен сәулеті келіскен заманауи ғимараттар бой көтеріп, көне шаһардың келбеті өзгере түскені байқалады.

– Бас жоспарға сай “Жас өркен”, “Береке”, “Кирпичный”, “Солнечный” және “Орман” шағынаудандарында құрылыс қарқынды жүргізіліп жатыр. Соңғы жылдары 58 көпқабатты тұрғын үй бой көтерді. Биыл жалпы ауданы 83,2 мың шаршы метр 11 баспана қолданысқа беріледі. “Жас өркен” шағынауданында әлеуметтік-тұрмыстық және спорттық нысандар – теннис орталығы мен Оқушылар сарайының құрылысы басталды. “Нұрлы жер” бағдарламасы бойынша “Солнечный” шағынауданынан әрқайсысы 10 сотықтан 2094 жер телімі беріліп, тұрғындар жеке үйлер салады. Баспаналар бірыңғай сәулеттік үлгіде тұрғызылады, – деді Марат Иманбайұлы.

Жаңа құрылыс нысандары қаланың ескі ғимараттарымен үйлесім табуына ерекше назар аударылып отыр. Петропавлда жалпы саны 1061 көпқабатты баспана бар, біразының тозығы жеткен. Сол себепті, “Тұрғын үй құрылысын жаңғырту” бағдарламасы аясында 161 үйге күрделі жөндеу жүргізілді. 2018 жылы тағы 20 үй жаңартылмақ. Қаланы ерекше әрлеу үшін Жамбыл, Мир және Интернационал көшелеріндегі үйлердің қасбеттері түрлі түстерге боялған. Әлемнің ірі қалаларындағыдай заманауи рең беру мақсатында қыркүйекте Мир және Жамбыл көшелеріндегі екі үйдің қасбетіне граффити әдісімен сурет салынбақ.

Қала басшысының айтуынша, жыл басынан Ш.Уәлиханов, Караван, С.Мұқанов, Зауыт, Радищев, Медведев, Егемен Қазақстан, Горький көшелеріне орташа жөндеу жұмыстары жүргізілген. Қазіргі таңда тағы 18 көшеге – Жәлел Қизатов, 1-ші Кирпичный, Набережный, Ульянов, Қ.Кеншінбаев, Универсальный, Украин, Калинин, Ухабов, Пржевальский, Тоқсан би, Чайковский, Н.Болатбаев, Я.Гашек, Т.Мұхамед-Рахимов, Қ.Сәтбаев, 314-ші атқыштар дивизиясы және Жуков көшелерін қалпына келтіру жұмыстары жалғасуда. Жолдарға асфальт төселіп, жаяу жүргіншілер жолы жөнделеді, жиектастармен көмкеріліп, заманауи аялдамалар мен жаңа бағдаршамдар орнатылады.

Петропавлды абаттандыру жоспарының аясында 70 балалар ойын алаңқайын жабдықтау көзделген. Қазіргі таңда 53 аулаға әткеншектер мен сырғанақтар орнатылыпты, бұл жұмыс жалғасуда. 17 аулаға көше тренажерлері қойылып, 6 шағын футбол алаңы жасалды. К.Сүтішев, М.Жұмабаев және Жамбыл көшелерінің жарықтандыру жүйесі жаңартылуда. Бүгінде Қазақстан Конституциясы көшесінің бойындағы бедерлі тастарды ауыстыру, жаңа орындықтар, қоқыс жәшіктерін орнату және шағын сәулеттік ескерткіштер қою жұмыстары жалғасуда. Бұл көне шаһардағы адам ең көп жиналатын орын болғандықтан, оның тарихи келбеті сақтала отырып жаңартылуда.

Мәдениет және демалыс саябағы да кеңейтіліп жатыр. Әлеуметтік-мәдени және мерекелік шаралар өткізетін орын жабдықталып, субұрқақтар жаңартылуда. Марат Тасмағанбетовтің айтуынша, қазіргі таңда бедерлі тастар төселіп, шағын сәулеттік ескерткіштер қойылды. К.Сүтішев, М.Жұмабаев, Хименко-Мир, Жамбыл көшелеріндегі гүл бақтарын жаңғырту бойынша үш жобалық-сметалық құжат әзірленген. Пестрое көлінің маңын абаттандыру бойынша да жобалау жұмыстары басталыпты. Өңір басшысының тапсырмасына сай облыстық сәулетшілер мен суретшілер одағының жанынан жас сәулетшілердің арнайы жұмыс тобы құрылған.

Қала құрылысы кеңесінде көшенің көркін бұзып тұрған жүзден астам жарнамалық билбордтарды ауыстыру жайы да айтылды. Қалалық әкімдіктегілер бұл жұмысты үнемі бақылап отырмыз дегенімен облыс әкімі кемшіліктер әлі де бар екенін сынға алды.

– Біз қалада орналасқан кәсіпкерлерді, сауда орталықтарының, мейрамханалар мен ірі қоғамдық тамақтану орындарының басшыларын, білім беру және медицина мекемелерінің жетекшілерін шақырдық. Күнге күйіп, материалдары тозса да, бірнеше жылдар бойы үйлеріңіз бен сауда орындарыңызда ілініп тұрған жарнамалық плакаттар бар. Ауыстыруды қажет етеді. Бұл қадағалаудың әлсіз екенін көрсетеді, – деді өңір басшысы.

Кеңес соңында облыс әкімі Құмар Ақсақалов білім беру және денсаулық сақтау басқармаларының басшыларына өздеріне тиесілі мекемелерді абаттандыру және көгалдандыру жұмыстарын қолға алуды тапсырды. Және қала жақсы жағына қарай өзгеруі үшін оның әрбір тұрғыны атсалысуы қажет екенін ескертті.

Облыс әкімінің

баспасөз қызметі.

Суреттерді түсірген

Виталий ВЛАСЕНКО. 

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp