«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

«ҚЫЗЫЛЖАР — ҚҰС БАПТАУҒА ҚОЛАЙЛЫ ӨҢІР»

Құсбегіліктің кемеліне жетіп, өркендеп, нағыз кәсіпке, өнерге айналған жері – қазақ даласы. Құйқалы қазақ жері аңға толы заманда құс салудың көшпенділер өміріндегі маңызы зор болған. Аспанның бұлтын жарып өтетін ақиық құс иесінің байлығы мен сән-салтанатының белгісі саналған. Бүгін де байырғы кәсіптен қол үзбей, құс баптап жүрген жандар аз емес. Құсбегілік, әсіресе, еліміздің шығысы мен оңтүстігінде едәуір дамыған. Моңғолия мен Қытайда тұратын қаракөздер арасында да бүркітшілер бар. Бүркіт, лашын, қаршыға баулығандар биылғы ақпан айында Қызылжарда бас қосып, республикалық чемпионатта бақ сынады. Аталған шара барысында Абай облысынан келген Нұғым Қайдармен тілдесудің сәті түсті.

– Нұғым Қайдарұлы, әңгімемізді Қызылжарға келген сапарыңыздан бастасақ. Қандай әсерде болдыңыз?

– Мен Қызылжарға Абай облысындағы Мақаншы ауданынан келдім. Еліміздегі таңдаулы деген 70-80 құсбегі жыл сайын өтетін республикалық чемпионатқа жиналады. Биылғы жарыс Қызылжарда өтеді дегенді естігенде қатты қуандым. Алайда бұл өңірде құсбегілік жоқ екен. Біздің киелі өңірге келуіміз теріскейдегі дәстүрлі кәсіптің жандануына сеп болады деп ойлаймын.

Құсбегілік қазақтың ата дәстүр-салтында бар. Бұл – кешегі хандар заманынан келе жатқан кәсіп. Менің жеті атам да құс баптаған. Өзім 2007 жылы Қытайдан көшіп келдім. Бар мақсатым – осы спорт түрін ұрпақтан-ұрпаққа жалғастыру. Кейінгі буынға өзімнің көрген- білгенімді айтып, үйретіп кетуді борышым деп білемін. Балаларымның біреуі – атбегі, екеуі – құсбегі. Немерелерімнің де құс баптауға деген қызығушылығы оянып келеді. Қазақ қыранды құс патшасы дейді. Оның мемлекеттік Туымызда бейнеленуі бекер емес.

– Табиғаты еркіндікті сүйетін дала қыраны қолға қалай үйретіледі?

– Дала құсын қолға түсірудің өзі оңай емес. Оның да түрлі айла-тәсілдері бар. Епті жігіттер бүркітті шіл, кептер, қоян байлап қолға түсіреді. Ал бұл іске шын берілгендер биік құзға өрмелеп, ұядағы балапанды алудан да тайынбайды. Бірақ бар жұмыс мұнымен біте қоймайды. Қолға түскен ересек құсты үйрету де қиын. Ол үшін ең алдымен, бүркіттің «ұйқысын» аламыз. Үйге әкелген құсын иесі бірнеше күн бойы ұйықтатпайды. Әдетте бүркіттер екі күнге, мықтылары үш күнге дейін шыдайды. Сол сәтте иесі оны қалың киімге орап ала қояды. Оянған сәтте тамағын береді. Содан кейін бүркіт табиғатты ұмытып, адамға бауыр басып кетеді. Ал балапанды баптау тіптен қиын. Ең алдымен аяқ-қолы жеңіл адамдар амалын тауып, өрмелей отырып биік ұядан балапанды алады. Кішкентай құс түк көрмегендіктен, құсбегілер арасында «көрбала» аталады. Иесі кішкентайынан балапанды алдап, қолға шақырады. Ұзақтан шырға тастап «қолбала» етеді. Біршама уақыт өткен соң күші келетін аңға салады. Табиғатта тазқара, ақбас құмай, қарақұс сияқты құстардың түрі көп. Солардың үлкені – бүркіт. Бүркіттен қорықпайтын аң-құс жоқ. Қыран қонған жерден тамақ жеп отырған өзге құстар кетіп қалады.

– Қазіргі таңда дәстүрлі кәсіп еліміздің қай өңірлерінде жақсы дамыған?

– Тәуелсіздік жылдары бұл кәсіп оңтүстік өңірде қарқынды дамыды. Шығыс Қазақстан облысында 2007 жылға дейін құсбегілік болған жоқ. Мен осы өңірге көшіп келгеннен кейін бұл істі қолға алуды көздегендердің қатары молайды. Сол кезде «Қызыл кітапқа» енген қыранды ұстауға болмайды деген жандар да кездесті. Бірнеше азамат зор қолдау көрсетіп, құсбегілікті жолға қойдық. Бүгінде Шығыс Қазақстан облысындағы құстың саны жиырмаға жетті. Тәттімбет Кәпұлы деген азамат команда құрып, бәріміздің басымызды қосты. Ал бүгінде өз алдына отау болған Абай облысында 9 құс бар.

– Ел арасында құс салып, аңға шығуға байланысты аңыз- әңгімелер көп қой. Басыңыздан өткен ерекше жағдайдың бірін айтып бересіз бе?

– Бір жылы Абай облысында жетпістен аса қатысушы жиналған дода болды. Сол шараға Катонқарағайдан арлан қасқыр әкелінді. Ұйымдастырушылар қасқырдың аяғын байлап, тісін қағып, аузын буайын деп еді, бүркітшілер қарсы шықты. Жиналғандардың ішінен бүркітінің шамасы келеді-ау деген 7-8 адам шығып, құсын аңға салды. Солардың ішінен менің Мұзбалақ атты бүркітім халықтың алдында арлан қасқыр алды. Осы оқиға есімнен кетпейді. Ал Жебе атты құсым республикалық, халықаралық жарыстарда жылдамдық бойынша алда келеді.

– Құстың күтімі де көп шығынды қажет етеді. Бұл жағынан мемлекеттен, спорт қауымдастығынан қолдау бар ма?

– Бүркіттің барлық күтіміне кететін шығынды иесі арқалайды. Бүркіт бүлінген, иістенген етті жемейді. Жазда мал сатып алып, сойып береміз. Басқасын білмеймін, өзіміз үйде не жесек, құсқа да соны береміз. Шыны керек, олар отбасымыздың бір мүшесіне айналып кеткен. Құсы бар үй болған соң оны отбасындағылардың бәрі жақсы көріп, күтіміне қатысуы керек. Мен жоқта балам, балам жоқта әйелім тамақтандыра береді. Үйдегі бір адамнан басқасының бәрі құстан қорқып, қасына бара алмай жүрсе, бүркіттен де күйіс кетеді. Бүркіттің бірінің бабы біріне келмейді. Осының бәрін байқап, бақылап отыру маңызды.

– Қолыңыздағы құсыңызды баптап келе жатқаныңызға неше жыл болды?

– Қолымдағы құсымды үйреткеніме бес жылдан асты. Жалпы қыран – көп жасайтын жаратылыс. Бұрынғылар бүркіт 40 жыл жасайды деп айтып отыратын. Қолда ұзақ ұстауға бүркіттің аналығы жақсы. Аталық саршасы адамның қасында көп тұра алмайды. Алайда қандай құс болсын табиғатты аңсайды. Сондықтан жасы жеткенде еркіне жіберемін. Мысалы 19 жыл бойы қолымнан жем жеген бүркітімді далаға жібердім.

Негізі 19 жылдың өзі де тым ұзақ. Алайда қолға түсе бермейтін қыран болғандықтан, қимай көп жүрдім.

– Тілімізде бүркітке байланысты атаулар мен ұғымдар көп. Солардың біразын күнделікті айтып жүргенімізбен, мағынасына үңіле бермейтініміз рас. Осы жөнінде айтып бересіз бе?

– Құстың басына кигізетінін томаға дейді. Ал аяғына балақбау, аяқбау байлайды. Қолға қондыру үшін теріден жасалған қалың биялай киеміз. Аңға шыққанда бүркітті қолда ұстап жүру қиын. Қол талмау үшін ердің қасына ағаштан, тобылғыдан, мүйізден тіреу жасалады. Оны балдақ дейміз. Ал жай уақытта құстың қонатын затын тұғыр дейді. Бүркітшілердің негізгі жабдығы осы. Бұлардың өзін жай жасай салмай, сәндеп, әшекейлеп жатады. Құсты жүніне қарап таңдаймыз. Сипатына қарай ақпейіл не шәргез екенін анықтаймыз.

– Сіздің ойыңызша, солтүстік өңірде дәстүрлі кәсіпті дамытуға мүмкіндік бар ма?

– Әрине бар. Ең бастысы, бұл жақтың қары құсқа қолайлы. Бірақ бұл бір адамның қолынан келер іс емес. Ол үшін жанашыр азаматтардың басы қосылуы керек. Шығыста тойға, мейрамға бүркітшілер арнайы шақырылады. Жиналғандар құсты қызықтап, суретке түсіп жатады. Адамдар бүркітті бала күнінен көрмеген болса, қызығушылардың да шығуы неғайбыл. Көбіне ат баптап, көкпар тартып жүргендердің көңілі құсбегілікке ауып жатады.

– Құстың өз сипатынан бөлек, оны баптайтын адамның да бойында белгілі бір қабілеттер болуы керек емес пе?

– Меніңше, құс баптау адамның қанында болу керек. Үлкендерден ештеңе көрмеген адам ерекше талапты болмаса, бұл істі алып кете алмайды. Құс болса көтеріп алып, баптай беремін деу – қате түсінік. Құсбегі күн сайын тәжірибе жинап, қолындағысының қажетін тануға ұмтылуы керек. Табиғатынан осы іске бейім, ынтық адамдар болады. Солар ғана құс баптай алады.

– Әңгімеңізге рақмет!

Әңгімелескен

Диас АЯҒАН,

«Soltüstık Qazaqstan».

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp