Медицина саласында бірнеше жылдан бері аянбай еңбек етіп келе жатқан ерлі-зайыпты Ақәділ мен Гүлнар – Петропавл қаласындағы №3 емхананың екінші санатты қызметкерлері. Ақәділ – Оңтүстік Қазақстан облысы Шымкент қаласының тумасы. Бала кезінен дәрігер болуды армандаған ол бүгінде диагностика бөлімінің меңгерушісі қызметін атқарады.
Сабырлы мінезімен ерекшелене білген білікті маманның қарамағында 50 адам еңбек етеді. Қашанда заман талабына сай болуға ұмтылған Ақәділ – ұжымда еңбегімен еленген азамат. Қабілеті мен білімін әрдайым шыңдап, үнемі ізденіс үстінде жүретін ол – емханада ақ халатты дәрігер болса, үйде жан жарын алақанына салып аялаған отағасы, балаларының қамқоршысы, ақылшы әкесі. Зайыбының көңілін табу үшін үнемі оған гүл шоғын сыйлап, жанын жылылыққа бөлеп отыратын Ақәділ 8 наурыз мерекесіне де алдын ала дайындалады екен.
– Әйел – өмірдің гүлі мен сәні. Ұрпақ сабақтастығының өзегі бола білген нәзік жандар қандай марапатқа болсын лайық. Біз ұлымыз екеуміз мейрамға ерекше дайындаламыз. Сол күні, тіпті, үйдегі бар шаруаны да өзіміз тындыруға тырысамыз. Зайыбыма және көз қуанышымызға айналған қызыма өздері қалаған сыйлығын алып қойдым. Тосын сыйлықты мерекелік дастарқан басында тапсырамыз, – дейді ол.
Гүлнар аталмыш емханада учаскелік терапевт болып жұмыс істейді. Арман-мақсаты бір қос аққу Қарағанды мемлекеттік медициналық академиясында оқып жүргенде танысқан. Үйленіп, отау құрған жас жұбайлар бастапқы кезде Астана қаласында тұрған. Ақәділ өз саласы бойынша жұмысқа орналасып, зайыбы тұңғыш сәбилерін бағумен айналысқан. Болашаққа үлкен үмітпен қараған ерлі-зайыпты барлық жағдайды ойластырып, таразылап, елордадан Қызылжарға көшіп келуді жөн санаған.
– Астана, әрине, болашақтың қаласы. Ол жерде де еңбек етуге болар еді. Алайда, біз облыс орталығында жаңа емханалар салынып жатқандығы жайында естіген соң бағымызды сынап көрейік деп келдік. Бүгін қарап отырсақ, сол шешіміміз дұрыс болған екен. Қашанда халқының жағдайын ойлайтын Елбасымыздың жастарға: “Білімді, еңбекқор, бастамашыл, белсенді болуға қазірден бастап дағдыланыңдар. Жұмыс пен сұраныс бар өңірге батыл барыңдар. Шеберліктің шыңына жете білсеңдер мамандықтың бәрі жақсы”, – деп айтқан сөздерін еш уақытта жадымнан шығармаймын, – дейді Ақәділ Қаныбек.
Жұмыс іздеп келген жігерлі жастарды Қызылжар жері құшақ жая қарсы алды. Ақәділ де, Гүлнар да жұмысқа қабылданып, қызметтік баспанамен қамтамасыз етіліп, “Дәрігерлер үйінен” екі бөлмелі жаңа пәтер берілді. Ұлдары Абдулкәрім мен қыздары Әмина “Алтын бесік” балабақшасына барады. Міне, жас мамандар ретінде оларға осындай тамаша жағдай жасалған. Мұның барлығы Елбасы саясатының арқасында жүзеге асып отыр.
Отбасының шамшырағы бола білген Гүлнар – жұмыспен қатар балаларының тәрбиесіне де уақыт бөліп, қос тізгінді қатар ұстаған білікті маман. Ертелі-кеш ерінбей, еңбек етіп, тұрғындардың алғыс-сауабын арқалаған ақ халатты абзал жан күніне емханаға келген 30-35 адамды қабылдайды. Түске дейін кабинетінде жұмыс жасайтын ару күннің екінші жартысында өздері жүріп-тұра алмайтын мүгедек адамдардың үйлеріне барып, денсаулықтарын қадағалап, ем-дом тағайындайды.
– Петропавл қаласы Астанаға қарап бой түзеп, жылдан-жылға дамып келеді. Жалпы Қызылжар біз үшін құтты қонысқа айналды. Осы жерге көшіп келіп, медицина саласының дамуына өз үлесімізді қосып жүргенімізге қуаныштымын. Жас маман ретінде мемлекет тарапынан көтермеақы алдым. Жаңа жылдан бастап еңбекақымыз да өсті. Емхана қажетті медициналық құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілген. Осындай барлық жағдай жасалып тұрғанда жұмыс істеудің өзі – бір қуаныш, – дейді Гүлнар.
Өмірде де, еңбекте де жұптары жазылмаған ата-ананың ендігі мақсаты – балаларын қатарынан қалдырмай, қазақы салт-дәстүрден сусындатып, ержеткізу. Бір-біріне сыйластықпен қарап, жұмыстарын жауапкершілікпен атқара білген осындай ардақты жандар мақтау сөзге де, алғыс сезімге де лайық емес пе?!
Алма ҚУАНДЫҚҚЫЗЫ,
“Солтүстік Қазақстан”.