«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ҚЫЗЫЛЖАР ӨНІМДЕРІ Біріккен Араб Әмірлігіне жөнелтілетін болады

Біріккен Араб Әмірлігінен қуанышты хабар мұхит өрлей, теңіз көктей өтіп, құстай ұшып жетті Қызылжар өңіріне. Сүйіншілеген – облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары Алтынбек Абдоллаев. Алдында облыс әкімінің бірінші орынбасары Айдарбек Сапаров бастаған топ Қазақстан делегациясының құрамында Дубайға сапарлап кеткенін естігенбіз.

БАӘ-дегі Қазақстан Республикасының елшілігі Президенттің қазақстандық өнімді насихаттау ұсынысын жүзеге асыру шеңберінде “Қазақстанда жасалған” акциясын өткізуге Дубайды таңдап алуына таңдана қарасақ та, таныстырылым арабтар тарапынан зор қызығушылық тудырғанын естіп: “Бәрекелді! Қазанымыз ортаймағай, ырысқа тола бергей!” – дестік. Өркениеттің өрелі өріне өршелене ұмтылып, өзіндік өрнек ізін салған араб әлемін таңғалдыру оңай емес, әрине. Әсіресе, Біріккен Араб Әмірлігін. Қазақстандықтардың бұл жеңісі шын талаптанса, ынталанса, алға үлкен мақсат қойса, алынбайтын қамалдың, аспайтын асудың жоқтығына көзімізді нық жеткізді.  

БАӘ-дегі ірі азық-түлік желілерінің бірі “LuLu” гипермаркетінде тамақ өнеркәсібіндегі Қазақстанның ұлттық жетістіктерін көрсету, отандық тауар өндірушілер мен әмірлік ритейлерлері арасында экономикалық, сауда-саттық әріптестік қарым-қатынасты орнатуды көздеу мақсатында ұйымдастырылған тың шараға қатысқан жетекші компаниялар арасында қызылжарлықтар үлесінің басым болғанын ескерсек, олардың экспозицияның ірі аумағын иеленуі заңды дер едік.

Тамақ өнеркәсібі саласында сыртқы нарыққа шығып жүрген “Сұлтан”, “Сүт”, “Мукомол”, “Дружба”, “Перспектива” секілді серіктестіктердің макарон, ұн, бал өнімдеріне сұраныс мол болған. Ең бастысы, сапалылығымен, бәсекелестілігімен, бағаның қолжетімділігімен ерекшеленген.

– Роуд-шоудың салтанатты ашылу рәсімін Қазақстанның БАӘ-дегі Төтенше және Өкілетті елшісі Қайрат Лама Шәріп, Солтүстік Қазақстан облысы делегациясының жетекшісі Айдарбек Сапаров, Шарджас әмірлігінің Сауда-өнеркәсіп палатасының өкілі Джасим Иса Әл Мутава жүргізді. Қазақтың “шашу” салтын Дубай тұрғындары үлкен ынтызарлықпен тамашалады. Кәсіпкерлерге Қызылжардың ұны мен макароны қатты ұнағаны соншалық, қалай алуға болатынын қайта-қайта сұрастырып жатты. Супермаркетке келушілер бағаның төмендігіне бастарын шайқап, таңғалыстарын жасырмады, – деді сөзінің соңында Алтынбек Абдоллаев.

Жақсылық хабардың ізін суытпастан ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының бірінші орынбасары Жанар Мұсағұловамен хабарласқанымызда ол: “Қазақстандық делегация мен ірі гипермаркеттер желісі басшылары арасында отандық өнімдерді БАӘ-іне және Таяу Шығыстың басқа да елдеріне өткізу жөнінде келісім жасалғанын естіп, қатты қуанып жатырмыз. Жергілікті азық-түлік өндірушілердің әмірліктің ірі ритейлерлерімен тікелей байланыс орнатуы нарық көкжиегін кеңейте түсері сөзсіз. Мұның өзі ұстанған экономикалық саясатымыздың дұрыстығын дәлелдейді”, – деді.

БАӘ-дегі “LuLu” ірі азық-түлік желілерінің алғашқы сауда орны 1996 жылы Әбу-Дабиде ашылған. Ал Дубайда алғашқы супермаркет 2000 жылы пайда болған. Бүгінде оның жүйелері Кувейт, Бахрейн, Оман, Катар, Мысыр, Сауд Арабиясы елдерінде орналасып, ұзын саны 114-ті құрайды.

Өмір ШАЛАБАЙҰЛЫ,

“Солтүстік Қазақстан”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp