Жетім және ата-ана қамқорлығынсыз қалған балаларға арналған облыстық мектеп-интернат директоры Ризабек Кәкпеновтің бастамасымен және білім басқармасының басшысы Шолпан Каринованың қолдауымен өңірлік “Қызылжар – 2015” спорт фестивалі өтті. Осымен екінші мәрте өткізіліп отырған шараға Есіл ауданындағы №2 және Қостанай облысының Рудный қаласындағы балалар үйлерінің оқушылары қатысты.
Шара еліміз үшін маңызды да ерекше Қазақ хандығының 550, Қазақстан халқы Ассамблеясы мен Конституциясының 20, Жеңістің 70 жылдық мерейтойларына орайластырылды. Додаға қатысушылар шахмат, үстел теннисі, баскетбол сияқты спорт түрлерінен Петропавл қаласындағы қазақ мектеп-гимназиясында сайысса, бильярдтан “Арарат” ойын-сауық орталығында бақ сынасты. №1 “Боулинг” ойын-сауық кешенінде өткен жарыс та аса тартысты болды. Спорттың әр түрінен жеңімпаздар анықталып, олар медальдармен, грамоталармен марапатталып, бағалы сыйлықтар алды.
Сайыскерлер үшін мәдени-танымдық шаралар да ұйымдастырылды. Қонақтар Петропавлдың көрікті жерлерін, тарихи-өлкетану мұражайын, ойын-сауық кешендерін, басқа да жерлерді аралап, 1941-1945 жылдары соғыста қаза тапқандарға арналған Мәңгілік алау басына гүл шоқтарын қойып, оларды бір минут үнсіздікпен еске алып, тағзым етті.
Фестивальдың қорытындысында Петропавл қаласындағы жетім және ата-ана қамқорлығынсыз қалған балаларға арналған облыстық мектеп-интернаттың “Туған жер” би ансамблінің, қазақ эстрадасының жұлдыздары Яна Богова мен Димаш Жақыповтың қатысуымен концерт берілді.
Татьяна СЕРГЕЕВА,
жетім және ата-ана қамқорлығынсыз
қалған балаларға арналған
облыстық мектеп-интернаттың
ұйымдастырушы-педагогі.
Петропавл қаласы.