Қазақстан Республикасы Президенттігіне кандидат Әбілғазы Құсайынов Қызылорда қаласының жұртшылығымен кездесу өткізіп, экология саласына негізделген сайлауалды бағдарламасының басты бағыттарымен таныстырды.
Жаһандық экологиялық қызметтің негізгі векторлары туралы баяндап, табиғатты қорғау мәселесінде ғылымның маңызына ерекше тоқталған кандидат әлемде күні бүгінге дейін экологиялық проблемаларға тиісті көңіл бөлінбей келгенін айтты. Халықаралық қауымдастықтар мен мамандандырылған ұйымдардың атқарып жатқан экологиялық жұмыстары конференция, талқылаулар, шешімі жоқ даулармен ғана шектеліп отыр.
Ә.Құсайынов әлемдік өнеркәсіптің қарқынымен артып отырған техногендік апаттардың алдын алу мәселесіне жеке тоқталып өтті. Адам іс-әрекетінің табиғатқа келтірген ең үлкен залалы – жаһандық жылыну. Бұл парниктік әсер тудырып отыр.
“Әлемнің ғалымдары дабыл қағуда. XXI ғасырда, ең аз дегенде, температураның орташа жылыну деңгейі 3 градусқа жетуі мүмкін. Мұның өзі – табиғатқа аса үлкен қауіп төндіретін өзгеріс. Егер қауіпті газдардың атмосфераға таралуы тоқтатылмаса, бүгінгі өзгеріс бұдан да қорқынышты құбылысқа ұласуы мүмкін. Аталмыш болжамға сенсек, жаһандық жылыну деңгейі 6,5 градусқа жетеді. Бұл алыс болашақта емес, ертеңгі күндері-ақ орын алуы мүмкін үлкен қауіп. Дәл осы мәселеге қоғам назарын аударғым келеді”, – деді Ә.Құсайынов.
Қазіргі заманда адамдар жаңартылмайтын табиғи ресурстарды шексіз тұтына отырып, қалпына келтіруге болатын қорлардың қайта толысуына кедергі жасауда деген пікірін жеткізе келе кандидат:
“Біз әлем бойынша экология әр адамның дамуы үшін қажетті толыққанды ғылым ретінде қарастырылуын қалаймыз. Ол – тек табиғат туралы емес, ең алдымен, біздің өміріміз жайлы ғылым”, – деді.
Кездесуде сөз алған кандидаттың аймақтық штабының жетекшісі Жандос Тұсмағанбетов экологиялық мәселенің өзектілігіне тоқталды.
“Кандидатымыздың сайлауалды бағдарламасы экология мәселесіне негізделген. Бұл – әлемдегі ең өзекті тақырыптардың бірі. Біз қоғам назарын халықаралық экологиялық мәселелерге аударып, ол тек сөз жүзінде ғана емес, барлық мемлекеттердің келісілген ұстанымымен нақты қолдау көрсетуді қажет ететін шешімін күттірмейтін түйткіл екенін көрсеткіміз келеді”, – деді Ж.Тұсмағанбетов.
Кездесуді қорытындылай келе, Әбілғазы Құсайынов жиынға қатысушыларды жаһандық экологиялық мәселелерге шынайы көңіл бөлуге шақырды.