Қазақстанда жоспарланған адамдардың жартысына қызылшаға қарсы егу шаралары жүргізілмей қалды. Еліміз бойынша 15 пен 19 жас аралығындағы 500 мың адам қызылшаға қарсы егу шарасынан бас тартқан. Медицина қызметкерлері оған бұқаралық ақпарат құралдарында қызылшаға қарсы егу шаралары жасөспірімдердің ағзасына кері әсер етеді деген хабар таратылуы себеп болғандығын алға тартады. Сондықтан медицина қызметкерлері алдымен ақпараттандыру жұмысын жүргізіп, сосын науқанды жалғастыру қажеттігін айтады. Осы мақсатты көздеген астаналық профессорлар жасөспірімдермен тікелей жұмыс істейтін Солтүстік Қазақстан облысының мұғалімдерімен және психологтерімен кездесіп, ақпараттық-түсінік жұмыстарын өткізді.
Мамандардың айтуынша, қызылшаға қарсы егу шарасы тиімді. Оны әлемнің 50 дамыған елі пайдаланады, соның ішінде Қазақстан да бар. Оған пайдаланылатын дәрінің қауіпсіздігін Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мамандары растап отыр. Екпе жүргізу – вакцинамен басқарылатын жұқпалы аурулардың, соның ішінде қызылшаның алдын алудың бірден-бір тәсілі. Сондықтан мамандар бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерін бұл тақырыпты көтерген кезде қателікке бой алдырмауға шақырды.
“Қазақстанда қосымша иммундау науқаны осыдан 10 жыл бұрын жүргізілген. Соңғы деректерге сүйенсек, Астана қаласы мен Қазақстанның басқа да бірқатар өңірлерінде қызылшамен ауырғандар саны артқандығы байқалады. Зерттеу нәтижесі бойынша ауырғандардың 70 пайызы қызылшаға қарсы егілмегендер екендігі белгілі болды”, – дейді Астана медициналық университетінің балалар инфекциясы кафедрасының меңгерушісі, Қазақстан Республикасы бас балалар инфекционисі Динагүл Баешева.
Солтүстік Қазақстан облысында екпе алғандардың денсаулығы нашарлағаны туралы оқиға тіркелген жоқ. Жоспардағы адамдардың 60 пайызы қызылшаға қарсы егу шарасын қабылдаған. Тимирязев және Уәлиханов аудандарында егу жұмысы 100 пайыз жүргізілген. Келесі иммундау кезеңі мамырдың 5-інен басталады.
Ләйла ЖАНЫСОВА,
“Солтүстік Қазақстан”.