Кеңес жауынгерлерінің Екінші дүниежүзілік соғыстағы ерлік істері – таусылмас бір дастан. Жауды жайратып, еліне ең бағалы сый – бейбітшілікті тарту еткен сол кездегі батыл ұлдар мен қайсар қыздардың ерлігі олардың ұрпақтарының жадында мәңгі сақталмақ. Сол бір қаһарман күндерде өз Отаны үшін жауыз жаумен шайқасқан жауынгерлердің бірі менің атам Байтолла Аманжолов еді.
Атам Байтолла Айыртау ауданына қарасты Қызыләскер (қазіргі Құмтөккен) ауылында 1910 жылы дүниеге келіпті. Ел басына ауыр күн туады деп кім ойлаған? Бейбіт күннің шырқын бұзған неміс фашистерінің елімізге тұтқиылдан жасаған шабуылынан соң елдегі бар ер-азамат қолға қару алып, қасиетті туған жерді қорғауға аттанып жатты. Атам да соғыстың алғашқы күні-ақ, яғни 1941 жылдың шілде айында майданға кетеді. Әскерге алынып, Хабаровскідегі жаяу әскер полкіндегі бес айлық барлаушылар курсында оқыған кешегі малшы жігіт алғаш өмір мен өлім арпалысын бірінші Украин майданында, Брянск жерінде қарсы алды.
Бірде Дунайды кесіп өту операциясының алдында жаудың әскері мен техника санын барлауға және міндетті түрде “тіл” әкелуге взвод командирі, капитан Лоскутов Шығыстың қос өренін – өзбек Абдуали Ғафаров пен қазақ Байтолла Аманжоловқа тапсырма берді. Соғысқа кірген күннен бастап бұл екеуінің жұп жазбай жүретінін білетін командир әзіл-шыны аралас:
– Ал, кәнекей, бауырлар, бүгін сендерге зор сенім артып отырмын. Шақшаларыңа насыбайларыңды толтырып алып, істі мықтап тындырып келіңдер. Бәрін реттесеңдер, сыйлыққа бір қап насыбай береміз.
Көзге түрткісіз қараңғы түн. Дунайдың арғы бетінде – зұлым жау. Екі кісілік резеңке қайыққа мінген барлаушылар өзеннің ең тар тұсынан арғы бетке қарай жүзіп келеді. Олар сүт пісірім уақытта арғы жаққа да жетті. Өзеннен екі жүз метр жердегі жау бекінісіне жақындап қалған олар техникаларды санай бастады. Бірінші тапсырма осымен бітті. Енді тіл алу керек, олар мұның да амалын тапты. Түнгі тыныштықта мүлгіп тұрған күзетшіні Абдуали шымшықтың даусына салып, елең еткізді. Осы сәтте Байтолла өзімен бірге алып шыққан қыл тұзақты фашистің мойнына бір-ақ ырғытты. Сөйтіп, алғашқы жауынгерлік тапсырманы мүлтіксіз орындаған кіші сержант Аманжолов пен қатардағы жауынгер Ғафаров Даңқ орденімен марапатталды.
Араға күн салмай, Дунай үшін қиян-кескі шайқас басталып кетті. Бірер сағаттың ішінде жүздеген кеңес әскерінің жауынгерлері оққа ұшты. Олардың арасында Байтолланың жан досы Абдуали да бар еді. Ұрыс жүріп жатыр. Екі жақ та қайық пен катер үстінде. Суға батып жатқандар қаншама? Ақыры біздің әскерлер арғы бетке өтті. Ұрыста пулемётші украиндық жігіт Николай Ковальчук ауыр жарақаттанып, қатардан шықты. Сонда взвод командирі Лоскутов: “Максим” пулемётіне сен бар!” – деп, Байтолла Аманжоловқа бұйырады. Сол арада қайсар қазақ жігіті пулемёттің оғын қардай боратып, талай жауды жер жастандырды.
Бірақ ұрыс әлі тоқтаған жоқ. Кеңес жауынгерлері Польшадағы Домбровский көмір бассейні алқабында жаудың күшті қарсылығына тап болды. Жау өзеннен тағы да біраз қашықтыққа бекініс жасап алған. Өліспей берісетін түрлері көрінбейді. Тағы да атыс. Жау дзоты қарсы беттен бас көтертер емес. Ызаға булыққан командир Лоскутов: “Дзоттың үнін өшіру керек!” – дегенде: “Жолдас командир, бұл тапсырманы мен орындаймын!” – деген Байтолланың үні саңқ етті.
Ол жер бауырлап, алға жылжып келеді. Ойы – аждаһаның үнін өшіру. Оқ бораған үңгірге санаулы метрлер ғана қалды. Байтолла оң қолын құлаштай сермеді. Іс бітті. Қарапайым қазақ жігіті бұл жолғы көзсіз ерлігі үшін Қызыл Жұлдыз орденімен наградталды.
Жауынгерлер енді Польшаны азат ету үшін шайқасып жатты. Біздің әскерлер Краков қаласының түбінде тұрған. Батыл барлаушы Аманжоловқа тағы да бір жауапты тапсырма берілді. Бұл жолы ол көршілес взводтың командирі Қасымбековтің жігіттерімен бірге шықты. Көктем болғандықтан, жер мибатпақ, оның үстіне жаңбыр шелектеп құйып тұр. Бұлар үстіне немістердің желбегейлі шекпенін киіп алды. Беттерін бүркеп алғанда кімнің кім екенін де аңғару қиын.
Осылай бір топ жігіт тас жолдың бойымен қалаға қарай келе жатыр. Ерсілі-қарсылы жүрген көліктер мен мотоциклдердегі фашистер өз адамдары деп санап, оларды елер емес. Міне, қаланың шетіндегі саяжайға да таяп қалды. Осы сәтте алдарынан немістің екі күзетші солдаты кезігіп, алда келе жатқан Қасымбековке өз тілдерінде барқылдап, бірдеме дегендей болды. Қасымбеков те шүлдірлеп, бірдемелерді айтып жатты. Сөйтсе взвод командирі соғысқа дейін мектепте неміс тілінен сабақ берген екен. Ол немістерге: “Артымдағы да өз адамдарымыз, мина тексерушілер, тас жолдан мина іздеп келеміз”, – депті.
Осы жолы Қасымбеков бастаған барлаушылар тобы Краков қаласының шетіндегі астыртын ұйым мүшелерімен бірге оқ-дәрі, азық-түлік қоймасының күлін көкке ұшырып, қала комендантын ұрлап әкелді. Бұл операция аталмыш қаланы азат етуге жол ашты. Ал Аманжолов осы жолғы ерлігі үшін екінші дәрежелі Отан соғысы орденін өңіріне қадады. Одан кейін де талай ерлік жасап, Даңқ орденімен, “Ерлігі үшін” медалімен наградталады.
Атам соғысты Германия жерінде аяқтады. Кенигсберг түбінде жараланған кіші сержант Аманжолов туған ауылы Қызыләскерге өңіріне үш орден, екі жауынгерлік медаль тағып оралды. 1973 жылы құрметті еңбек демалысына шыққанша мал шаруашылығында істеп, онда да абырой биігінен көрінген қария 1987 жылы дүниеден өтті.
Батыр атамның өз аузынан естіген осындай ерлік істерін ешқашан ұмытпаймыз. Ата-әжелеріміздің арқасында тәуелсіз ел болып, терезесі тең, керегесі кең, бірлігі жарасқан Қазақстанда өмір сүріп жатқанымызға шүкір дейміз.
Дина ҚҰРМАНҒАЛИЕВА,
№2032 әскери бөлімінің қызметкері.
Петропавл қаласы.