Өңірімізде гүлге деген сұраныс 8 наурыз – Халықаралық әйелдер мерекесі қарсаңында еселеп артады. Қыз-келіншектердің көктемнің шуақты мерекесінде сүйікті жарларынан гүл күтетіні анық. Құлпырған қызғалдақтар, раушандар, мамыргүлдер мен лалагүлдер арулардың көңіл күйін көтеріп қана қоймай, қала атаулыны шырайландырып, көше біткеннің көркін кіргізеді. Петропавлда гүл өсіріп, оны сатуды табыстың кілтіне айналдырғандар аз емес.
– Біз аналар мерекесіне ерекше әзірленеміз. Соңғы жылдары гүлге онлайн тапсырыс беретіндер көбейді. Дүкендегі гүлдердің 80 пайызы көктем мен жаңарудың символы саналатын қызғалдақтардан тұрады. Қалғаны – басқа гүлдер. Классикалық раушандар, ерекше бұталы раушандар, хризантемалар, мимозалар, лимониумдерді де сатып алушылар көп, – дейді облыс орталығындағы «Весна» флористика студиясының жетекшісі Елена Семидоцких.
Халқымыз «қыздың орны төр», «қыздың жолы жіңішке» деп арулардың мәртебесін асқақтатып, сыйлаудың озық үлгісін көрсетіп келеді. Сол секілді табиғаттың тамаша тартуы – гүлдерді де сыйлаудың әдебі мен өз ережесі бар. Маманның айтуынша, «гүл тілінде» қызыл раушандар – ғашықтық сезімді жеткізсе, ақ раушан – адалдықты, сыйластықты аңғартады. Ал қызыл-ақ раушан аралас гүл шоғыр – «жүрегімнің жартысы өзіңсің» дегенді тұспалдайды. Қалампыр – алушы адамға деген сый-құрметіңіздің ерекше екенін білдірсе, нарғызгүл – иесіне табыс тілеген ниетіңізді жеткізеді. Мимоза оған көңіліңіздің барын білдіріп, аңсарыңыздың ауғанын айқындайды. Флористер адам алғашқы махаббатына мамыргүл сыйлағаны дұрыс деген пікірді алға тартады. Лалагүл алушыға деген ынтызарлық ықыласыңыздың елшісі болса, шегіргүл қызыл раушандармен қоса сыйланса, сол адамға тамсанатыныңызды сөзсіз-ақ жеткізеді. Сондай-ақ жаңадан танысқан адамға кездесудің ары қарай жалғасқанын қалайтыныңызды сездіру үшін хризантема мен орхидеядан жасақталған гүл шоғын сыйлау керек. Шығыс гүлі және сары қалампыр алған адам берушінің өзіне деген сеніміне селкеу түскен екен деп түсінсе болады. Ал көктемнің жаршысы қызғалдақ нағыз сүйікті жандарға сыйланады.
Флористер гүл шоғырындағы әр түптің санына да ден қояды. Әлем халықтарында жұп гүлдер мазар басына қойылады деген сенім қалыптасқандықтан, жинақтағы гүлдердің саны жұп болмауын қадағалау керек.
«Гүл баптайтын мамандар осы бір әсемдікті сыйлар алдында алушының жасын, талғамын, екеуара қарым-қатынастың әлеуметтік деңгейін айқындап алуға кеңес береді. Сонымен қатар гүлдердің түсі, көлемі, саны, безендірілуі де белгілі бір ниетті астарлайды. Мәселен, қызыл түсті гүлдер – ғашықтық пен махаббаттың, ақ түстісі – құрметтің, сары түс – сән-салтанаттың, күлгін түс – достықтың белгісі. Гүл сыйлаудың ережелері әлем үшін ортақ болса, кей тұсы діни, ұлттық түсінікке байланысты белгілі бір аймаққа ғана тән», – дейді Елена Семидоцких.
Флористің айтуынша, бүгінде қызғалдақтарға деген қызығушылықтың өсуі байқалады. Бұл гүлдер қарапайымдылығымен және талғампаздығымен таңғалдырады.
– Біз өз клиенттерімізге тек ең жақсы гүлдерді ұсынуға тырысамыз, сондықтан Голландия мен Эквадордың сенімді жеткізушілерімен, сондай-ақ жергілікті гүл өсірушілермен тығыз жұмыс істейміз. Бұл біздің жұмысымызда қолданылатын әр- бір компоненттің жоғары сапасын қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Жыл мезгіліне байланысты студиямызға кейде Малайзиядан экзотикалық дендробиумдар жеткізіледі, – дейді кәсіпкер.
Жалпы нәзік жандарға гүл сыйлау дәстүрі көне замандарда қалыптасқан. Ерлерге қарап сөйлеу және жүзін көрсету құқығынан айырылған Шығыстың әйелдері ішкі сезімдері мен көңіл күйлерін дәл осы гүлдердің көмегімен жеткізуді үйренеді. Гүл үнсіз әңгімелердің символына айналады. Кейінірек бұл дәстүр Еуропада кеңінен тарап, танымалдылықтың шыңына жетті. Гүл шоқтарының көмегімен адамдар айтуға батылы бармаған сөздерді, яғни біреуге деген сүйіспеншілігін, ішінде жатқан ойлары мен тілектерін жеткізіп жүрді. Уақыт өте арнайы хабарламасы бар гүл шоқтарын дайындайтын «флористер» пайда болды.
Рабиға ЕРАЛЫ,
«Soltüstık Qazaqstan».