“Қызыл Жарты Ай” қоғамының облыстық филиалының өкілдері Петропавлдағы тұрақты мекені жоқ адамдар түнейтін мекемеде болды.
Қыс бойы бұл мекеме тұрғылықты мекенжайы жоқ адамдар үшін жан сақтайтын орынға айналды. Полицейлер оларды түнеу орнына облыс орталығының құдықтарынан, жертөлелерінен, жылу трассаларының бойынан жинап әкеліп отырған. Ал әлеуметтік қызмет мамандары оларды төсек жабдықтарымен қамтамасыз етіп, емделуге көмектесуде.
“Қызыл Жарты Ай” қоғамының облыстық филиалының бас маманы Айнаш Садықова көктем келгенмен күннің әлі жылына қоймағанын, соған орай жылы киімдер әкелгендерін айтты. Сонымен қатар, мұндағылардың әрқайсысына азық-түлік пакеттері таратылды.
Шара барысында облыстық ішкі істер департаменті бастығының орынбасары, полиция полковнигі Қайрат Оразалин мен жергілікті полиция қызметінің бастығы, полиция полковнигі Қанат Айтбаев қайырымдылық ұйымының басшысы Сәуле Оразоваға алғыс білдірді.
Жылдың басынан бері 300-ден астам адам осы мекемеден уақытша пана тапқан. Кейбіреуі бірнеше апта бойы тұруда. Бір атап өтерлігі, департамент бастығы, генерал-майор Берік Біләловтың бастамасымен баспанасы жоқтар түнейтін мекеме ашылғалы соңғы төрт айда мұндай азаматтар арасында суықтан үсіп өлу фактісі тіркелмеген.
Мәдина БАЛҒАШОҚОВА,
облыстық ішкі істер департаменті баспасөз қызметінің басшысы.