Облыста “Көктем – 2023” республикалық командалық-штабтық оқу-жаттығулары өтті. Шара аясында Петропавл қаласы мен облыс аудандарында су тасқыны кезеңінде тұрғындарды төтенше жағдайлар салдарынан қорғау жұмыстары пысықталды.
Облыстық төтенше жағдайлар жөніндегі департаменттің бастығы Рамиль Камалов мамандардың табиғаттың “тосын сыйына” дайындықтарын тексеріп, су басу қаупін азайтуға жұмылдырылатын техниканың жай-күйімен танысты. Оқу-жаттығулар барысында арықтар мен су өткізгіш құбырлар тазартылып, инертті материал толтырылған қаптар жинақталды.
– Апат айтып келмейді. Су тасқынының алдын алу үшін құтқарушылармен қатар облыстағы коммуналдық кәсіпорындардың мамандары мен техникасы да сақадай сай болуы шарт. Төтенше жағдайдың алдын алудың бірден-бір жолы – қала мен ауыл көшелерін қардан уақтылы тазарту. Сонда ғана қауіптің беті сейіледі, – деген Рамиль Камалов көктемгі су тасқынына төтеп беруге барша өңір тұрғындары дайын болуы қажет екенін жеткізді.
Бүгінге дейін аудандарда арықтар мен суағарлар ақ ұлпадан тазартылып, Петропавлдың “Жас өркен”, “Береке” сынды бірқатар шағынаудандарындағы қар қаланың сыртына шығарылған. Ал су басу қаупі жоғары елді мекендерде жедел әрекет ететін штабтар құрылды. Олар аудан орталықтарында шоғырланатын болды. Бүгіндері су тасқынына төтеп беру мүмкіндігі аз ауылдар анықталды. Олардың басым бөлігі Қызылжар, Есіл және Ғабит Мүсірепов атындағы аудандарда орналасқан. Оқу-жаттығулар барысында облыстың бас құтқарушысы эвакуациялық бекеттердің жабдықталуын тексеріп, тұрғындарды қауіпті аумақтардан алып шығу жұмыстарымен танысты.
Эвакуциялық бекеттің бірі Заречный кентіндегі орта білім ордасында орналасқан. Мектепте су тасқыны кезінде қалалықтарды тамақтандыру орны, жедел медициналық көмек көрсету кабинеттері және жатын бөлмелер қарастырылған. Оқу-жаттығулар барысында жеке тұрғын үйлердегі қора-қопсылардан жануарларды эвакуациялау, оларды алдын ала белгіленген орындарға орналастыру тәсілдері пысықталды. Барлық тапсырмалар белгіленген уақытта орындалды, бұл ретте арнайы техника мен жолаушылар көлігі белсенді пайдаланылды.
Шара барысында арнайы штаб мүшелері белсенді жұмыс істеді. Құтқарушылар су тасқыны кезінде кез келген жағдайға дайын екендерін көрсетті.
Серік НАУРЫЗБАЕВ,
облыстық төтенше жағдайлар жөніндегі департаменттің бөлім бастығы.