Қазақ қазақ болғалы небір азаптарды бастан кешкені белгілі. 1925 жылдың қыркүйегінде билік басына келген Голощекин біздің елімізде “Кіші Октябрь” деп аталған науқанды ұйымдастырды. Бұл қазақ халқының еңсесін көтеретін шара емес, керісінше, езіп-жаншитын, оның басына әдейі төндірілген нәубет болатын. Сөйтіп, сол науқанның соңына ілесе 1928 жыл келді. Ол – кәмпескелеу еді. Одан әрі 1932-1933 жылдар жалғасты: елді ашаршылық жайлады.
1937-1938 жылдардың зобалаңы да ұмытылмақ емес.
“Қызыл қырғынға” тап болғандардың арасында қолдарына қалам ұстаған журналистер де болды. Қазақстанның Орталық мемлекеттік мұрағаты мен “Әділет” тарихи-ағарту қоғамы елімізде 125 журналистің саяси қуғын-сүргінге ұшырағанын анықтаған. Сол зерттеу жұмыстарында былай делінген: “Солтүстік Қазақстан облыстық “Ленин туы” газетінің редакторлары Шайдулла Молдабеков, Сейілбек Үсенов, Хасенбай Сахабин, жауапты хатшы Абдолла Садуақасов, әдеби қызметкері Жахия Уақбаев, осы газетті “Бостандық туы” аталып тұрғанда басқарып, одан Жетісудағы “Тілші” газетінің редакторы болған Сабыр Айтхожин, Солтүстік Қазақстан облыстық “Ленинское знамя” газетінің жауапты хатшысы Мария Утина, қызметкері Александр Меньшиков… секілді ондаған азаматтардың тағдыры оққа байланды”.
Кезінде қуғын-сүргінге ұшыраған қаламгерлер Сейілбек Үсенов пен Ғаббас Бегеев сияқты ағаларымыздың үстінен қозғалған істермен танысу үшін облыстық ішкі істер департаментіндегі ақпараттық-талдама орталығының бастығынан арнайы рұқсат алуыма тура келді. Мұндай құжаттар бұған дейін облыстық ұлттық қауіпсіздік департаментінде сақталатын.
Сейілбек Үсеновтің үстінен қозғалған істі қолға алдым. Ол 1905 жылы Оңтүстік Қазақстан облысында кедей шаруаның отбасында туған. Мектепті жақсы аяқтаған. Кейін Шымкент, Ташкент қалаларындағы педагогикалық техникумды, институтты бітірген. Жиырма жасында Шымкенттегі қазақ педагогикалық техникумында еңбек жолын бастаған. Одан әрі мектеп директоры, аудандық партия комитетінің хатшысы және газет редакцияларында жауапты қызметтер атқарған. 1927 жылы К “б” П-нің мүшесі атанған.
Сейілбек Үсенов 1936 жылдың тамыз айында облыстық “Ленин туы” газетінің редакторы қызметіне тағайындалады. Өкінішке қарай, ол бұл орында көп бөгелмейді. Олай болатын себебі, НКВД-ның жансыздары оның соңына шырақ алып түсіп, маза таптырмайды. Сейілбек сияқты ұлтжанды әрі лауазымды қызметтегі жанға сол алмағайып заманда жала жабу түк емес қой. Ол 1937 жылдың 4 қараша күні қызмет орнында ұсталып, қамауға алынады. Газет редакторына 1932 жылдан бастап ұлттық-фашистік ұйымның мүшесі болды, кеңес өкіметіне қарсы баспасөз беттерінде үгіт-насихат жұмыстарын жүргізді және басқа да жат әрекеттер жасады деген айыптар тағылады. Бұл сол кездегі РСФСР Қылмыстық кодексінің өте ауыр 58-бабы болғандықтан, оған әлгі баптың 4 бірдей тармағы қосылатындықтан, Сейілбектің аман қалмайтыны анық еді.
Үштіктің үкімі 1938 жылдың 25 қыркүйек күні түнгі сағат 23.55-те орындалған. Сейілбектің соңында жан жары – Фарида, балалары – 6 жастағы Калима мен 5 жастағы Сәлім қалған. Сейілбек Үсенов араға 21 жыл салып барып, 1959 жылдың 23 наурызында ақталды.
Ғаббас Бегеев деген ағамыз 1905 жылы қазіргі Жамбыл ауданының Майбалық ауылында өмірге келген. Бұл ағамыз да сауатты, беделді болған. 1926-1937 жылдар аралығында, қамауға алынғанша, К “б” П-нің мүшесі. Кеңес партия мектебінің марксизм-ленинизм курсын тамамдаған. Атқарушы органдарда жауапты қызметтерде істеген. 1936-1937 жылдары Бейнетқор аудандық (қазіргі Аққайың ауданы) “Социалистік еңбек” газетінің редакторы және облыстық “Ленин туы” газетінің меншікті тілшісі болған.
НКВД-ның жендеттері Сейілбек Үсеновке де неше түрлі жала жауып, “халық жауы” деп шығарған. Ол ұлттық-буржуазиялық, бүлікшіл-лаңкестік және диверсиялық-зиянкестік ұйымның мүшесі, Смағұл Садуақасовтың жақтаушысы деп танылған. Оның 1928 жылы байдың қызына үйленіп, той өткізгені де кінәсін ауырлата түскен.
Ақыры не керек, ол 10 жылға сотталады. С. Үсенов жазасын өтеп жүргенде елден жырақ жерде, Севастополь қаласында 1940 жылы 11 қаңтарда көз жұмған. Оның соңында іңгәлап бесікте жатқан сәби ұлы – Қайрат, 3 және 5 жастағы қыздары – Күлжан мен Күлбаршын, 8 жастағы ұлы – Қайырбек, зайыбы Биға қала берді. Зұлмат заманда тағдыры оққа байланған кінәсіз жан 1968 жылы ғана Жоғарғы соттың әскери алқасының шешімімен толық ақталды.
Иә, қазақ халқының басына түскен сол зобалаң қаралы жылдары Сейілбек Үсенов, Ғаббас Бегеев сияқты 30-дан асар-аспас жастағы қаншама арыс азаматтарымыз қыршынынан қиылды десеңізші?! Оларды ұмытуға қақымыз жоқ.
Қошан ҚАЛИ,
“Солтүстік Қазақстан”.