«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ҚЫЗЫЛ ҚҰРТТЫ ЗАҢСЫЗ АУЛАҒАНДАР ҰСТАЛДЫ

Солтүстік Қазақстан облысында бағалы шаян – artemia salina-ны заңсыз аулаған күдікті қолға түсті. Облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, Жамбыл ауданында рейдтік іс-шара кезінде 41 жастағы ауыл тұрғыны тізгіндеген «ВАЗ-2107» тоқтатылған. Көлікті тексеру кезінде артындағы тіркемеден artemia salina шаяндары салынған 9 қап табылды. Жүргізушінің жәндіктерді аулауға рұқсат құжаттары болмай шыққан. Аталған факті ҚР Қылмыстық кодексінің 335-бабы «Балық ресурстарын, басқа да су жануарларын немесе өсiмдiктерін заңсыз алу» бойынша Сотқа дейінгі тергеп-тексерудің бірыңғай тізіліміне енгізілді. Қаптар тәркіленіп, қажетті сараптамалар тағайындалды.

 Осыған ұқсас дерек Тайынша ауданында да анықталған. «Бүгінгі таңда браконьерлік үшін жауапкершілікті күшейту туралы ұсыныстар кеңінен талқылануда. Қазіргі уақытта Солтүстік Қазақстан облысында құстарды аулау маусымы ашылды. Сонымен бірге сібір елігінің текесін атуға рұқсат берілді. Бұл күндері қару ұстау және тасымалдау ережелерін бұзушылықтар кездесуде. Мәселен, Жамбыл ауданында жол талғамайтын көлік тоқтатылып, артқы орындығынан 12 калибрлі «МЦ-2112» маркалы оқталған аңшы мылтығы табылды. Жүргізушіге қатысты ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 382-бабы «Жануарлар дүниесiн пайдалану талаптарын және аң аулау қағидаларын бұзу» бойынша әкімшілік хаттама толтырылды», – деді облыстық полиция департаменті табиғатты қорғау полициясы бөлімшесінің бастығы Сергей Липко.
 Бір күн бұрын дәл осындай тәртіп бұзушылық үшін Мағжан Жұмабаев ауданының тұрғыны жауапкершілікке тартылды. Ол мылтығын қапсыз тасымалдаған. Аңшылық орнына қару оқталмаған және қапталған қалпында жеткізілуі тиіс. Аңдарды ату кезіндегі үзілісте, бір жерден екінші жерге ауысқан жағдайда оқ алынып тасталуы керек.
 Балық аулау ережелерін өрескел бұзатындар да кездеседі. Табиғатты қорғау полициясының қызметкерлері синтетикалық материалдан жасалатын қытайлық аулардың қолданылуының заңсыз екенін айтуда. Мұндай аулар жыртылып қалған соң біраз жылдар бойы су ішінде сақталып, су жануарларының өсіп-өнуіне кедергі келтіреді. Жалпы жыл басынан табиғатты қорғау полицейлері аңшылыққа қатысты 300-ден астам және балық аулауға байланысты 200-ден астам ереже бұзушылықты анықтады.

www.inform.kz


 

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp