«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ҚЫЗЫҒЫМЫЗ ДА, ҚУАНЫШЫМЫЗ ДА

Баянды бақытымыз да, күйбең тіршіліктің көлеңкелі сәттерін бір сәтке болса да ұмыттырып жіберетін қызығымыз да – балаларымыз. Содан болар, кеңпейіл халқымыз байлығын қорасындағы малымен емес, бауырындағы сәбиімен өлшеген. “Бір бала өмірге келсе, бір түп жусан артығымен шығады” деп тегін айтпаған жұртшылық бірінші маусымды өзгеше тойлайды. Бұл үрдіс Қызылжарда да жалғасын тапты.

Көңілге – шуақ, жанға – қуат сыйлайтын жаздың жадыраған алғашқы күні – балалардың халықаралық мерекесін Петропавлдағы №2 арнайы түзету мектеп-интернатының балғын тәрбиеленушілері де шат-шадыман көңіл күймен қарсы алды. Шаттыққа бөленген періште жүректерді облыс әкімінің орынбасары Анархан Дүйсенова құттықтады.  

– Бүлдіршіндерді білім нәрімен сусындатуда білгірлік пен шыдамдылық танытып отырған ұстаздар, сіздердің мейірімге, ықыласқа толы көңілдеріңіздің арқасында өңірімізде өз мүмкіндіктерін паш ете білетін, білімді, жетістікке құштар өрендер өсіп келеді. Күні кеше ғана өздеріңіз тәрбиелеген бір топ оқушы Астана қаласында өткен байқаудан жүлделі бірінші орынмен оралып, баршамызды қуантты. Олардың жеңісі мерекелік сыйлық іспетті, – дей келе, облыс әкімі Ерік Сұлтановтың атынан мектеп директоры Николай Хованскийге 500 мың теңгелік сертификатты табыс етті.

Содан кейін мектеп өнерпаздарының “Қазақстан балалары – Нұрлы жолмен” атты концерттік бағдарламасы ұсынылды.

Шара барысында балдырғандардың өз қолдарымен жасалған қолөнер бұйымдарының, оқадай зерлеп салған суреттерінің көрмесі көрсетілді. Адамдардың барлығын жақсы жан деп қабылдайтын балғындардың ойынан туындаған көркем туындылары да өз көңілдеріндей – қылаусыз, аппақ. Барлығы дерлік бұлтсыз аспанды, нәрестесін бауырына басқан мейірбан ананы, жер бетіне сәуле таратқан Күнді бейнелеуге тырысқан.

Шара соңында балдырғандар мерекелік дастарқаннан дәм татты.

Нұргүл ОҚАШЕВА,

 “Солтүстік Қазақстан”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp