«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ҚЫЗЫҚҚА ТОЛЫ ҚАЛА КҮНІ

Жексенбіде облыс орталығы Қала күнін атап өтті. Дүйім жұрттың тілегі қабыл болғандай, бұл күні табиғат-ана ерекше мейірімін төгіп, жайма-шуақ танытып, орталыққа жиналғандарға ерекше әсер берді.

Айтулы мерекенің салтанатты ашылу рәсімі сағат 11-де Орталық алаңда өтті. Бұл жерде облысымыздың өнер ұжымдарының қатысуымен Петропавл қаласының тарихынан сыр шертетін “Петропавл – мәңгі жүрегімде” атты театрландырылған қойылым жұртшылықтың назарына ұсынылды. Алдымен қазақтың қыз-жігіттерінен тұратын бишілер тобы ортаға шығып, өздерінің тамаша өнерлерімен жиналғандардың көңілін бір серпілтіп тастады. Бұл орайда жергілікті қос театрдың әртістері тұрмыс-салтымыздан үзінділерді, сол жылдары жүйелі түрде өткізіліп тұрған “Қызылжар жәрмеңкесін” тамаша сахналай білді.  

Шара барысында облыс орталығының басшысы Марат Тасмағанбетов жиналған қауымды Қала күнімен құттықтады.

– Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев елімізді, жерімізді көркейту мәселесін еш уақытта күн тәртібінен түсірген емес. Жуырда ғана аталып өткен Астана күні Қазақстанның шаттыққа толы мереке болуымен қатар, елдің кезекті даму биігіне қол жеткізген бүкіл халқымыздың үлкен жеңісі. Біздің қаламыз да – тарихи маңызы зор көркем қала.

Ол – әдет-ғұрыпты сақтап, рухани байлыққа, ризашылыққа жетелеген шаһар. Құрметті жерлестер, жайқалған қаламыз есте қалатын көркем қалаға айналсын! – деді Марат Иманбайұлы.

Бұдан кейін шаһар басшысы өңіріміздің және облыс орталығының дамуына сүбелі үлес қосқан бір топ азаматтарға Құрмет грамотасы мен Алғыс хаттар табыстады.

Одан әрі мерекелік шарада қаланың танымал өнер ұжымдары, әншілер мен бишілер, жас өнерпаздар өнер көрсетті. Омбы қаласынан арнайы келген шығармашылық ұжымдар өнерлерін паш етсе, орталық алаңда Петропавл қаласы туралы авторлық әндер фестивалі мен “Әлемдегі ең үздік қала” атты музыкалық калейдоскоп өтті. Дарын иелерінің өнерін жұртшылық қызыға тамашалады.

Қала күніне арналған мерекелік іс-шаралар легі Қазақстан Конституциясы көшесінің өн бойында өз жалғасын тапты. Сәбит Мұқанов атындағы облыстық ғылыми-әмбебап кітапхананың алдындағы шағын саябақта ұйымдастырылған “Сайра, домбыра!” атты мереке петропавлдықтар мен қала қонақтарына мерекелік көңілкүй сыйлады. Оның барысында өнерлі жастардың бірі домбырамен ән айтса, екіншілері күй орындап, көрермендердің ыстық ықыласына бөленді. Достық үйінің жанында “Менің қаламның тарихы” көрмесі мен “Менің қаламның шеберлері” атты сәндік-қолданбалы қолөнер шеберлері және қолөнершілер бұйымдарының көрмесі де қала тұрғындарының көңілінен шықты. Бұл көрмеге ағаштан, киіз бен текеметтен, матадан және тағы басқа заттардан жасалған бұйымдар, картиналар қойылды. Олардың арасында ағаштан жасалған ұлттық қолөнер туындыларына жұртшылықтың назары ерекше ауды.

– Саудаға қойған домбыра, астау, тостағандар және сазсырнайлар – Оңтүстік Қазақстан облысында тұратын Қалиқан Әбілмәжитов деген нағашымыздың шебер қолынан шыққан туындылар. Ұлттық қолөнер туындылары, әлбетте, мол сұранысқа ие, – деді сатушы Үміт Шаймұратова.

Қалалық Мәдениет және демалыс саябағында кішкентай қызылжарлықтар әдеттегідей көп болды. Балақайлар “Менің отбасым” атты отбасылық ойын бағдарламасына қызыға қатысып, мәз-мейрам болысты. Сонымен қатар, сүйікті шаһарымыздың туған күнінде назардан тыс қалмаған кішкентай бүлдіршіндер үшін арнайы өнер ұжымдары би билеп, ән шырқады. Өздері қатарлы кішкентай өнер жұлдыздарының тартуына дән риза болған сәбилердің күміс күлкісі мереке шырайын аша түсті.

Облыс орталығының жастары Тәуелсіздік стеласының маңында “Әлем халықтарының ертегілері” әуе шарларының фестиваліне, “Дог шоу” отбасылық ойын-сауық бағдарламасына белсене қатысып, “Жүректен жүрекке” атты концертті тамашалады. Бұл күні есте қалған ескі әндерді де ұмыт қалдырмаған облыстық филармония әншілері қызылжарлықтарға әсем әуеннен шашу шашып, жұртшылықтың алғысы мен қошеметіне бөленді.

Ал Пестрое көлі жағасындағы “Солтүстік жұлдызы” саябағына да халық көп ағылды. Саламатты өмір салтын ұстанушылар Нептун күніне, тарантас жарысына қатысты. Жігіттермен қатар сайысқан қыздар да өздерінің оңай қарсылас емес екендіктерін дәлелдей білді.

Отандық эстрада сахнасында өнер көрсетіп жүрген “Формат” тобы өз әндерін көрермен назарына ұсынып, Қала күніне арналған мерекелік іс-шараның соңғы нүктесін қойды. Сондай-ақ, көрермендер мерекелік отшашудың да куәгері болды.

Қанат АТАМАНОВ,

“Солтүстік Қазақстан”.

Суретті түсірген

 Амангелді БЕКМҰРАТОВ.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp