
Гүл – табиғаттың адамға сыйлаған тамаша тартуларының бірі. Әсіресе, қырдың қызыл қызғалдағын айтсаңызшы! Көрген көздің жауын алатындай әдемі, нәзік, таңғажайып қызғалдақтар – даланың да, қаланың да көркі. Өсімдіктің өлеңіне айналып, көктемнің хабаршысындай болған иісі жұпар қызғалдақ гүлдерін баптап, өсіру әркімнің қолынан келетін жеңіл шаруа емес. Бірақ осы іске ден қойып, талаптанып, тынымсыз еңбегінің арқасында мақсатына қол жеткізіп жүргендер де аз емес. Сондай еңбекқор жандар Қызылжар ауданына қарасты Петерфельд ауылында тұрады.
Ағайынды Алиевтер өсімдік шаруашылығымен осыдан бес жыл бұрын айналыса бастаған. Көш бастап, бауырларын еңбекке тартқан Аспандияр Алиев Петропавл қаласында тұрады. Қызғалдақтың қыр-сырына қанық болған ол өткен жылы бірінші рет гүлдің нақ осы түрін өсіруге бел буған. Сөйтіп, ауылдағы туған-туыстарымен ақылдасып, жылыжай салады. Голландиядан әкелінген 20 мың қызғалдақ баданасы күзде егіліп, желтоқсан айында қылтиып шыға бастайды. Жылу мен жарықты ерекше сүйетін гүлдерді сары уыз балапандай күтіп, көктемнің алғашқы мерекесінде саудаға шығарған. Бірлігі жарасқан ағайынды Алиевтер осы кәсібін биыл да жалғастырып отыр. Өткен жылы 20 мың гүл еккен болса, биыл оның санын екі есеге көбейткен.
Қыстың қытымыр суығына қарамай, нәзік гүлдерді өсіріп, өз ісін дөңгелетіп отырған Алиевтер Оңтүстік Қазақстаннан 1992 жылы көшіп келген. Ағайындылар алдымен баспана жағын біржақты етіп алған. Содан кейін бірі бастаған жұмысты екіншісі қолдап, ортақ мақсат үшін еңбек етіп жүрген жайлары бар.
– Біз гүл өсірумен бала кезімізден айналысамыз. Әдемілік әлемінің біраз сырын ашып, бір адамға жетерліктей тәжірибе жинадық десем, артық айтқаным болмас. Бірақ бұл болашақта бөлек-бөлек кетіп, жеке жұмыс істейміз деген ойымыз емес. Керісінше, “Жұмыла көтерген жүк жеңіл” дегендей, бірге жүріп, алда әлі талай асуларды бағындырамыз деп ойлаймыз, – дейді жылыжай жұмысымен айналысатын ағайындылардың бірі – Рашид Алиев.
Қызғалдақ гүлдерін өсіру жұмысын 8 наурыз Халықаралық әйелдер мерекесіне қарсы аяқтауды жоспарлаған Алиевтер еңбектен аянған емес. Жылыжайдың ішіне күні-түні пеш жағып, жасыл желектерді жылы сумен суарып отырады. Әр гүлге ерекше көңіл бөліп, жаңа туған сәбиіндей қамқорлыққа алып, мәпелеп, жағдайын жасайды.
– Гүлдердің жайқалып өсіп келе жатқанын көргенде көңілің қуанып, жаның жадырайды. Бұл қиын еңбектің тәтті жемісі, – дейді Рашид Алиев.
Бірлігі жарасқан берекелі отбасылар өнімдерін облыс орталығындағы “Лилия”, “Жасмин”, “Лала”, “Камила” деп аталатын гүлдер дүкендерінде сатады. Сонымен қатар, көрші облыстарға да саудаға шығару ойларында бар.
Биыл екі есеге көбейтілген гүлдердің алғашқы легін кәсіпкерлер ақпан айының соңында жинай бастаған. Барлығы алты түсті құрайтын қызғалдақтарды Алиевтер күн шыққанша жинап, әдемілеп қағазға орап, тиісті жерлерге жеткізеді. Қараңғы жерде жапырағын жауып, ал күндіз әп-әдемі болып ашыла түсетін қызғалдақтар тал бойы нәзіктіктен жаралған бойжеткен сияқты. Жақындаған сайын бейне бір сиқырлы күш жаныңды баурап, жүрегіңді толқытып жібереді.
Көтерме сауда бағасы бойынша бір талын 250-300 теңгеден сататын гүлдер маусымдық жұмыс болса да, Алиевтер жыл он екі ай қол қусырып отырмайды. Наурыз айы аяқталысымен қияр, қызанақ отырғызу жұмысы басталады. Бұл да өткен жылы істелген жұмыстың жалғасы. Бас-аяғы төрт жылыжайды іске қосып, қолдан келгенше өнім түрін көбейтуге талпынған Алиевтердің жұмысына қолбайлау болып отырған мәселенің бірі – ауызсу. Өмір нәріне айналған су бұл елді мекенде тұзды. Сондықтан да онымен өнімдерді суаруға болмайды. Әзірге ағайынды кәсіпкерлер таза суды ауыл маңынан көлікпен тасып жеткізіп жүр. Жаз шығып, жер кеңіген соң жылыжай қасынан ұңғыма қазуды да ойластырып қойған.
Бірінің сөзін бірі қолдап, ризықтың бұйырған дәнін еңбегімен теріп жеген бауырларды көргенде “Төртеу түгел болса, төбедегі келеді” деген нақыл сөз ойыңа еріксіз оралады екен.
Алма ҚУАНДЫҚҚЫЗЫ,
“Солтүстік Қазақстан”.
СУРЕТТЕ: Рашид Алиев жұмыс басында.
Суретті түсірген Талғат ТӘНІБАЕВ.
Қызылжар ауданы.