«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ҚЫЗҒАЛДАҚ ҒҰМЫР, ЖАУҚАЗЫН ЖЫРЛАР

Бұрнағы күні Сәбит Мұқанов атындағы облыстық ғылыми-әмбебап кітапханада өңіріміздегі қазақ баспасөзінің қарашаңырағы саналатын “Солтүстік Қазақстан” газеті ұйымдастырған Жамбыл ауданындағы Үлгі ауылының тумасы, талантты ақын Назгүл Өтенова атындағы облыстық “Қызғалдақ ғұмыр, жауқазын жырлар” атты жас ақындар мүшәйрасының қорытындысы шығарылып, жеңімпаздарды марапаттау салтанаты өтті.

Былтыр небәрі екі мүшел жасында өмірден озған ақын, журналист Назгүл Өтенованың балауса жырлары мен қоғамдық құбылыстарға қатарласа үн қосқан өткір мақалалары және естеліктер топтастырылған жинақтың тұсауы кесілген болатын. Поэзия аспанында шоқжұлдыздай жарқ етіп, жоқ болған ақынның туыстары, ұстаздары мен зиялы қауым өкілдері бас қосқан сол жиын үстінде оның есімін ұмыттырмай, жас ұрпақтың санасына шығармаларын сіңіру мақсатында әртүрлі әдеби кештер, тағылымды кездесулер, байқаулар ұйымдастырылатыны жайлы айтылған ұсыныстар қолдау тапқан еді. Газет ұжымының жауқазын жырларымен, журналистік қарым-қа­білетімен елді елең еткізген Назгүл ақын атындағы жыр мүшәйрасын өткізуі – соның айғағы.

Одан өзге кезінде өзі білім алған Мағжан Жұмабаев атындағы гуманитарлық колледжде “Туған жер” бағдарламасы шеңберінде Назгүл Өтенова есімін иеленген дәрісхананың ашылуы да талантты ақынның әруағына деген құрметтің белгісі. Әдеби жиынды ашқан Қазақстан Жазушылар одағы облыстық филиалының, “Қызылжар-Ақпарат” жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры Жарасбай Сүлейменов шараның маңызына, көздеген мақсатына тоқталып, оны жыл сайын дәстүрлі түрде ұйымдастыру қажеттігін атап өтті. Содан кейін аталмыш дәрісхананың жетекшісі Лина Ысқақова сөз алып, оның жұмысы жайлы айтып берді. Бүгінде колледжде Назгүл ақынның өмірі мен шығармашылық жолдары сыныптан тыс оқу сабағына енгізілген.

Жұртшылыққа алдымен айтыс ақыны ретінде танылған таланттың ақық армандарының ақпарақ бе­тіне түспегеніне де ширек ғасырдан асып барады. Оның сағыныш сазын қоз­ғайтын, жүрек қылын тер­бей­тін сыршыл өлең-жырлары қыз­ғалдақ ғұмырдың мәңгілік бей­несіндей ел жадында сақтаулы. Өңіріміздегі тоқырап қалған көне дәстүрдің, ана тіліміздің қайта оралуына, дамуына, жандануына үлес қосқан оның тумысынан турашыл, өршіл, намысшыл, өткір мінезі ұлтжандылық қасиеттермен біте қайнасып жатты.

Ақынның шығармаларын оқыған адам өлең-жырларынан өзіндік үн, леп аңғарады. Ой-қиялы бірде аспандап, ақша бұлттарды кезсе, енді бірде жер бауырлап, томаға-тұйық сергелдеңге түсі­реді. Жас құрақ­тай бүршік жарып, көктеп келе жатқан сыршыл жүрек Мағ­жан Жұмабаевқа, Мұқағали Мақатаевқа еліктеп өсті.

“Көгілдір оттар төрінде көлдің ойнаған,

Толқынға мініп, қызыққа самал тоймаған.

Дүниеде тылсым, осынау түннен не сезіп,

Не іздеп отыр жағада жал­ғыз ойлы адам”, – деп өрілетін келісті шумақтары аз емес.

Ол бірде “Сенесің бе, сенбейсің бе

адамға,

Түсі өзгеріп шыға келер табанда.

Қу түлкідей су төгілер үстінен,

Абыр-сабыр түсініксіз заманда”, – деп кіршіксіз таза көңілін оқырманға айқара жайып салады. Жамбыл аудандық “Ауыл арайы” газетінде еңбек жолын енді ғана бас­таған ақынның сол кездегі ана тілі туралы жанай­қайы оқыған адамды тебірентпей қой­май­ды.

“Тілім жатыр тамырынан қырқылып,

Жанарымда жасым содан тұр тұнып.

Ту­ған жұртым қалмасын деп іркіліп,

Жан жүрегім жүр ғой менің жыртылып”, – деген орамды ойлары дәл бүгінгі күннің де өзекті мәселесімен астасып жатқандай.

Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, ақын Зейнолла Әкімжанов Назгүл Өтенованың осы сияқты отты жырлары, ешкімге ұқсамайтын болмысы, ақындық шеберлігі жайлы сөз сабақтай келе, мерейлі шараны ұйымдастырып отырған редакция ұжымына алғысын білдірді. Ұстазы, ұзақ жылдар бойы Үлгі орта мектебін басқарған Бектұрған Рамазановтың шәкірті жайлы айтқан естелігі, Назгүл ақынның туған сіңлісі Айман Тельманқызының жылы лебізі жиналғандарды тебірентті.

Облыстық филармонияның әншісі Еркебұлан Қарыпов орындаған “Мен Қазақпын”, “Балқадиша” әндері кештің мазмұнын одан сайын әрлей түсті.

Өлең өлкесінде жүрген жастардың жаңа мүмкіндіктерін ашып, туындыларының жырсүйер қауымға жол табуына жол ашуды көздеген мүшәйраға қатысуға өңіріміздің түкпір-түкпірінен қырыққа жуық талапкер өтініш білдірді. Олардың туындыларын арнайы құрылған комиссия қарап, бес үміткерді жүлдеге лайық деп тапты. Жыр сайысына белсене қатысқаны үшін үш үміткерге (Алмагүл Тастанова – Мағжан Жұмабаев атындағы гуманитарлық колледждің студенті, Әлмира Әлмағамбет – әл-Фараби атындағы мектеп-лицейдің оқушысы, Самрат Құскенов – Жамбыл ауданының тумасы) Алғыс хат табыс етілді. Ынталандыру сыйлығына ие болған екі қатысушыға (Тимирязев ауданынан келген Еркін Ахметке, әл-Фараби мектеп-лицейдің оқушысы Дарина Қуанышқа) 25 мың теңгенің ақшалай сыйлығы тапсырылды. Үшінші орынды Мамлют ауданы Краснознамен орта мектебінің оқушысы Гүлжамал Сүлейменова еншілесе, павлодарлық Алтынбек Махсатқанға жүлделі екінші орын бұйырды. Бірінші орынды жас талапкер, Әбу Досмұхамбетов атындағы облыстық дарынды балаларға мамандандырылған гимназия-интернаттың оқушысы Дильфуза Қайырбекқызы жеңіп алды.

Жиын барысында жыр сайысына оқушыларын дайындаған ұстаздардың да еңбегі ескерусіз қалмады. Оларға (Әбу Досмұхамбетов атындағы облыстық дарынды балаларға мамандандырылған гимназия-интернаттың мұғалімі Сандуғаш Бәйкенова, Мағжан Жұмабаев атындағы гуманитарлық колледждің оқытушысы Лина Ысқақова, Краснознамен орта мектебінің ұстазы Светлана Егізбаева) Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің Алғыс хаты тапсырылды. Жүлдегер атанған бес өренге берілген қаржылай және заттай сыйлықтардың үшеуін газет ұжымының тағайындағанын айта кеткен жөн.

Бұл әдеби шара жүз жылға жуық тарихы бар облыстық “Солтүстік Қазақстан” газеті ұжымының жүзеге асырған алғашқы байқауы емес. Мағжан Жұмабаев, Смағұл Сәдуақасов, Сафуан Шаймерденов сияқты ұлтымыздың қадау-қадау тұлғаларының іздері сайрап жатқан рухани орда Қызылжардан түлеген қаламгерлерді еске алу, өнерлерімен, білімдерімен еліміздің дамуына зор үлес қосып, өзге өңірлерде жүрген жерлестерімізді жұртшылыққа таныту мақсатында алдағы уақытта да әртүрлі жобаларды қолға алуды көздеп отыр.

Нұргүл ОҚАШЕВА,

“Солтүстік Қазақстан”.

Суреттерді түсірген Талғат ТӘНІБАЕВ.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp