«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ҚЫЗҒАЛДАҚ-ҒҰМЫР ҮЗІЛМЕСІН ДЕСЕК…

Осыдан бір ай бұрын Ақтөбе қаласында тапа тал түсте айуанның қолына түсіп, зорлық көрген алты жасар қыз туралы барлық БАҚ өкілдері жарыса жазғанды. Соңғы ресми хабарларға сүйенсек, жәбір көрген қыз баланың жағдайы тым нашар болғандықтан, оны ұшақпен Астана қаласындағы “Ана мен бала” ұлттық ғылыми орталығына жеткізген. Көп қан жоғалтып, орталық ми жүйесі қатты зақымдануына байланысты, бейкүнә бүлдіршін арада бірнеше ай өтсе де, өз-өзіне келмеген. Әлі есін жимаған кішкентай ғана қыздың хал-жағдайын бүгінде барлық қазақстандықтар назарда ұстап, қалың қауым оның жазылып кетуіне тілектес екендерін білдіруде. Енді бірер күнде басына ақ бантигін тағып, мектеп табалдырығын аттаймын деп қуаныш құшағында жүрген қыздың өмірі бүгінде қыл үстінде тұр. Айуанның қолынан азап көрген бүлдіршіннің өмірі үшін қазір отандық дәрігерлермен қатар шетелдік ақхалаттылар да күресуде. Адам айтса сенгісіз осындай оқиғадан ел есін енді ғана жия бастағанда, ұқсас сорақылық тағы да қайталанды. Бұл жолы қылмыс басқа жақта емес, Петропавл қаласында орын алды. (Ол жайында біздің газетімізде 22 қыркүйекте) жазылды. Облыстық ішкі істер департаментінің баспасөз қызметі таратқан ресми мәліметке сүйенер болсақ, Петропавл қаласында кәмелеттік жасқа толмаған баланы зорлады деген күдікпен 44 жастағы адам ұсталған. Бүгінде ол оқшаулағышта отыр. Полиция тергеу амалдары жүріп жатқандықтан, басқа мәлімет беруден бас тартып отыр.

Мұндай жағдайларға көз жұма қарап отыруға болмайды. Баланың аты – бала. Олар жылы жымиып, еркелетіп сөйлегенге алданып қалды ма, әлде жаман ойдың жетегінде кеткен айуандар күтпеген жерден шыға келді ме, әйтеуір екі жағдайда да желкілдеп өсіп келе жатқан қызғалдақ-ғұмыр оқыста опық жеді. Көз қуанышы, жүрегінің жылуы болған баласының еңгезердей еркектен зорлық көріп, өмірінің ойраны шыққанын көру ата-аналары үшін де қандай азап, қандай ауыртпалық екенін айтудың өзі артық.

Бұрын болған жоқ па, әлде мұндай оқиғалар қоғамға жария етілмеді ме, әйтеуір соңғы кезде еліміздің түкпір-түкпірлерінде “бала зорланды” деген жайсыз мәліметтер жиі естілетін болды. Қаныпезерлердің кейбірі ауру болса, қалғандары кімдер сонда? Оларға қандай жаза қолдану керек? Жүгенсіз кеткен жауыздардан балаларды қалай қорғауға болады?

Осы жайлы оқырмандардың ой-пікірлеріне назар салайық.

Гүлден Ақмағамбетова,

қалалық білім бөлімінің әдіскері,

психолог маман:

– Бүгінгі таңда кәмелеттік жасқа толмаған балаларды зорлау фактілерінің жиілеп кеткені шындық. Кейбір адамдар мұндай жайсыз жайттарға ауру адамның ісі деп қарайды. Бірақ бұл мәселеге тура жауап беру қиын. Қалай болған күнде де мұндай қылмыс балалардың болашағына балта шабумен пара-пар. Ал ол ата-ана үшін үлкен қайғы. Психологиялық тұрғыдан алып қарағанда, өмірде кездесетін осындай оқыс оқиғадан кейін бала өзінің бастапқы жағдайына ұзақ уақыт бойы келе алмайды. Арсыздардың әрекетінен кейін баланың жан дүниесіне ауыр салмақ түсіріп, жүрегін тілгілеген жарақат өмір бойы қалып қоюы мүмкін. Сондықтан бүгінде “балаларды ондай азғындардан қалай қорғауға болады?” деген сұрақтың туындауы заңды. Маман ретінде мен әр отбасының мүшелеріне бір-біріңе жақын, қайырымды болыңдар дегенді айтар едім. Ата-аналар балаларымен ашық әңгімелесіп, бөгде адамдармен ешқандай қарым-қатынасқа бармауды айтып отырулары керек. Балалар танымайтын адаммен сөйлесуге, оларға үйдің есігін ашуға болмайтынын жақсы түсінсе, олай істемейтін болар еді. Оқушыларға подъезге, лифтіге ер адамдармен бірге кірмеуді де ескертіп отыру керек. Сонымен қатар, белгісіз адамдардың көлігіне мінбеуді, біреулер ойыншық не тәтті тағамдар берсе алмауды, олар бір жерге шақырса, баруға болмайтынын әр ұл мен қыз баланың біліп жүргені жөн.

Бақытжан Сәмиева,

облыстық іскер әйелдер қауымдастығының төрайымы,

Петропавл қалалық қоғамдық

кеңестің төрайымы:

– Әр ата-ана мәпелеп өсіріп отырған ұл-қызының амандығын тілейді. Ел аман, жұрт тынышта жайқалып өсіп келе жатқан қызғалдақ гүлдей бүлдіршіндердің ертеңіне алаңдаймыз. Өйткені, заман, қоғам сондай болып кетті. Интернетке оқтын-оқтын жарияланып тұратын жаман оқиғалар да жаға ұстатады. Шыны керек, бұрындары педофил деген терминнің не екенін ешкім білмейтін. Ал қазір оларға қатысты ақпараттарға да құлағымыз үйреніп бара жатыр. Олардың түп-тамырына балта шабу үшін, ең алдымен, заңды қатайту керек. Балғын баланың өмірін былғаған қылмыскерлер абақтыдан шыққаннан кейін де баяғы ісіне қайта оралуы мүмкін. Сондықтан мұндай жауыздарға аяушылықпен қараудың керегі жоқ.

Біреудің баласын аямаған азғындарды абақтыға қамаудың өзі жеңіл жаза. Оларды қоғамға оралған күннің өзінде жіті бақылауда ұстау керек. Қазір жағдайдың ушығып кеткені соншалық, бүгінгі таңда мұндай мәселемен біздің ел ғана емес, күллі әлем болып күресуде. Желіден алған ақпараттарға сүйенер болсақ, АҚШ-та педофилдердің көліктеріне арнайы нөмір беріліп, олар тұратын баспаналарға тақтайшалар ілініп қойылады екен. Осындай әрекет арқылы сол жерде қандай адамның тұрып жатқанын бірден білуге болады. Біреуге оғаштау көрінгенімен, бұл да балаларды қорғаудың амалы.

Бүгінгі таңда Еуропаның көптеген елінде кәмелетке толма­ған балаларды зорлағандарды жазалау­дың “химиялық сүндеттеу” түрі қолданылады.

Қылмысы дәлелденген ер адамдарды еркектік қабілетінен айыру жазасы 2018 жылдан бастап біздің елде де қолданылады. Әзірге бұл оймен келіспеушілердің көбі ондай арсыздардың аяғына біржола темірден тұсау салу үшін ату жазасына кесу керек деген ойды ұстануда.

“Ұят болады” деген сөздің біздің санамызға сіңіп алғаны соншалық кейбір кезде осындай сөз тіркестерінің кесірінен опық жеп жатамыз. Менталитеміз сондай болғандықтан ба, әлде қарапайымдылыққа, қазақылыққа салынғанымыздың себебі ме, әйтеуір, мұндай жамандықты естісек іштен тынып, балаларға айтпай, жылы жаба салуға тырысамыз. Кейбір ата-аналар, тіпті, зорлық-зомбылық туралы тақырыптарды қозғаудан қорқады. Бұл қателік. Себебі, қазір заман басқаша. Балаға дұрыс ақпарат беріп, қоғамда осындай да адамдардың болатынын, олардан қалай сақтану керектігін айтып, құлақтарына құйып отыру керек.

“Сақтансаң, сақтайды” деген дана сөз бекер айтылмаған болар. Бұл жерде психолог мамандар бауыр еті баламызды алдымен өзіміз қорғап, мейірімге бөлеп, жиі-жиі басынан сипап, “Байқап жүр, бөтен адамдармен сөйлеспе, танымайтын көлікке отырма”, – деген сөздерді ерінбей айтып отырсақ, ол санада жатталып қалатынын айтуда. Осылайша, бала жүрегіне ақылмен жол тауып, қоршаған ортада жүрген қаныпезерлерден өзін қорғауға үйретеміз.

Қасымхан Абдоллаұлы,

“Қызылжар” орталық мешітінің

наиб имамы:

– Бұл аурумен барлығымыз бірлесе отыра күрессек, оның тамырына балта шабамыз. Және ондай оқиғалар болып жатыр деген ақпараттардан гөрі, алдын алу жолдарын ойластырып, осы төңіректе жұмыстарды көбірек ұйымдастыру керек. Осы ретте педофилияға қатысты шығарылған пәтуада: “Бұл әрекет баланың еркінен тыс, әрі қорқынышты іс болғандықтан, оның дұрыс жетілуіне үлкен кедергі тудырады. Бәлки өмір бойы құтыла алмайтын жыныстық ауруларға душар болуы әбден мүмкін. Баланың психикасына әсер етеді. Отбасының беделіне, абыройына үлкен нұқсан келтіреді. Келер ұрпақтың болашағына балта шабады. Ал егер мұндай қадамға барған қылмыскер құрбандығын өлтіретін болса, сорақылығы және жазасы арта түседі. Ал шариғи жазасына тоқталатын болсақ, адамзат баласының жаратылысына қайшы әрі ауыр қылмыс болғандықтан, жазасы да өте ауыр”, – делінген. Бұл дұрыс айтылған сөздер. Белі бесіктен шықпай жатқан балаға қастандық жасау кешірілмес күнә, оның жазасы да соған лайық болуы керек.

Алма ҚУАНДЫҚҚЫЗЫ,

“Солтүстік Қазақстан”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp