«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ҚЫЗҒАНЫШТЫҢ ҚЫЗЫЛ ИТІ

Түнгі ұйқымды терезенің тарс етіп шағылған дыбысы бұзды. Сырт­тағы салқын ауа бірден төргі бөлмеге еніп, қысқы суық үй ішіне жайылып ба­рады. Шошып кеткен кішкентай қызым шыңғырып жылап жіберді. Үлкені қасы­на келіп оны жұбата бастады. Жүгіріп сынған терезеге барып едім, төменнен ауладағы көлікке асығыс отырып жатқан ер адамның бейнесін ғана көріп үл­гердім. Оның кім екенін іштей сезсем де, қыздарыма сыр білдірген жоқпын.

Үшеуіміз де таңды ұйқысыз атырдық. Қалғып кетсек тағы біреу келіп тынышымызды алардай түнімен үрпиісіп отыр­дық. Әйнекті бұзып өтіп, бөлменің дәл ортасына түскен кірпішті алып қоқысқа тастадым. Үлкенді-кішілі терезе сынық­тарын да жинай бастадым. Үйдегілер то­ңып қалмасын деп терезені уақытша қа­лың көрпешемен жапқандай болдым. Құстың ұясына кіріп, жыландай ойнақ салған желдің екпіні сонда ғана басылды. Үйдің іші ретке келгендей болғанымен ішім ұлып тұр. Өмірден көрешегін көріп, қап-қара болып, тасқа айналып кеткен жүрегім әйнекпен бірге сан мың бөлшек­ке ыдырап кеткендей күйдемін.

Адам өзінің жалғыздығын осындай сәтте шын сезінеді екен. Аспаның ашық болғанда жаныңа қорғаушының да қа­жеті шамалы. Ал қиындыққа тап болған сәтте өзіңнен басқа сенер ешкімің жоқ екенін түсінесің. Әуел баста мен өзімнің жалғыз емес екеніме сенетінмін. Жиыр­ма бір жасымда күйеуге шығып, 10 жыл отбасылық өмірді бастан өткердім. Алайда сезіміміз сол сәтте сөніп, ажыра­судан басқа жол қалмағандай көрінді. Күйеуім кеткен соң екі қызыммен бірге жалғыз қалдым. Бар мейірімімді соларға төгуге тырысып, тек солар үшін жұмыс істедім. Бүгінде екі баламның үлкені сту­дент атанған. Кішісі мектепте оқиды. Түптің түбінде екеуі де теңін тауып, бас­қа шаңырақтың отын жағатыны белгілі. Осыны ойласам көңілім жабырқап, ең­сеп түсіп кетеді. Көрші үйдегі кейуана сияқты өлімді жалғыз қарсы алғым кел­мейді. Көңіл қосатын жақсы адам табу туралы айтқан туыстарым да, құрбыла­рым да болды. Олардың бұл кеңесіне не деп жауап берерімді білмей, өзімді ажы­расқаным үшін айыптағандай күй ке­шетінмін. Осындай күндердің бірінде шын махаббатым деп қол ұстасқан ада­мымның отбасыма тек қиындық қана әкелерін неге білмегенмін?

Адам деген күрделі жаратылыс қой. Кейде қасыңда жылдар бойы жүрген жанның шын мәнінде қандай екенін білмей қалуымыз мүмкін. Ал өмірде бірінші рет кездескен адам туралы не ай­туға болады? Әу баста Сәрсен жүрегі жұмсақ, жүзі жылы сияқты көрінді. Бәлкім алғаш жолыққан сәтте оның кө­мегін көрген соң солай ойлаған шығар­мын. Жаңбырлы күні аялдама алдына тоқтап, үйіме жеткізіп тастаған ер адам­мен әңгімеміз бірден жараса кетті. Көліктегі таныстықтан кейін екеуіміз бір-бірімізбен қимай қоштастық.

Келесі күні жұмыста отырсам теле­фоным шыр ете қалды. Бейтаныс нөмір­ден қоңырау шалған кеше танысқан Сәрсен екен. Менің нөмірімді қайдан алғаны белгісіз. Аз-кем сөйлескеннен кейін кешке кездескісі келетінін айтты. Мен мұндай тосын ұсынысты күтпеген едім. Не дерімді білмей, жұмыстың көптігін сылтау етіп тұтқаны қоя сал­дым. Сол күні Сәрсен бірнеше рет хабар­ласты. Танысқаныма бір-ақ күн болған адаммен кездескім келмегенімен, бастартудың жолып таппадым. Алғаш көр­генде-ақ жылы ұшыраған адамды ренжітіп алғым келмей амалсыз келістім.

Сәрсен кездесуге мұқият дайында­лыпты. Бір құшақ гүл, кешкі ас, әсерлі кездесу. Мен оның маған деген сезімі бар екенін түсініп, одан сайын қысыл­дым. Екі баланың анасы бола тұра басқа біреумен мейрамханадағы кешкі аста отыруға ыңғайсыздандым. Сәрсен қан­ша құрмет көрсетіп, ықылас білдіріп жатса да, үйге баруым керек екенін ай­тып, көп отырмай кетіп қалдым. Оның жақсы адам екенін сезсем де, бірге бола алмайтынымызды біліп тұрмын.

Кездесудегі қылығымнан кейін Сәрсен енді маған хабарласпай­тын шығар деп ойладым. Өзім де оны ұмыта бастадым. Алайда арада бір апта өтпей телефоным тағы шырылдады. Тағы да кездестік. Қасымдағы адамның қызықты әңгімесі, маған деген ерекше назары жанымды баурай бастады. Осы­лай бірте-бірте арамыз жақындай түсті. Мен үшін Сәрсен жаны таза, жүрегі жылы адам болып көрінді.

Екеуіміз бірнеше ай бойы кездесіп жүрдік. Сәрсен ешнәрсеге қарамастан менімен бірге болғысы келетінін айтып, бұл тақырыпты жиі қозғай бастады. Бір өзі екі бала тәрбиелеп отырған маған мұндай қадам жасау оңай емес еді. Ақы­ры бар жігерімді бойға жиып, Сәрсенді қыздарыммен таныстырдым. Ол бірден балаларды жақын тартып, көңілдерінен шықты. Қыздарымның күлімдеген жүзін көріп, менің де жүрегім тыныштық тап­ты. Сол сәттен бастап Сәрсен үйге жиі келетін болды. Балалар оны әкесіндей көріп, келген сайын қуана қарсы алады. Алайда сонда да мен екінші рет жар ата­нуға дайын емес едім. Ал ол болса күн өткен сайын мені асықтырып, бір отба­сы болуға көндіргісі келді. Мен әлі де уа­қыт керек екенін айтып, бұл тақырыпта сөйлесуден қашатын болдым.

Әрқашан менімен сыпайы әрі байсалды сөйлесуге тырысатын Сәрсен бір күні мен күтпеген әңгіменің шетін шы­ғарды.

– Әлде сенің көңілің қалаған басқа біреуің бар ма? Үйлену туралы сөз қозға­сам, неге қашқақтай бересің? – деген сөзін естігенде не дерімді білмей қаттым да қалдым. Дәл алдымда сабырлы, жүзі­нен мейірім төгілген Сәрсен емес, басқа адам тұрғандай.

– Әзілің шығар, сен де қай-қайдағыны айтасың, – деймін әңгімені жұм­сартпақ болып.

Мұнысының қалжың емес екенін тү­нерген жүзінен түсіне қойдым. Танысқанымызға бірнеше ай ғана болған адам­ның алдында ақталғым келмеді. Бір жа­ғынан соншалық ерсі сұрақ қойғанына өкпелеп қалдым.

Осыдан кейін Сәрсеннің қызға­нышы үдей түсті. Қайда барға­нымды, кімдермен кездескенімді тәптіштеп сұрап, қоңырауға жауап бер­месем дауыс көтеретінді шығарды. Тіпті бір жаққа баратын болсам одан рұқсат сұрайтын күйге жеттім. Алғашында қам­қор, қайырымды болып көрінген ада­мым нағыз қызғаншақтың өзі болып шықты. Бұлай жалғаса беруі мүмкін емесін түсінген соң, онымен бар қатына­сымды үзбек ниетімді білдірдім. Алайда Сәрсенге бұл ойым ұнай қойған жоқ. Не десем де менсіз өмір сүре алмайтынын айтып тұрып алды. Ал мен әр қадамым­ды аңдып отыратын қызғаншақ адаммен тағдырымды бір арнаға тоғыстыра ал­майтын едім.

Қош айтысқысы келмеген Сәрсен қайда барсам да соңымнан қалмайтын­ды шығарды. Бірде жұмысқа барғанда, бірде дүкенде, тіпті үйден шыққанда ал­дымда тұрады. Кешірім сұрап, өзін тас­тамауымды өтініп, жібергісі келмейді. Бұл әрекеті жүрегімді жібітудің орнына одан сайын ашуымды келтіреді. Жас бала сияқты ізімді аңдып, бір елі қалмай­тыны несі?

Бір күні Сәрсен маған айтпай үлкен қызыммен жолығыпты. Оған мені көргісі келетінін айтып, кездесуімді өтініпті. Мектептен келе жатқанда кіші қызыма да сол сарындағы өтінішін жеткізіпті. Осы сәттен бастап мен қыз­дарымның қауіпсіздігі үшін алаңдай бас­тадым. Ол менің ғана емес, балалардың да қайда жүргенін аңдып отырады екен. Шектен шыққаны соншалықты, менің әріптестеріме де хабарласыпты. Бұл ісі ашуымды тудырып, онымен сөйлесуден үзілді-кесілді бас тарттым. Соған қара­мастан отбасымды аңдуын тоқтатқан жоқ.

Көзін шел басқан Сәрсен мені көнді­рудің небір айла-тәсіліне барды. Тіпті қорқытып-үркітуден де тайынған жоқ. Бір кеште үйдің алдына келіп, қайта-қайта есік қағып тұрып алды. Айқайлап мені шақырды. Оны мұндай күйде үйге кіргізгім келмеді. Көршілердің мазасын алмасын деп өзім сыртқа шығып, кетуін сұрадым. Ол одан бетер ашуланып, өз-өзіне ие бола алмай кетті. Дір-дір еткен алақанын көтеріп, мені ұрып жіберді. Өмірімде мұндай қорлық көрмеген мен жан даусым шығып айқайлай бастадым. Қатты дауысты естіген көршілер есік ал­дына шығып, арашалап алды. Сөйткен Сәрсен енді міне, түн ішінде тереземізді сындырып кетті. Бұған шыдамаған мен ертеңіне полицияға арыз жазып, болған оқиғаның бәрін баян еттім. Көп ұзамай Сәрсен ұсталып, жазасын алды. Мейірімді жандардың қолдауының ар­қасында мен қалыпты өміріме қайта оралып, өз-өзіме келдім. Менің қинал­ғаным ештеңе емес қой, осының бәріне куәгер болған қыздарымның жайына алаңдаймын.

Неге мен дәл осындай адамға жолық­тым екен? Бұл жай ғана кездейсоқтық па әлде маңдайға жазылған қиындық па? Тағдырдың тарам-тарам жолы мен беймәлім заңын түсінуге біздей бейбақ­тың ақылы жетпейтін шығар.

Дайындаған

Диас АЯҒАН,

«Soltüstık Qazaqstan».

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp