«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ҚЫЗ АЛЫП ҚАШУҒА ҚАЛАЙ ҚАРАЙСЫЗ?

“Шаңырақтың” өткен санында (№78) “Айтайын дегенім …” айдарымен “Ұрланған бақыт” тақырыбында мақала жарық көрген болатын. Автор (Әлия Бекенова, Уәлиханов ауданы) мақаласында: “Мен де өзге бойжеткендердей жан-жүрегіммен қалаған жанға тұрмысқа шықсам деп армандаушы едім. Еркімнен тыс басыма орамал салынған күні бақытты болашақ туралы қиялымның күлпаршасы шықты”, – деп әңгімесін бастай келе, небәрі 17 жасында еріксіз тұрмысқа шыққанын баяндаған. Бүгінде ескі дәстүр болып саналса да, әлі күнге тоқтатылмай келе жатқан еріксіз қыз алып қашу салтының құрбаны болған автордың мақаласы көпшіліктің ойын қозғады. Осыған байланысты “Еріксіз қыз алып қашу” тақырыбы төңірегінде бірнеше оқырмандарымыз хабарласып, өз ойларын жеткізді.

Жұлдыз Қазиева,  

34 жаста:

– “Ұрланған бақыт” мақаласын оқығанда, шыны керек, жүрегім сыздап сала берді. Танымайтын, мүлдем білмейтін жігітке қалай ғана тұрмысқа шығасың? Бұл біреудің тағдырына балта шабумен пара-пар. Тіпті, қылмыс деп те айтуға болады. Сондықтан да ондай сорақылыққа жол беруге болмайды. Мен өзім екі қыз бен ұл өсіріп, тәрбиелеп отырған анамын. Оларды қазақтың салт-дәстүрімен тәрбиелеп, құтты орындарына қондырғанша “қызығым” деп күн түсірмеуге тырысып бағудамыз. Әрбір ата-ана сияқты, мен де қарлығаштарымның бақытты болғанын қалаймын. Өздері қалаған жігіттеріне тұрмысқа шығып, үйлі-баранды болғандарын көрудің өзі бір бақыт емес пе?! Әрине, қазақта қыз алып қашу салты болған және қазір де бар. Бірақ көп жағдайда бұл “жоспар” қыздың келісімімен жүзеге асады.

Мен өзім де солай тұрмысқа шыққам. Туған күнім – 1 сәуір. Ол күні әдетте адамдар бір-бірін алдап, мәз-мейрам болады. Осындай қызықты қос мерекеге орай жігітім (қазіргі жарым) – Жәнібек мені дәмханаға шақырды. Айтқан уақытында барсам, біраз жолдас-жоралар жиналып қалған екен. Арада 2-3 сағат өткен соң көлікпен түнгі қаланы аралауға шықтық. Қаланың “қызығы” таусылған соң қасымыздағы достарымыз “енді табиғатқа шығайық, ауыл жақты көрейік” дегендей, ұсыныстар айтып, ақырында мені алып қашқан. Осылайша 1 сәуір біздің отбасылық үлкен мерекемізге айналды.

Бұрын сөз байласып жүрген жігітіме тұрмысқа шыққалы тұрсам да, шыны керек, басыма орамал салған сәтте жүрегім алай-дүлей сезімге бөленді. Ал енді бірінші рет көріп тұрған адамға еріксіз тұрмысқа шыққан қыздардың басынан өткергенін, тіпті, көз алдыңа елестетудің өзі қорқынышты. Әр адамның бақытты болуға құқығы бар. Сондықтан да келісімсіз қыз алып қашу заңмен қудалануы керек.

Нәзира Сарсенова,

28 жаста:

– Әрбір қыз бала өзін ханшайым деп санайды. Сондықтан да күндердің бір күнінде ертегі әлемінен ақ боз ат мінген ханзаданың келерін біледі, тосады. Өйткені, қыз бала – жат-жұрттық. Ерте ме, кеш пе – басқа үйдің босағасын аттап, келін болып түсері жазылмаған заңдылық. Бірақ, дәл “Ұрланған бақыт” мақаласындағыдай еркінен тыс алып қашып, аяқ астына орамал тастап, қарғыспен қорқытқанды ешбір қыздың басына бермесін! Сондай жағдай болған күннің өзінде де психологиялық жағынан көрсетілген қысымға жол беруге болмайды. Ең бастысы, қыздар өзінің болашағын ойлауы керек. Егер шынымен де, алып қашқан жігітті ұнатпаса, өзінің басқа бір сөз байласқан адамы болса, түрлі нәрселермен қорқытқанға көне салуға болмайды. Адам құқығын қорғайтын заң бар, ол жағын да ұмытпау керек.

Бұл жерде айта кететін тағы бір маңызды мәселе бар. Ол – материалдық жағдай. Егер жігіт бақуатты болса, баспана, жұмыс жағы көңілден шықса, байбалам салудың да қажеті жоқ сияқты. Бақытты бағалай білу керек, кейбір кезде сүйіп қосылған адамдардың өзі бір шаңырақ астында тұра алмай, ажырасып жатады ғой. Сол орайда барлық нәрсеге шыдамдылықпен, сабырлылықпен қараған дұрыс сияқты.

Жасұлан Ыбыраев,

35 жаста:

– Қыз алып қашуды қылмысқа теңеу тым қатты айтылған сияқты. Өйткені, жігіт ондай қадамға біреуді ұнатқаннан бармай ма? Сүйгеніңе қолың жетпей, сыртынан ғашық болып жүрсең, алып қашқанның несі айып? Мен болашақ жарымды сыртынан көріп, ұнаттым. Өтінішім бойынша екеумізді достарым таныстырған соң біраз уақыт араласып жүрдік. Бірақ үйлену туралы ұсыныс айтқан кезімде ол ойланып қалды, бірақ ешқандай жауап бермеді. Осылай арада біраз уақыт өтті. Оның жауабын күтіп жүре берсем, бақыт құсы басқаның қолына кетіп қаларын іштей сездім. Сөйтіп, бір күні оны жұмысынан тосып алып, көлікке мінгізген бойда алып қаштым. Басында келісім бермесе де, сөйлесіп, оған деген шынайы махаббатым жайында айтқанда көнді. Бүгінде отбасын құрғанымызға 6 жыл болды. Қазір ұл мен қыз тәрбиелеп отырмыз. Менің ойымша, қыз алып қашқанда ең бастысы, жігіттің сезімі шынайы болсын. Сол кезде ғана ол жарын бақытты ету үшін қолдан келгеннің барлығын істейді. Ал ондай азаматты неге жақсы көрмеске?!

Мәрзия Маекенова,

көпбалалы ана, 75 жаста:

– Қазір заман да, адам да басқаша. Жастар өз қалаулары бойынша тұрмысқа шығып, отау құрады. Біздің кезде өмірлік жарын таңдауға ұл-қыздардың ешқандай еркі болмайтын. Ондай жауапты қадам ата-ананың қатысуымен ғана жүзеге асатын. Оның өзіндік бір тәрбиелік мәні де бар. Яғни, үлкендер жағы жеті атаға дейін жастардың бір-біріне үйленбеуін қадағалап отырған. Мен өзім 17 жасымда тұрмысқа шықтым. Әкем мен болашақ қайын атам – бұрыннан таныс болған адамдар. “Бір үйде ұл, екіншісінде қыз бала бар” дегендей, әдемі әңгіме арасында үлкендер құда болсақ деген ойларын ортаға салыпты. Сөйтіп, мен сыртынан ғана танығаныммен, сырын білмейтін жігітке тұрмысқа ұзатылдым.

Отағасы екеуміз 57 жыл бойы бір шаңырақ астында тұрдық. Алты бала өсіріп, жеткіздік. Қазір немере, шөбере көріп отырған жайым бар. Отағасы осыдан 3 жыл бұрын дүние салды. Жас кезімізде әкелеріміздің қалауымен үйленсек те, бақыттың кілті сыйластықта екенін түсіндік. Маған өмір бойы қамқоршы, балаларымызға ақылшы бола білген азаматқа тұрмысқа шыққаным үшін тағдырыма ризамын. Әрине, үй болған соң ыдыс-аяқ сылдырламай тұрмайды. Оның бәріне шыдамдылықпен қарау керек. Отбасылық өмірде көп нәрсе әйел адамның қолында екенін ұмытпаған жөн. Отағасына қашанда сыйластықпен қарап, мейірімді, сабырлы бола білсе, әйелдің мерейі артады. Сол жағына қыз-келіншектер көп ден қойса, нұр үстіне нұр болар еді.

Маржан Өтенова,

24 жаста:

– Еріксіз қыз алып қашу дегенге өз басым үзілді-кесілді қарсымын. Ол адамның намысын қорлау, жеке басына қол сұғу. Әлі есімде, 2008 жылы (газеттің №107 санында ) бұл тақырып төңірегінде аталмыш газет тілшісі Арайлым Бейсенбаева үлкен мақала жазған болатынды. “Құранмен қорқыту – күнә, ал қызды еріксіз алып қашу – ерлік емес, ездік” деген тақырыпта шыққан дүниелігінде журналист елдің аманында, заманның тыныш кезінде еркінен тыс келін болып түскен қыз баланың тағдырын баяндайды. Әкесі келіп, қызын алып кеткісі келгенде 80-нен асқан қарт ана болашақ келінінің аяғының астына Құран тастаған. Қасиетті Құранды аттап өтуге кімнің дәті барсын? Қыз бала өзі ұнатпаса да, қарияның сөзінен қорқып, көнуден басқа амалы қалмаған. Осындай аянышты тағдырды оқыған кезде жүрегің ауырады. Бұл деген біреуге қасақана жасалып отырған қылмыс сияқты.

Адамдар бір-бірін ұнатып, үйленсе ғана үй болмай ма? Жалпы, қызды еркінен тыс алып қашу, Құранмен қорқыту дегеннің барлығы – ескіліктің көзі. Қазір адам да, заман да өзгерді. Өркениетті ел боламыз десек, мұндай келеңсіз оқиғаларға жол беруге болмайды.

Дайындаған

Алма ҚУАНДЫҚҚЫЗЫ,

“Солтүстік Қазақстан”.

Суреттерді түсірген

  Амангелді БЕКМҰРАТОВ.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp