«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

“ҚЫЗ – ЖАҒАДАҒЫ ҚҰНДЫЗ” ДЕСЕК ТЕ…

“Халықтық педагогика” деген ұғым өмірге Тәуелсіздіктің алғашқы жылдары келген болатын. Сол кезден бастап күнделікті өтіп жататын облыс көлеміндегі түрлі педагогикалық конференция, семинарларда осы сөздер жиі айтылатын болды. Бұл ұғымға ғылыми тұрғыдан берілген анықтама жоқ, бірақ өзіміз ұлттық тәрбие деп түсінетінбіз. Содан бері едәуір уақыт өтті. Алайда, тындырылған істердің нәтижесі көңіл көншітпейді. Үлкендер де түрлі отырыстарда осы мәселені жиі қозғайды. Қоғамымызда үлкендерді сыйламаушылық, дөрекілік, нашақорлық, темекі шегу, маскүнемдік, тастанды балалар, жеңіл жүрісті қыздардың болуы сияқты ұлтымызға тән емес олқылықтардың орын алуы жастар, оның ішінде қыздар тәрбиесін әлсіретіп алғанымызды айқындап отыр.

Жуырда КТК телеарнасы Оңтүстік Қазақстан өңірінде мектепте оқитын қыздардың төбелесіп, алысып-жұлысып, боқтасып, бір-бірінің денелеріне жарақат салғандарына дейін көрсетті. Жағаңды ұстайсың! Әлбетте ұлттық дәстүрдің қаймағы бұзылмаған орта оңтүстік аймақ деп білсек, жан түршігерлік осындай оқиғаның сол өңірде болып жатуы ойландырмай қоймайды.

Қазақ ауыз әдебиетінде, жазушылардың шығармаларында түр-тұлғасы мен мінез-құлқы тең келген Баян, Жібек, Айман, Шұға, Қамар, Ұлпан сияқты қыздарды ел әсемдік пен ақылдылықтың символындай көрген. Олардың күні бүгінге дейін қазақ қыздарына үлгі ретінде мектеп хрестоматиясынан түспей, оқытылып келе жатуының себебі де осы. Мұның өзі ғасырлар бойы сақталып, бізге жеткен халқымыздың ұлттық тәрбие негіздерінің еш уақытта маңыздылығы жойылмайтындығының дәлелі.

Қазақта қыз баланы бір отбасы емес, бүкіл ауыл тәрбиелеген, оған сүйсіне қарап, қамқорлық жасауды дағдыға айналдырған. Бір елден ұзатылған қыз жас кезінде де, есейгенде де, “сол елдің қызы” болып аталады. Ел адамдары оған “қызымыз” деп қарап, құрметтейтін болған, жасы кішілері “апамыз” деп қадірлеген. “Қыз бала – қонақ” деп төрден орын берген. Ақылды, парасатты, көркіне ақылы сай қыздарды әр отбасы кейінгілерге үлгі етіп, жақсы, жағымды істерін, ар мен намыс, ұят сияқты ұғымдарды саналарына сіңіріп отырған. Қандай тамаша өнеге!

Қыздың санасына ұлттық тәрбиені сіңіруші – анасы. Қызын еңбекке, үй ішіндегі ұсақ-түйек шаруаға қатыстыра отыра, олардың арасында жарасымды қатынас орнаған, татулықтары қандай болушы еді!

Бүгінгі күні жағдайымыз жақсарып, дүниенің жеткілікті болып отырған заманында қыз балалар үшін ұлттық салт-дәстүрімізді білу, оның мәнін түсіну қоғам үшін өзекті мәселеге айналып отыр, себебі, еліміздің ертеңгі ұрпақ тәрбиешісі, ұлттық рухты уағыздайтындар осы ару қыздарымыз емес пе?! Ұлттық тамаша қасиеттерді бойына жинақтаған тәрбиелі қыздар ғана қазақтың қазақ болып сақталып қалуына үлкен үлес қоса алады. Кезінде қазақтың ғұлама жазушысы Мұхтар Әуезов “Адамдық негізі – әйел” деген очеркінде үйдің берекесі, жылуы, тұрақтылығы, бірлігі мен татулығы әйелге қатысты екенін зор көрегендікпен айтқан. “Ел болам десең – бесігіңді түзе!” – деген Әуезов сөзі өмір бойы халықтық болып кеткені де сондықтан. Сол сөздің астарында бесік иесі ана болғандықтан, қыз балаларға да қатысты екені анық аңғарылады.

Отбасында қыз бала – анаға үлкен қолқанат, істегені – анаға, үйренгені өзіне жақсы. Бір айта кететін мәселе: бүгінгі заманда әр отбасында бала саны екеуден аспайды. Сондықтан бәрі де ерке болып өсуде. Кей үйдің ерке қыздары шаштары дудырап, бастары ісіп, түске дейін ұйықтауды жақсы көреді (әсіресе, демалыс күндері). Сосын мойындары еш нәрсеге жар бермей, түк істегілері келмей, теледидардың алдында отырады да қояды.

Анасынан дұрыс тәрбие алған қыз ертең енесіне де “анам” деп қарайтын болады. Отбасындағы әйелдің рөліне қатысты тәлімді, ұлттық құндылықтарды, салт-дәстүрлерді сақтауды енесінен үйренеді. Келін алған ене де келінін өзіне тән жан жылулығымен тәрбиелеуге тиіс. Онсыз да “Әлде қандай боламын” деп, күдікпен келген жас қызға енесі алғашқы күннен жылы қабақ танытып, оның кем-кетігін жіпке тізбей, өзіне баурап алса, келіннің де келген отбасына сенімі молайып, елін, жерін, отбасын құрметтейтін сыйлы, берекелі, өнегелі отанасы, мейірімді анаға айналады.

Өкінішке қарай, бүгінгі таңда қыздар арасында кездесетін теріс жолға түсу, зиянды істермен айналысу сияқты әрекеттер етек алып барады. Бүгінгі ару қыз – ертеңгі өмірге ұрпақ әкелетін ардақты ана. Он екіде бір гүлі ашылмай жатып, осылай өз өмірін бүлдіріп алған қыздар келешекте не болмақ? Еліміздің болашағы не болады? Денсаулығына дұрыс қарамаған қыздар ертең нәресте көтере алмай, бір отбасының күйігіне айналады.

Ақпарат құралдарынан: сәбиін қоқыс жәшігіне апарып тастау, біреудің есігінің алдына тастап кету, сәбилерін сату, т.б. жайсыз іс-әрекеттерді көрсету жиілеп кетті. Оған да етіміз үйреніп барады, бас шайқаймыз да қоямыз. Бұрынғы сауаты жоқ ата-бабаларымыз осындай сұмдықтарға жол беріп пе еді?! Білім-ғылымның озған заманында мұндай оқиғалардың жиі қайталанып жатқанына не себеп?

Ауыл – алтын бесік, ұлттық тәрбиенің ордасы. Сол ауылдан шыққан қыздар отбасында дұрыс тәрбие алғанымен, қалаға келген соң, әр нәрсеге еліктеп, өзіне-өзі ие бола алмай, үстіне не болса соны киеді, орынсыз боянады. Қандай ортада болсын, өздерін өте еркін ұстайды. Ашық-шашық жүру, орысша-қазақша араластырып сөйлеу, барқылдап күлу, үлкендермен тайталасу, анасын тыңдамау, біреумен шаңқылдасып ұрысу, т.б. “Әй” дейтін әже, “қой” дейтін қожа жоқтың кебін киеді. Мұның бәрі – тәрбиелі қазақ қызына жат қылық. Соның әсерінен қыздардың көбі жаңсақ басып, тағдыр тәлкегіне ұшырайды. Қазақта “қызға қырық үйден тыю” деген данышпандылықпен айтылған сөз бар. Қыз да, ана да осы сөзді ұдайы есте сақтаулары керек.

Жастар тәрбиесінде мектептің рөлі зор екені айтпасақ та түсінікті. Демек, оқушылардың “екінші ата-анасы” болып табылатын ұстаздары олардың әрекеттерін қадағалап, ұлттық тәлім-тәрбие жалғасын тауып жатса, нұр үстіне нұр болар еді.

Өкінішке қарай, мектепте оқитын қыздардың киінуі де көңіл көншітерліктей емес. Оның бір себебі, әлі күнге оқушылардың бірыңғай мектеп формасы енгізілген жоқ. Содан да, әсіресе, қала қыздары сән қуады. Бұл жағынан біздің мектептің қалыпқа түскен жайы бар.

Заман ағымына сай бүгінгі күні қыз-келіншектердің бәрі отбасының асыраушысына айналды. Мұның өзі олардың ұрпақ тәрбиесінен шеттеуіне әкеліп соқтыруда. “Ұл мен қыз бар ма, бар, жүр ме, жүр”. Үйдегі баланың не істеп жатқаны, мектепте не бітіріп жүр, не үшін “2” алды, не үшін “5” алды, онда ешкімнің шаруасы жоқ. Сөйтіп жүргенде, ұл ержетеді, қыз бойжетеді. Тек 11-сыныпты бітірерде ғана ата-анасы ес жинайды. Бұл “Барлық ата-аналар осындай” деген сөз емес, алайда, кездесетін жағдай болған соң, тілге тиек етіп отырмын.

Ұлттық тәрбие дегеніміз – қазақ деген халықтың не бір тамаша қасиеттерді ұрпақ бойына сіңіру. Халқымыздың сан ғасырдан бергі даналығына құлақ салсақ: “Адамның бақыты – балада”, деген екен. Кез келген адам өзі өмір бойы қуып жете алмайтын бақыт деген құдіретті сөздің өлшемі өмірінің жалғасы ұрпағымен келетініне мән бермеуі мүмкін. Біреу бақытты байлықтан тапқысы келсе, екінші біреуі даңқ пен атақтан, мансап пен қызметтен іздейді. Мұның бәрі – түсінген адамға қолдың кірі сияқты нәрсе. Адамға нағыз бақытты тәрбиелі ұрпағы ғана сыйлай алады.

“Адам ұрпағымен мың жасайды” деген сөз тегін айтылмаса керек. Ұлы ұлағаттылығымен, қызы қылығымен ел аузында жүрген ата-ананың көңіл күйі қандай болатынын айтып жату артық болар. Ұлы мен қызы бетін күйдірген ата-ана “жердің астымен” күн кешеді. Өз балаларын дұрыс тәрбиелеген ата-ана өзін бақытты кәрілікпен қамтамасыз етеді. Ал егер бала тәрбиесіне көңіл бөлмей, немқұрайды қарайтын болса, кәрілігі қайғы мен сордың құрсауында қалады. Сондықтан бәріміз де ертеңгі болашақ иелерінің тәрбиесін ойлайық. Ұл-қыз ата-анасын қуанышқа бөлеп, бақытқа жеткізу үшін ең әуелі, әдепті болуы керек. Қыздарға қаталдық жасаудың қажеті жоқ, өйткені, олардың жаны өте нәзік келеді. Қаталдықпен адамды адам ете алмайсың. Қатыгездік оларды ашындырады, жүрегіне өшпенділік тудырады. Олармен тек қана жұмсақ сөйлесе білу керек. Жұмсақ қаттыны жеңеді. Тек Алла сана берсін.

Қазақстанның дамуына үлес қосатын, әлеуметтік өркениетке көтерілетін білімді де мәдениетті, парасатты, денсаулығы мықты, сұлу да сымбатты ару қыздарымызды тәрбиелеуде ағаттыққа жол бермейік. Қоғам, мектептердегі ұстаздар мен ата-аналар қауымының бүгінгі таңдағы баға жетпес міндеті осы болсын. Тәуелсіз мемлекетіміздің тізгінін ұстайтын азаматтарды тәрбиелеуде ғасырлар бойы пайдаланып келе жатқан халықтық салт-дәстүр мен ұлттық тәрбиенің бүгінгі күнде де орны ерекше құндылық екенін ұмытпайық!

Әлия ҒАЛЫМҚЫЗЫ,

Әбу Досмұхамбетов атындағы облыстық гимназия-интернаттың

мұғалімі, педагогикалық еңбектің ардагері.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp