“Балалы үй – базар” деп халық тегін айтпаған. Шаңырағы шуаққа бөленіп, сәбилердің күміс күлкісімен көмкерілген өнегелі отбасылардың бірі Тауағаш ауылының тұрғындары – Жәнібековтер әулеті. Жеті баланы өмірге әкеліп, қатарынан қалдырмай, оқытып, қазақы тәрбиеден сусындатып отырған ерлі-зайыпты Ерік пен Бақшагүл – демографиямыздың өсуіне сүбелі үлес қосып отырған жандар. Жарасымды жұп отбасы бақытының кілті өзара сыйластықта, татулықта, ауызбірлікте екенін жақсы түсінеді. Сондықтан да олар үнемі бір-біріне қолдау көрсетіп, қамқорлықпен қарайды. Отағасы Ерік өзіне жүктелген жұмысты жауапкершілікпен атқарып, бала-шағасының қамын ойлап, ерінбей еңбек ететін азамат. Зайыбы Бақшагүл үй шаруасымен, бала тәрбиесімен айналысады. Ұрпақ сабақтастығын жалғап, әдемі әлди әндерімен әр баланың жүрегіне жол таба білген көпбалалы ана.
– Әрбір ата-ана сияқты біз де ең бастысы, бала амандығын, отбасы тыныштығын тілейміз. Жайқалып, өсіп келе жатқан ұл-қыздарымызды ата салтымызбен тәрбиелейміз. Бұл – берері де, сұрауы да, жемісі де мол ең игілікті іс. Бала үшін жай нәрсенің өзі жаңалық. Олар тынымсыз зерттеуші сияқты. Бәрін біліп, көріп қана қоймай, тез қабылдағыш, еліктегіш, сенгіш келеді. Сондықтан да біз ата-ана ретінде оларға дұрыс бағыт-бағдар беріп, өнегелі ісімізбен жеке басымыздың тәрбиесімен үлгі көрсетуді мақсат етеміз, – деді Бақшагүл.
Ерік пен Бақшагүлдің тұңғыш қыздары Айдана 19 жаста. Үйдің тұңғышы, анасының қолқанаты бүгінгі таңда Мағжан Жұмабаев атындағы гуманитарлық колледж студенті. Ұлдары – Айдын, Алдияр, Мадияр мектеп жасындағы балалар. Ал үйдің еркелері мен кенжелері, ата-анасы мен бауырларының қуанышын еселей түскен Ерәлі мен Нұрәлі есімді егіздердің тәтті қылықтарына көрген адамның көзі тоймайды. Туғандарына тоғыз ай болған қос құлыншақты ағалары мен әпкелері кезек-кезек көтеріп, мейірлене иіскеп, балапандардың бал тілі мен аяқтарын апыл-тапыл басқандарына мәз. Қызығы мен қуанышы бір осындай өнегелі отбасыларды көргенде, жүрекке жылылық ұялап, кеудеңді қуаныш сезімі кернейді.
Ата-ана балаларының жеке ерекшелiктерiн жас күннен танып, соған қарай бағыт-бағдар, тәрбие берудiң маңызы ерекше екенін түсінеді. Отағасы тұлымдыларын жақсы азамат етіп тәрбиелеуге тырысса, Бақшагүл бұрымдыларын өнерлі, инабатты болуға бар ынта-ықыласын салуды өзінің аналық парызы санайды.
Ынтымағы жарасқан Жәнібековтер әулеті жақында “Мерейлі отбасы” ұлттық байқауына қатысып, аудандық деңгейдегі іріктеуде жеңіске қол жеткізді. Аталмыш байқаудың облыстық кезеңінде олар “Көпбалалы отбасылар” аталымы бойынша топ жарып, арнайы диплом және сертификатпен марапатталды.
– Елбасының бастамасымен жыл сайын өткізіліп тұратын “Мерейлі отбасы” байқауының маңызы ерекше. Осындай шаралар арқылы қоғамда отбасының беделі артып, рухани-адамгершілік құндылықтары жоғарылай түседі. Көпбалалы, еңбекқор отбасылар қай кезде болсын елдің мақтанышы болған. Жас ұрпақ осындай баға жетпес байлықтың мән-маңызын түсінсе, құба-құп, – деді отағасы.
Сәбиге өмір сыйлап, оны азамат етіп өсіріп, қатарынан қалдырмай жеткізу ата-ана үшін де, қоғамға да аса маңызды жауапты жұмыс. Бұл мәселеге бүгінде мемлекеттік деңгейде көңіл бөліне бастағанының бір дәлелі – “Мерейлі отбасы” ұлттық байқауы. Әрине, бұған дейін де бала тәрбиесі назардан тыс қалған емес. Бірақ осы бағытта атқарылып жатқан кешенді жұмыстардың дәл қазір басым болып тұрғаны қуантады.
Галина ЛУКЬЯНОВА,
журналист.
СУРЕТТЕ: Жәнібековтер отбасы.