
Әр ұлттың өз ұстанымы, нанымы мен болмысы болады. Сол секілді біз де бабаларымыздан аманат болып қалған салт-дәстүрді ұрпақтан-ұрпаққа жеткізіп, рухани қазынамызды көздің қарашығындай сақтап отырған халықпыз. Алайда, “періштені жолдан тайдырған алтын” секілді қу заман талай адамның кіршіксіз арын кірлетіп, санасына селкеу түсіріп жатыр.
Біз – қазақ деген аузын ашса жүрегі көрінетін ақкөңіл, қонақ келсе, барын алдына тосатын қонақжай, ешкімге зәбір көрсетпей, ұлды қайсар, қызды ұяң қылып өсірген текті елміз. Болмысымызды айғақтап тұратын дәстүрлерімізді ұстанып, бойымызда қазақтың қаны тулап тұрғанын мақтан тұтатын айбарлы ұлтпыз. Есікті кермеу, нанды қадірлеп, балағат сөз айтпау, үлкеннің жолын кесіп, сөзін бөлмеу секілді өзімізге тән тыйымдарымыз бар. Астарында сан алуан тәрбиені жасырып жатқан ұлттық киімге, оюларға баймыз. Осылардың ішінде ұрпақ жалғап, ержеткенде еліміздің қорғанына, сүйенішіне айналар ұл мен қызды дүниеге әкелер анаға деген құрмет орасан. Себебі, ол – ұлтымыздың айнасы, халқымыздың бейнесі.
Қызды жастайынан өнер мен білімге баулып, қырық үйден тыйып, құт әкелуші деп төрге шығарамыз. Үйіміздегі әпкеміз бен қарындасымызды қонақ санап, кей еркеліктеріне көз жұма қараймыз. Алайда, уақыт өте келе кей қыздарымыз ата салтты аттап, жат жұрттың отын түтетіп жатқаны қынжылтады.
Заманның талабы бойынша бірнеше тілді меңгеріп, шетел асып, оқуын бітіргенде үйіне дипломымен қоса ұлты басқа күйеу баланы алып келетін қыздар да бар. Өзгені айтпағанда, көршілес Қытай жігіттерімен некеге отыруды абырой санайтындар да жетіп артылады. Жақында ауылымда бір үйдің жалғыз қызы кәріс ұлтының өкілімен көңіл жарастырып, жігітін ата-анасымен таныстыруға әкелген болатын. Қыздарын сұрап келген талай қазақ жігітінің бетін қайтарған отбасы кәріске өз жалғызын сеніп тапсырғанына біраз уақытқа дейін сене алмадық. Әке-шешесінің, ата-әжесінің өрімдей қызды ақылға шақырудың орнына тойда билеп жүргенін көріп не жыларымызды, не күлерімізді білмедік. Қазіргі таңда жерлесім кәріс күйеуімен бірге Астанада тұрып жатыр. Біздің күпті күмәнімізді қалалық әділет басқармасы АХАТ бөлімінің мамандары берген мәлімет одан сайын қоюлата түсті. Өткен жылдың өзінде 120 қазақ қызы шетелдік жігіттің етегінен ұстаған екен. Қазақ жігіттерінің де өзге этнос өкілін жар етуді құп көретіндері көңілге қаяу түсіреді. 2017 жылы өңіріміздің 185 жігіті өзге ұлттың қызымен көңіл жарастырыпты.
Бабаларымыз “ердің құны жүз жылқы, ары мың жылқы” деп бекер айтпаған. Біз жоғарыда сөз еткен қыздар біреудің аяулы перзенті, қарындасы, әпкесі. Қазақ қашан да қызының намысы мен арын тұтас ұлттың арына балаған ғой. Жыл сайын жиілеп бара жатқан бұл жағдайға нүкте қойылмаса, ертеңгі күні “ел болмайтын жиендердің” көбеймесіне кім кепіл бола алады?!
Алина НҰРТАЗИНА,
“Soltústіk Qazaqstan”.