«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ҚЫЛМЫСПЕН КҮРЕС НӘТИЖЕЛІ

“100 нақты қадам” Ұлт жоспарының 30-шы қадамын жүзеге асыру мақсатында 2016 жылдың 1 қаңтарында құрылған жергілікті полиция қызметі жұмыс қорытындысымен қоғамдық кеңес мүшелерін таныстырды.

Тәртіп сақшыларының алдын алу шараларының нәтижесінде облыс бойынша жалпы қылмыс көрсеткіші 10103-тен 9031-ге (10,6 пайыз) кеміген. Олардың ішінде тонау, зорлау, мал және автокөлік ұрлығы, тағы басқалар бойынша оң нәтиже бар. Қоғамдық орындарда, көшелерде және кәмелетке толмағандар тарапынан, сонымен қатар мас күйде жасалатын қылмыс саны азайған. Бұл өзгерістерге жергілікті полиция қызметінің құрылуы ықпал еткен.

– Өткен жылы әкімшілік құқық бұзушылықтар үшін 542 млн. 747 мың теңге айыппұл салынды. Оның 397 млн. 534 мың теңгесі облыс бюджетіне өндіріліп алынды. Үш мыңға тарта жүргізуші мас күйде ұсталып, 2 мыңнан астамы көлік жүргізу құқығынан айрылды, – дейді облыстық ішкі істер департаменті жергілікті полиция қызметі бастығының міндетін атқарушы, полиция подполковнигі Арыстан Сұлтанғазиев.

Қоғамдық кеңес мүшелері жергілікті полиция қызметіне оң баға бере отырып, есірткі саудасы сияқты жайттар тасада қалып қоймауын, ол үшін “Көрші бақылауын” пайдаланып, көшелердегі бейнекамераларды көбейту қажеттігін айтты. “Ауылдық жерлерде полиция қызметкерлерінің тапшылығы байқалады. Кейбір елді мекендерде екі-үш ауылға бір тәртіп сақшысы бекітілген. Бұл да қызмет сапасына кері ықпал етуде”, – деді кеңес мүшелері.

Облыстық білім басқармасының басшысы Шолпан Каринова облыстық мәслихат депутаттарының қарауына Петропавл қаласындағы “Береке” шағынауданында 140 және Жәлел Қизатов көшесінде 90 орынға шақталған балабақшалар салу және пайдалануға беру жөніндегі концессиялық жобалар шығынын қарауды енгізуді сұрады.

Солтүстік Қазақстан облыстық әкімдігінің “Тұрғын үй көмегін беру”, “Әлеуметтік-еңбек саласында мемлекеттік қызмет регламенттерін бекіту туралы” қаулыларына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы өтінішін облыстық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру басқармасы басшысының орынбасары Алмаз Қошманов білдірді.

Облыстық әкімдіктің экономика басқармасының басшысы Арсен Қазбеков тірек ауылдық елді мекендердің тізімін анықтау туралы айтты.

Солтүстік Қазақстан облыстық мәслихатының “Облыс аумағындағы елді мекендерде қаңғыбас иттер мен мысықтарды аулау және жою”, “Облыс аумағындағы елді мекендерде малдарды ұстау туралы” ережелерін бекітуді облыстық ветеринария басқармасының басшысы Ербатыр Мадьяров сұрады.

Ләйла ЖАНЫСОВА,

“Солтүстік Қазақстан”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp