
Мемлекетіміздің ұлттық қауіпсіздігіне төнетін қатерлердің бірі заңсыз көші-қон екені белгілі. Соның ішінде біздің еліміз арқылы түрлі мақсатта басқа мемлекеттерге заңсыз өтетіндерге тосқауыл қою аса маңызды.
Осындай заң бұзушылықтардың алдын алып, жолын кесу, мемлекеттік шекараны бұзуға ниет танытқан адамдарды анықтап, олардың еліміздің аумағында қандай да бір қылмыстық іс-әрекет жасауын болдырмау Ұлттық қауіпсіздік пен ішкі істер органдары қызметінің басты бағыттарының бірі саналады.
Заңсыз көші-қонмен күресте шекаралас облыстар мен аудан тұрғындарының теріс әрекеттері анықталуда. Бұл мәселе Ресей Федерациясымен іргелес орналасқан өңірімізге де тән болып отыр. Біз шекара бекеттерінде оңай пайда таппақ болғандарды жиі кездестіреміз.
2016 жылдан бастап бүгінгі күнге дейін заңсыз миграцияға қарсы күрес жұмыстарының аясында Ұлттық қауіпсіздік комитеті шекара қызметінің Петропавл шекара жасағы төрт қылмыстық топтың жолын кесті. Заңсыз көші-қонды ұйымдастыру мақсатында құрылған топтардың қатарында біздің облыста тұрақты тұрып жатқан шетел азаматтары да бар.
Сонымен қатар жергілікті мамандар Ресей Федерациясындағы әріптестерімен бірлесіп, шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдарды заңсыз шекарадан өткізумен айналысатын ұйымдасқан қылмыстық топтың жолын кесіп, заңсыз миграциямен күресте оң тәжірибе қалыптастырды. Аталған топтың ұйымдастырушылары мен қатысушылары, жалпы сегіз адам Челябі, Свердлов, Түмен, Мәскеу облыстарының аумағында ұсталды. Бірлескен іс-шаралар барысында оларға қатысты 14 қылмыстық іс қозғалып, екі жылдан үш жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасына кесілді.
Шетел азаматтарына жалған құжат жасап, миграция органдары мен шекара қызметінің мөрін қоятын жайттар да кездеседі. 2018 жылғы наурыз айында осындай заң бұзушылықтармен айналысатын бір топ адамның әрекеті әшкереленіп, қолдарына кісен салынды.
Мұндай жағдайлардың алдын алу мақсатында облыс тұрғындарын оңай пайда табу ұсынатындарға алданбай, аталған фактілер жөнінде тиісті орындарға хабарлау қажеттігін ескертеміз.
Рауан ОМАРОВ,
Ұлттық қауіпсіздік комитеті
шекара қызметі 2032 әскери
бөлімінің аға офицері, майор.