
Дүкенде 15 мың теңгеге сатып алған заттары салынған пакетін әйел бір сәтке қараусыз қалдырған.Оны байқап қалған отыз жастағы петропавлдық жігіт оңай олжаға кенелмек болады. Пакетті жоғалған әйел бірден полицияға хабарлайды. Дүкендегі бейнебақылаудың көмегімен көп кешікпей күдікті қолға түсті. Сотқа дейінгі тергеу жеделдетілген рәсіммен жүргізілді. Бұрындары мұндай рәсімге заңмен 15 күн белгіленген болса, жаңа тәртіппен электронды форматта ол үш-ақ күннің ішінде жүргізілді. Төртінші күні айыпталушы мен жәбірленуші келісімге келіп, ұрланған мүлік иесіне толық қайтарылды.
Тергеудің жедел түрі – бұл іс жүргізуде заманауи технологияларды пайдаланудың нәтижесі. Қылмыстық істерді цифрландыру тергеушілер мен анықтаушылар жұмысының тиімділігін арттырады, сондай-ақ сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін айтарлықтай төмендетеді.
-Электронды форматтың арқасында тергеу материалдарын қолдан жасауға жол берілмейді, — дейді облыстық полиция департаменті бастығының орынбасары полиция полковнигі Еңбек Сембин. – Қазірдің өзінде істі әуре-сарсаңға салмай және тергеушінің жұмысына араласпай-ақ тергеудің барлық кезеңдеріне ведомстволық бақылау және прокурорлық қадағалау «Оnline» режимде жүргізіледі.
Бүгінгі таңда облыс аумағында қылмыстық істерді жүргізуге арналған электронды құралдармен 73 жұмыс орны жабдықталған. Әзірге цифрлық түрде тек онша ауыр емес қылмыстар бойынша ғана істер жүргізіліп жатыр. Жыл басынан «Е-ҚІ» жүйесі бойынша ауырлығы орташа 170 қылмыс тергелді. Биылғы үш ай ішінде тергеушілер мен анықтаушылардың компьютерлері арқылы 360 іс өтіп, барлығы толық электронды түрде жүргізілді.