Облыс әкімі Ерік Сұлтановтың төрағалығымен өткен құқық бұзушылықтың алдын алу жөніндегі ведомствоаралық комиссияның кезекті отырысында әкімшілік полициясы басқармасының, Мамлют пен Аққайың аудандары басшыларының есептері тыңдалды.
Облыстық ішкі істер департаменті әкімшілік полициясы басқармасының бастығы, полиция полковнигі Бауыржан Рақымжановтың айтуына қарағанда, 11 айдың қорытындысы бойынша 116272 әкімшілік құқық бұзушылық анықталған, оның 2560-ы – көлікті мас күйде басқару, 12524-і – қоғамдық орындарда ішімдік ішу және мас болып жүру, 9466-ы – жаяу жүргіншілердің жол жүру ережесін бұзуы, 8551-і – жылдамдықты арттыру. Облыс орталығында орнатылып жатқан бейнебақылау камералары, жылдамдықты стационарлық өлшеуіштер, “Автоинтеллект” бағдарламалық-аппараттық кешендер өз нәтижесін беруде. Біздің өңірімізде ғана жүзеге асырылған “Көршілер бақылауы” басқа облыстарға тәжірибе ретінде ұсынылды. “Нөлдік төзімділік” қағидатын нығайтуға 173 қоғамдық құрылым өз үлесін қосуда. Солардың көмегімен 102 қылмыс, 921 құқық бұзушылық ашылды.
Ерік Хамзаұлы қылмыс санын азайтуға аулаларға орнатылып жатқан бейнекамералардың да септігі тиетінін атап айтып, оларды көбейтуге бақылау жасауды, “нөлдік төзімділік” қағидатын насихаттауды күшейте түсуді әкімшілік полицияға тапсырды.
Мамлют ауданының әкімі Ерболат Бекшенов үстіміздегі жылы құқықтың алдын алуға байланысты өткізілген 4 комиссия отырысында 11 мәселе қаралғанын баян етті. Соңғы шарада жергілікті әкімдер мен атқарушы органдар басшыларының құқықтық сауатын арттыру мақсатында жедел кеңес аясында апта сайын заңтану сағатын өткізу туралы шешім қабылданған. Мамлютка қаласының көшелерінде күн сайын бейнебақылау және патрульдеу жүргізіледі, ал ауылдық округтерде аудандық ішкі істер бөлімінің тәжірибелі қызметкерлерінен ұтқыр топтар жұмыс істейді. Елді мекендерде жасақталған сарбаздар отряды учаскелік инспекторлармен бірге “Құқықтық тәртіп”, “Тұрмыс”, “Көше” сияқты рейд шараларын өткізеді. Он айдың қорытындысы бойынша қылмыс деңгейі өткен жылдың сәйкес мерзімімен салыстырғанда 16,4 пайызға азайғаны байқалады, олардың ашылуы 61,5 пайызды құрайды, 29 қылмыстық іс тоқтатылды, өткен жылы ол 40 болатын.
Облыс әкімі Ерік Сұлтанов бұрын сотталғандар мен мас күйінде қылмыс жасау фактілерін азайтуға ерекше назар аударуды міндеттеді.
Аққайың ауданы әкімінің орынбасары Сәбит Мұқанов құқық бұзушылықтың алдын алу жөніндегі комиссияның отырысы тоқсан сайын өтетіндігін, оларда “Бас бостандығынан айрылған орындардан босап шыққан адамдарды еңбекке орналастыруға және оңалтуға көмек көрсету бойынша мемлекеттік органдардың бірлесе атқаратын іс-әрекеттері” сияқты өзекті мәселелер талқыланғандығын атап айтты. Кәмелетке жасы толмағандардың істері және олардың құқығын қорғау жөніндегі комиссияның 22 отырысының 3-еуі ауылдық округтерде өткізілген. Үстіміздегі жылдың он айында аудан бойынша 237 қылмыс жасалған, бұл көрсеткіш өткен жылы 244 болатын. Ұйымдасқан топқа, қарақшылыққа, есірткіге байланысты қылмыстар тіркелген жоқ.
Өңір басшысы комиссия жұмысы мен құқық бұзушылықтың алдын алу шараларын жақсарта түсуді тапсырды.
Нұрсайын ШӘРІП,
“Солтүстік Қазақстан”.