«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ҚЫЛМЫС ЖОҚ ЖЕРДЕ ЖҰМЫС БЕРЕКЕЛІ

 

 

Облыс әкімі Ерік Сұлтановтың төрағалығымен ведомствоаралық комиссияның отырысы өтті. Жиынға қатысушылар алдымен сыбайлас жемқорлықтың алдын алу және болдырмау жайын талқылады.

Күн тәртібінде қаралған бірінші мәселе – облыстық маңыздағы жолдарды жөндеуге бөлінген қаржының мақсатты жұмсалуы. 2016 жылы облыстық және аудандық жолдарды жөндеуге 6 млрд. 29 млн. теңге бөлінген екен. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 15 пайызға көп. Жаңа технологияларды қолдану нәтижесінде биыл 125 километр жол артық жөнделген, яғни 2015 жылы 260 километрі қалпына келтірілсе, биыл бұл көрсеткіш 385-ке жетіп отыр. Қазіргі таңда көктемгі тасқын шайып кеткен жол бөліктері қалпына келтірілуде. Комиссия мүшелері бұл салаға бөлінген қаржы тиімді пайдаланылып жатқанына көз жеткізді. Облыс әкімі Ерік Сұлтанов осындай қарқынмен алдағы 5-6 жылда облыстың шұрық-тесік жолдарын түгел жөндеп шығуға болатынын айтты.

Табиғат қорғау саласындағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-әрекеттер туралы экология департаментінің басшысы Ермек Омаров, табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Қабиден Сәдуақасов пен орман және аңшылық шаруашылығы аумақтық инспекциясының жетекшісі Ережеп Жанатаев баяндады.

Жыл басынан бері 85 тексеріс жүргізіліп, экологиялық заңнаманы бұзудың 193 фактісі анықталған. Өңір басшысы заңсыз қоқыс төгушілермен күресті күшейтуді тапсырды. “Әрбір елді мекенде өздерінің қоқыс полигоны болуы керек. Қалдықтарды көрінген жерге төге беруді тоқтату қажет”, – деді облыс әкімі.

Келесі қаралған мәселе – құқық бұзушылықтардың алдын алу. Тұрғындарға этносаралық және конфессияаралық келісімді нығайту жөніндегі мемлекеттік саясатты түсіндіру жұмыстары жайлы облыстық ішкі саясат басқармасы басшысының міндетін атқарушы Марат Шынтеміров баяндады. Оның айтуынша, Қазақстан халқы Ассамблеясы құрамындағы этномәдени бірлестіктердің ұйымдастыруымен 3 мыңнан астам шара өтіп, оған 500 мыңдай адам қатысқан. Ерік Хамзаұлы Тәуелсіздіктің 25 жылдық мерейтойы қарсаңында әрбір ауылда мәдени шаралар өткізу қажеттігін атап көрсетті.

Комиссия отырысында жасөспірімдер тарапынан жасалатын қылмыстың алдын алу жайы да сөз болды. Білім басқармасының басшысы Шолпан Каринованың айтуынша, жыл басынан бері кәмелетке толмағандар 56 рет қылмыс жасапты. Комиссия мүшелері мектеп инспекторларының жетіспеушілігі құқық бұзушылықтардың көбеюіне себеп болып отырғанын жеткізді. Мысалы, Тимирязев ауданындағы барлық мектептерге бір инспектор ғана бекітілген. Ішкі істер департаментінің басшылығы мектеп инспекторларының орнын ауылдарда учаскелік инспекторлар атқарып отырғанын айтып ақталды. Облыс әкімі жасөспірімдер қылмысын азайту үшін мектеп инспекторларының санын көбейту қажеттігін ескертті.

Отырыста ұрлықтың алдын алу жөніндегі тәртіп сақшыларының өткен 8 айдағы жұмысының нәтижесі тыңдалды. Криминалдық полиция бөлімінің бастығы Мыңбай Асылбековтың айтуынша, облыс бойынша 215 бақылау камерасы орнатылып, соның көмегімен 105 қылмыс пен 13 мыңнан астам құқық бұзушылық тіркеліпті.

Ербақыт АМАНТАЙҰЛЫ,

“Солтүстік Қазақстан”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp