
Петропавл қалалық полиция басқармасының бастығы, полиция полковнигі Жандос Мұқатов М. Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан университетінде өткен жылдың қорытындысы бойынша тұрғындар алдында есеп берді.
Есеп беру кездесуі басталмас бұрын облыстық полиция департаментінің бастығы, полиция полковнигі Марат Төлебаев жеке мәселелерімен келген азаматтарды қабылдады. Олардың арасында автокөлікті тіркеу, көші-қон заңнамасына енгізілген өзгерістер туралы сауал қойғандар көп болды. Азаматтарды қалалық мәслихат депутаттары мен облыстық полиция аппараты бөліністерінің басшылары да қабылдап, өтініштеріне құлақ асты. Қабылдау “Facebook” пен “Instagram” әлеуметтік желілеріндегі ведомстволық аккаунтарда тікелей эфирде көрсетілді.
Қалалық полиция басқармасының бастығы, полиция полковнигі Жандос Мұқатовтың тұрғындар алдында есеп беретіні туралы хабарландыру әлеуметтік желілерде алдын ала орналастырылды. Шараға қала әкімінің орынбасары Асқар Хабибуллин, пәтер иелері кооперативінің төрағалары, студент жастар мен белсенді қала тұрғындары қатысты. Ведомство бастығы өткен жылдың ішінде облыс орталығында 3565 қылмыс тіркелгенін айтты. Есепті мерзімде адам өлтіру, қарақшылық, тонау, бопсалау, ұрлық жасау қылмыстары азайған. Сондай-ақ, интернет-алаяқтық пен есірткі қылмыстарының алдын алу, контрафактілік алкогольдің заңсыз сатылуының жолын кесу бойынша жоспарлы жұмыстар атқарылуда. Пәтер иелері кооперативінің төрағаларымен өзара байланыс нығайған. Қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету мақсатында заманауи технологиялардың әлеуеті де белсенді қолданылуда. Қала аумағында тәулік бойы 410 бейнебақылау камерасы жұмыс істейді. Қалада орын алған құқық бұзушылықтарды тіркеу үшін 7 көше қиылысында 42 интеллектуалдық камера орнатылды. Жедел басқару орталығы қаладағы мекемелер мен ұйымдарда орнатылған 1018 бейнекамераға жалғанып, тәртіпті қадағалайды.
Шара барысында қала тұрғындары түнгі уақытта тыныштықты бұзу, көпқабатты үйдің кіреберісіне қоқыс тастау сияқты мәселелерді көтеріп, өздерін толғандырған сауалдарын қойды. Жандос Мұқатов қалалықтардың барлық өтініші назарға алынатынын жеткізді. Сонымен қатар ол жастардың құқықтық сауаттылығын арттыру бағытында барлық білім ордасында жұмыс жүргізілу қажеттігін тілге тиек етіп, облыс аумағындағы қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету тек тәртіп сақшыларының ғана емес тұрғындардың да міндеті екенін айтты.