Өңірімізде заңсыз көші-қон арнасын ұйымдастырған солтүстікқазақстандықтар ұсталды.
Белгілі болғандай, облыстық ішкі істер департаментінің ұйымдасқан қылмыспен күрес басқармасы қызметкерлеріне өңірімізде мигранттарды Ресейге заңсыз өткізумен айналысатын топ жөнінде хабар түскен. Бұл ақпаратты тексеру барысында, шынында да, тұрақты түрде жұмыс істеп тұрған заңсыз көші-қон арнасы бар екендігі анықталады. Күдіктілер Ресей Федерациясына кіруге тыйым салынған алты Өзбекстан азаматын жөнелту барысында құрықталды.
Жедел іс-шараларды өткізу кезінде орын алуы тиіс екінші бір қылмыстың беті ашылды. Өзбекстан азаматтарына қарақшылық шабуыл жасалынбақшы болыпты. Облыстық ішкі істер департаментінің ұйымдастырылған қылмыспен күрес басқармасының бастығы, полиция полковнигі Әлихан Байқадамовтың айтуынша, қарақшылық шабуыл Ресейге өтпекші болған шетелдіктерге жасалған. Жедел уәкілдердің тиянақты жұмысының арқасында барлық күдіктілер мигранттар өмір сүріп жатқан жалдамалы пәтерде қылмыс үстінде ұсталды. Олардың біреуінің заңсыз көші-қон арнасын ұйымдастыруға қатысы бар екені белгілі болды.
Бүгінгі таңда Қылмыстық кодекстің бірнеше бабы бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде.
Нұрбек БАЕКИН,
облыстық ішкі істер департаменті баспасөз қызметінің жетекші маманы.