Қазақстан Республикасы Суретшілер одағының Солтүстік Қазақстан облыстық филиалы мен облыстық бейнелеу өнері мұражайының ұйымдастыруымен жергілікті суретшілердің шығармашылық көрмесі өтті.
Бұл көрменің мақсаты – көрермендерді Қазақстан Республикасы Суретшілер одағының мүшелері болып табылатын жерлес қылқалам шеберлерінің шығармаларымен таныстыру. Көрмеге суретшілер М.Қожахметов, А.Кәрімова, И.Василенко, А.Қалдыров, А.Тюрин, Р.Абдрафиков, Б.Әсербек және Н.Погодин атындағы облыстық орыс драма театрының бас суретшісі Ғ.Қожахметова мен елімізге еңбегі сіңген педагог, өнер колледжіндегі “Кескіндеме” бөлімінің негізін қалаушылардың бірі В.Савельевтің суреттері қойылды. Авторлар әртүрлі жылдары салған барлығы 30-ға жуық туынды ұсынды. Туындылардың жанры да әртүрлі: пейзаж, портрет, натюрморт. Орындау техникасы да алуан: кескіндеме, графика және т.б.
– Біздің филиал былтыр ашылған болатын. Осымен екінші көрмемізді өткізіп отырмыз. Енді осындай көрмені дәстүрге айналдырып, жыл сайын ұйымдастыру ойымызда бар. Негізгі мақсатымыз – облысымыздағы суретшілердің шығармашылығын республикалық және әлемдік аренада таныстыру. Оларға ақпараттық, әлеуметтік және құқықтық қолдау көрсету, – дейді Суретшілер одағы филиалының төрағасы, суретші-график Марат Қожахметов.
Көрмеге қатысушыларға облыстық бейнелеу өнері мұражайының директоры А.Садаев пен Н.Погодин атындағы облыстық орыс драма театрының көркемдік жетекшісі Е.Покрас шығармашылық табыс тілеп, Алғыс хатпен марапаттады.
Айгүл ХАМЗИНА,
“Солтүстік Қазақстан”.