Облыстық бейнелеу өнері мұражайында жерлесіміз Нұрлан Тайыровтың “Гүлдер мен бейне” атты жеке шығармашылық көрмесі өтті. Дарынды өнерпаздың көрмесіне зиялы қауым, жастар мен оқушылар қатысты.
Түрлі тақырыпта салынған суреттерге қонақтар қызығушылық танытты. Суретшінің қиялы мен ой ұшқырлығы, шеберлігі туындыларынан айқын көрініс тапқан. Қызылжардың киелі топырағынан нәр алып, қылқаламның құдіреті бойына дарыған Нұрлан бүгінде Ресейде өнердің биік шыңын бағындыруда. Елден жырақта жүрсе де, суретшінің туындыларынан ұлттық бояу мен нақышты, рухты аңғаруға болады.
– Түрлі тақырып аясын қамтыған жұмыстарға кенеп, майлы бояу, акрилді қолдандым. Бұл – туған жерде өткен менің алғашқы жеке шығармашылық кешім. Қызылжарлықтарды көргеніме қуаныштымын. Ұйымдастырушыларға ризашылығым шексіз. Суретшіліктің қыр-сырын үйретіп, мені өнерге баулыған ұстаздарыма да алғыс білдіремін, – дей келе ол мұражайдың қорына өзінің жұмыстарын сыйға тартты.
Осындай тағы бірнеше көрме өткізілетінін айтқан облыстық тарихи-өлкетану мұражайының директоры Гүлнәр Мұқышева “Рухани жаңғыру” бағдарламасының “Туған өңір – тұнған сыр” жобасы аясында елден жырақта жүрген дарындардың өнерімен танысуға кең мүмкіндік бар екенін жеткізді.
Ресей Суретшілер одағының мүшесі, суретші-монументалист Нұрлан Тайыров бүгінде Новосібірде тұрады. Жыл сайын Қызылжарға келіп, сағынышын басатын өнерпазды мақтан еткен ұстаздары да дарынды суретшінің туындыларына жоғары баға берді.
Ақмарал ЕСДӘУЛЕТОВА,
“Soltústіk Qazaqstan”.
Суретті түсірген Талғат ТӘНІБАЕВ.