«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ҚЫЛҚАЛАМ ҚҰДІРЕТІ

Жақында “Айқын” газетінде осы басылымның бас редакторы, есімі елімізге белгілі журналист Нұртөре Жүсіптің “Өз бағаңызды білесіз бе?” деген мақаласы жарық көрді. “Біздің қазақ бір-бірін жөндеп бағалай алмайтыны өз алдына, өз бағасын да біле бермейді. Әбден езілген, жаншылған ұлттық сананың сырқаты. Тәуелсіздік алсақ та, сана­мыздың сауығуы өте қиын жүріп жатыр… Жалпы, өз бағаңызды білесіз бе, өзі?!”– деп автор көпшілікке салмақты ой салады. Шынымен де, біз қарапайым азамат түгілі, өнеріне өзге ел бас иіп жатқан саңлақтарды да елеп-ескере бермейтініміз өкінішті-ақ.

Есімғали Жұманов жайлы аптасына бір мәрте қасиетті қарашаңырақ – “Солтүстік Қазақстан” газетіне арнайы келіп, қал-жағдайымызды біліп кететін әріптес ағамыз Амандық Жантеміровтен естідім. Бірақ ол кісі белгілі суретші деп аспандатқан азаматты біз, жерлестері неге танымаймыз? Бұл бүгінгі қоғамда өнерге, оның ішінде қылқаламның құдіретін түйсінген жандарға деген құрметтің кемшін екенін аңғартса керек.

Есімғали Жұмановты біздің жақта танитындар бірен-саран ғана болса да, өзі тұрып жатқан Алматыда және сурет сырын түсінетін шетел жұртшылығы оны аса құрметтейді. Киелі Қызылжар өңірінде дүниеге келгенімен, ес білгелі сыртта жүргені де, бәлкім, оны туған жерден алыстатып жіберген шығар.

Суретші атағы алаш жұртына мәшһүр Қожаберген жырау, Сегіз сері секілді батырлар мен Сәбит Мұқанов, Ғабит Мүсірепов, Сафуан Шәймерденов, Иван Шухов сынды асылдар дүниеге келген қасиетті топырақтан түлеп ұшқан екен. Атажұрты – осы аудандағы Жалтырша ауылы. Бірақ балалық шағы осы аудандағы Буденный ауылында өткен. Оның сағаттап, тіпті, айлап, кейде жылдап көз майын тауысатын өнердің бекзат түріне ғашық болуы, осы жолды таңдауы тегіннен-тегін емес. Кішкентайынан дала төсін ақ қайыңы көмкерген тұмса табиғаттың сұлулығына сүйсініп өсті. Сөйтіп, Отан алдындағы әскери борышын өтеп келгеннен кейін асқақ арманын жанына желкен етіп Алматыға жол тартты. Өнер өлкесіне өзіндік өрнегін салғысы келген бозбала алдымен, В.Гоголь атындағы көркемсурет училищесіне оқуға түседі. Бұдан кейін де бітімі бөлек өнердің қыр-сырын меңгеру үшін құжаттарын Мәскеудегі В.И.Суриков атындағы көркемсурет институтына тапсырады. Талабы биік, талғамы жоғары Есімғали Жұманов бұл оқу орнына еш қиындықсыз түсіп, тіпті, үздік тамамдайды.

Оқырмандарымыз суретшіге арнаған мақаламызға “Жұлдызы жанған жерлестеріміз” деп айдар қойғанымызға күмән келтірмеуі үшін ол кісінің еңбектері жайлы жан-жақты баяндап өтейік.

Ол – портрет, пейзаж, мистикалық сюрреализм жанрларын терең меңгерген суретші. Сюрреализм жанры дегеніміз – адамның санасынан тыс болатын оқиғаларды бейнелеу арқылы оқырманға ой салу. Сурет әлеміндегі осы ағыммен ол 1994 жылдан бастап айналысып келеді. “Адамгершілік, ұят секілді құндылықтар жоғала бастаған бүгінгі қоғамдағы рухани жұтаңдығымызды қылқалам арқылы көрсетуге тырысамын”, – дейді автор.

Суретшінің туындылары – оның өнердегі ой-өрісінің, ізденістерінің нәтижесі. Есімғали Үмітбайұлының кенеп бетіндегі бояулары автордың ой-сезімінен, ішкі дүниесінен сыр шертеді.

Есімғали Жұманов – “Арбаның ұзақ кеңістігі”, “Түркістан-Яссауи нұры”, “әл-Фараби – Отырар кітапханасы”, “Еділ мен Рим қасқыры – XXI ғасыр”, “Кешкі қонақ”, “Ана”, “Әке”, тағы басқа шоқтығы биік туындылардың авторы. Шығармалары Францияның Париж қаласында өткен “Қазақстан мәдениеті”, Иранның Тегеран қаласында шымылдығын түрген Дүниежүзілік мұсылман елдері және Ресейдің Мәскеу қаласында ұйымдастырылған Суретшілер одағының халықаралық көрмелерінде, Германияның Магдебург қаласында жалауын көтерген “Еуро-Азия” 2-ші халықаралық байқауында көпшілік назарына ұсынылды. Оның кенепке салынған сырлы суреттерімен қырғыз, қытай халықтары да жақсы таныс. Бішкекте “Бақтағы кездесулер” деген атпен және Қытайдың Пекин қаласында өткен халықаралық көрмелерге еліміздің ең таңдаулы суретшілерінің шығармалары жолдама алған еді. Ендеше, Есімғали Жұмановты хас суретші деп ауыз толтырып айта аламыз. Айтпақшы, жерлесіміз Литваның Вилнюс қаласына шақырту алған екен. Осы жерде жеке көрмесін өткізгеннен кейін Швецарияға жол тартады.

Оның суреттері Алматыдағы Ә. Қастеев атындағы Мемлекеттік өнер мұражайында, Елбасының резиденциясында, шетелдегі жеке коллекцияларда сақталуда. 2016 жылы “Қазақстанның үздік суретшісі” марапатына ие болып, абыройы асқақтағанын да көпшілік біле жүрсін деген оймен жазып отырмыз.

Ал жерлесіміздің еңбек жолына келер болсақ, Алматы көркемсурет училищесінің арнайы пәндер, станок кескіндемесі кафедрасының оқытушысы, шеберхана жетекшісі қызметтерін атқарды. Сондай-ақ, ол Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясында ұстаз, кафедра меңгерушісі болды. Бүгінгі таңда осы оқу орнының профессоры. Жерлесіміз 2010 жылдан бері – О.Таңсықбаев атындағы Алматы декоративтік-қолданбалы өнер колледжінде болашақ суретшілерге осы өнердің қыр-сырын үйретіп жүр. Суретшілер одағының басқарма мүшесі, кейін хатшысы (1998-2009) қызметтерін атқарғанын да айтып өткен жөн.

Осындайда заңғар жазушы Мұхтар Әуезовтің “Сымбатты өнер болмаған елде ма­ғыналы тіршілік жоқ. Қандай қауым, қандай тапты алсақ та қаны мен жанының суретін өнер ай­на­сы­на түсірмей отыра алмайды. Өнер­ден қуат алмаса, тіршіліктің шырағы өшеді” деген сөзі еске түседі. Иә, кенеп бетін көмкерген туындылар бүгінгі өмірдің айнасы ғана емес, сол дәуірдің тынысын келешекке жеткізетін қастерлі мұра.

“Бір құдірет тұла бойда тасқанда,

Құлаш ұрмай тауға, шыңға, асқарға,

Қыр баласы тауға қарап өспейді,

Қыр баласы қол созады аспанға”, – деп ақын Тұманбай Молдағалиев жырлағандай, әзиз арманымен биікке ұмтылған ауыл баласы, міне, бүгін ел танитын атақты суретшінің бірі.

Қай қиырда жүрсе де, перзент жүрегі туған жерді аңсап тұрады емес пе?! Сондықтан да қылқалам иесі жылына бір мәрте атамекенге соғып кетеді. Биылғы жазғы демалысында да Жалтыршаға арнайы келіп, туған жердің топырағында аунап-қунап қайтты. Ол өз жұртына сағына жеткенде суретшілік өнеріне бас иіп, құшағын гүлге толтырып, құрмет көрсетіп жатқан жан табылса ғой, шіркін, азаматтың қадірі артар еді. Бірнеше рет туған жерде көрме өткізсем деген өтініші аяқсыз қалғанын да айтып өткен жөн шығар. Құнды дүниелері жергілікті өнер мұражайларының төрінен орын алып жатса, өскелең ұрпақ арасынан суретшіге қарап бой түзейтін жастар да шығар ма еді деген ой қылаң береді.

Айгүл ЫСҚАҚОВА,

“Солтүстік Қазақстан”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp