Өнертанушылар арасында «Сурет – көзбен көретін поэзия, поэзия – сөзбен жазылған сурет» деген сөз бар. Өкінішке қарай, көрме залдарындағы құлаштай картиналарға тамсанатындар көп болғанымен, олардың айтар ойын, мән-мағынасын түсінетіндер аз. Десе де өңірде аталған өнер түрін дамыту үшін ірі жобалар жүзеге асып келеді. Облыс орталығында ашылған «Botai» арт-галереясы – соның бір дәлелі. Мәдениет ошағында әлемнің бірнеше мемлекетінен келген қылқалам шеберлері өз туындыларын көпшілік назарына ұсынды.
Түркия, Қырғызстан, Өзбекстан, Әзірбайжан, Саха Республикасы, Татарстан, Башқұртстан, Мажарстан, Моңғолия, Түркіменстан суретшілерінің өңірге сапары бір аптаға жалғасты. Олар Қызылжардың көрікті орындарын аралап, Айыртау ауданына сапарлап, «Ботай» қонысында ежелгі мәдениеттің тарихына қанығып, түрлі іс-шараларға атсалысты. Солтүстіктің тұмса табиғатынан, көне мәдениеттің өткенінен шабыт алған шығармашылық иелері бар көрген-білгенін кенеп бетіне түсіруге асықты.
Қызыл кілем үстімен жүріп өткен меймандарға жиналғандар қошемет көрсетті. Әр қатысушы көшпенді өркениеттің бір бөлшегі екенін көрсеткісі келгендей ұлттық киімдерін киіп, түркі дүниесінің мәдениетін паш етуге тырысты. Кейін облыс әкімі аппаратының басшысы Руслан Әлішев симпозиум қатысушыларын құттықтап, оларға Алғыс хаттар табыстады. Салтанатты сәттен кейін жұртшылық көрмені тамашалады.
Сан алуан жанрда, түрлі техникамен салынған суреттер қазақ мәдениеті мен болмысынан, көшпенділер философиясынан сыр шертеді. Қылқалам шеберлерінің көбі кең байтақ қазақ даласын, жылқы мен киіз үйді бейнелепті. Әр автор аталған ұғымдарға ерекше астар беріп, жылқының көшпенділер өміріндегі ерекше орнын көрсетуге тырысқан. Шетелдік меймандардың туындылары төл мәдениетімізге жаңа көзқараспен қарауға мүмкіндік береді.
Түркиядан келген Рафик Азиз өзінің «Ботай рәсімі» атты суретінде отты айнала отырған ботайлықтарды бейнелепті. Аспабын ұрғылаған бақсы, алыстан көрінген садақ тартқан аңшы, жылқы мен қыран бейнесі түркі мәдениетінің киесі, қорғаушысы сияқты елестейді. Ал башқұрт суретшісі Флюр Исмагиловтың салған суретіндегі негізгі атрибут – қара жер мен аспан. Аспан мен жердің арасында ақ бұлттың үстінде басына бөрік киген, беліне қылыш байланған ер адам жатыр. Сірә автор «Биiкте көк тәңiрi, төменде қара жер жаралғанда, екеуiнiң арасында адам баласы жаралған», – деген Күлтегін жазуын дағы тарихты ішкі түйсігімен сезген болар.
Диас АЯҒАН,
«Soltüstık Qazaqstan».
Суретті түсірген
Шыңғысхан БЕКМҰРАТ.