– Қымбат Есмұқанқызы, Сіз саналы ғұмырыңызды білім беру ісіне, шәкірт тәрбиесіне арнаған жансыз. Ақын Ғафу Қайырбеков бір өлеңінде: «Ұстаз болу – жүректің батырлығы», – деп жырлапты. Адам жанының нәзік иірімдерін түсініп, шәкірт болмысын дөп басып танып, болашақтың бақшасына жеміс егетін де – ұстаздың ұлағаты. Сіз өзіңізді осы міндет үдесінен шыға алдым деп ойлайсыз ба?
– Мен Мамлют ауданындағы қаймағы бұзылмаған қазақ ауылы – Бостандықта туып- өстім. Әкемнің маған азан шақырып қойған аты – Бақытжан. Қымбат атануымның өз себебі бар. Әкемнің құрдастарының бірі бірнеше ұлдан кейін дүниеге келген қызының атының Қымбат екенін айтады. Бұл есім әкеме қатты ұнап, туу туралы куәлігіме «Қымбат» деп жаздыртыпты. Бірақ мені ауылдастарым Бақытжан дейтін. Ауыл ақсақалдары басымнан сипап: «Біздің Бақытжан ұстаз болады», – деп жиі айтушы еді. «Жақсы сөз – жарым ырыс» деген осы. Менің жолымды ашқан, ұлағатты ұстаз болуға жетелеген аға буын өкілдерінің ақ батасы. Мектепті бітіре салысымен Алматы қаласындағы қыздар педагогикалық институтына оқуға түсіп, географ мамандығы бойынша диплом алып шықтым. Жас маман ретінде Шымкент қаласына баруға немесе Алматыда қалуға ұсыныс түсті. Алайда туған өлкеме оралуды жөн көрдім. Еңбек жолымды Есіл ауданының Қарағаш орта мектебінде бастадым. Ұстазды ұстаз деңгейіне көтеретін оның шәкірттері. Құдайға шүкір, жүздеген оқушыны қанаттандырып, үлкен өмір жолына шығарып салдым.
– Мұғалімдердің қоғамдағы, шәкірт алдындағы беделінің төмендеп кеткендігі жайлы жиі айтылады. Оның себебі неде деп ойлайсыз?
– Бұл сұрақтың жауабын, ең алдымен, әркім өзіне қатысты мәселелерге байланысты іздегені жөн деп ойлаймын. Мұғалім мәртебесін асқақтататын да, ұстаз беделіне көлеңке түсіріп, көмескілендіретін де қоғам. Әрбір ата-ана – қоғамның мүшесі. Мұғалімге деген құрмет ең алдымен отбасынан басталуы керек. Сондықтан әрбір қоғам мүшесі өзінің отбасында «бар өмірін балаға» арнайтын ұстаздықтың қадір-қасиетін ұғындырып, балалардың бойында жастайынан мұғалімге деген кіршіксіз құрметтің қалыптасуын қадағалауы керек. Қазіргі адамдардың көбі материалдық құндылықтардың орнын толтырумен әуестеніп кетті. Мұғалім мамандығын еңбекақысының көптігі үшін таңдайтындар бар. Ұстаз абыройын ақшаға тіреп қойғанымыз әбестік. Мен қырық жыл бала оқыттым. Осы уақыт ішінде өзімнің қанша еңбекақы алатынымды білмеппін. Айлық аларда есепшілер еңбекақымды санап алуымды өтінеді, мен олай істеуге ұялатынмын. Менің қатарластарымның барлығы осылай жасады. Ұстаздың абыройы алатын айлығында емес, оқушысына беретін рухани байлығында.
– Ұлттық құрылтайдың үшінші отырысында адал еңбек жөнінде маңызды дүниелер айтылды. «Өз кәсібін өте жақсы білетін, оған әбден берілген, еңбекқор адам ғана табысқа жете алады», – деді Президентіміз. Жақсы өмірдің негізін адал еңбектен іздейтін жастардың шоғырын көбейту үшін қандай қадамдарға бару керек?
– Адамды жақсы өмір сүруге, мәдениетті болуға жетелейтін жалғыз қасиет бар. Ол – еңбекқорлық. Біз – еңбекпен жетілген буынның өкілдеріміз. Оқушы кезімізде сенбіліктерге жиі шығатынбыз, мектебіміздің ауласын да, сыныпты да тазалайтынбыз. Одан жаман болғанымыз жоқ. Қазіргі оқушыларды қолына күрек ұстатып, мектеп айналасын тазала деп жұмсай алмайсың. Мектебіне жаны ашымаған бала өз Отанының патриоты бола ала ма? Әлемдегі ең еңбекқор халықтардың бірі – жапондар. Оларға еңбекқорлық балабақшадан бойларына сіңіп, мектепте бекиді. Ондағы оқушылар бастауыш сыныпқа қабылдану үшін емтихан тапсырады. Мектептерде арнайы жабдықталған кабинетте «Отбасы тәрбиесi» деген пән оқытылады. Ал «Қарияларға құрмет» деп аталатын сабақ барысында балалар ақсақалдармен жүздесiп, шаруасына қолғабыс тигiзедi. Өзін-өзі ұстай білу, қанағатшылдық, қоғам үшін еңбек ету – жапондықтардың басты тәрбие бағыты. Бізге де Жапонияның білім беру үрдісіндегі озық әдістерді меңгеру маңызды. Президентіміздің биылғы жылды Жұмысшы мамандықтар жылы деп жариялауы бекер емес. Газет-журнал беттерінде өмірлерін еңбекпен өрген азаматтар жайлы мақалалар жарияланса, білім ошақтарында кездесулер өткізілсе құба-құп.
– Биыл – Жұмысшы мамандықтар жылы екенін айттыңыз. Бұл санаттағы жандардың беделін қалай арттырамыз?
– Жұмысшы мамандар қай кезде де сұранысқа ие. Өзіміз де кейде қолынан бәрі келетін мамандардың жұмысына зәруміз. Алайда қоғамда еңбек адамдарының абырой-беделі асқақтап тұрған жоқ. Оның бір себебін баспана мәселесімен байланыстырар едім. Мұндай санаттағы адамдарды үймен қамтамасыз етуді көздейтін арнайы бағдарламалар қарастырылмаған. Бастарында баспанасы жоқтар амалсыздан басқа салаға кетуге мәжбүр. Кім-кім де болса жақсы жұмыс істесем, қаржылық жағдай тұрақты болса дейді. Қазір балаларына келешекте заңгер, бухгалтер боламын деп ойлама, жұмысшы мамандығын игер дегенді жиі айтатындар көп. Өйткені қолмен істейтін шаруаға қыры барлар жерде қалмайды. Адамның шеберлігін, қабілетін, өнерін ешкім тартып ала алмайды. Тек оларға қолдау мен қамқорлық көрсету қажет.
Жасырып несі бар, кәсіптік білім беретін колледжге баруға намыстанатындар да бар. Жастарға жұмысшы мамандықтары болашақтың мамандығы екенін түсіндіру керек. Бұл ортақ шаруаға үйде ата-ана, мектепте мұғалімдер араласуы қажет.
– Сіздің «Азамат келбеті» деп аталатын кітабыңыз Құдай қосқан қосағыңыз, марқұм Қайыркеш Исманұлына арналған. Оқып отырып қазақ әйеліне, қызына тән ибалылық пен ақылдылыққа қанық болдым. Қазіргі қоғамда жұбайына кітап арнамақ түгілі, жылы сөз айта алмайтын, туған- туыстарының алдында қатқыл сөйлеп, беделін түсіруге бейім келіншектер аз емес? Оларға не айтасыз?
– Қайыркеш биязы, сабырлы, адал болды. Біз ел қатарлы өмір сүрдік. «Біреуге істеген жақсылығың адамнан емес, Алладан қайтады» деп отырушы еді. Жастардың көбі алып-ұшып тұрған махаббатпен қосылады. Махаббат – мәңгілік сезім емес қой. Махаббатты сыйластыққа айналдыра білген жұбайлар өмірден өз орындарын табады. Біз сыйласып өттік. Әйел қанағатшыл, сабырлы болғанда ғана отбасы сақталады. Тәубе, шүкірлік жоқ жерде берекелі өмірге қол жеткізу екіталай. Кей адамдар әйел мен ер адам тең деген пікірде. Мен оларға: «екеуі қалай тең болады? Тіпті мінез-құлықтары, жаратылыстарының өзі бір-бірлеріне ұқсамайды ғой», – дер едім. Қазақтың қыз- келіншектері ашуланса жеңілетіндерін, еркелесе жеңетіндерін ұмытпаса екен.
– Жуырда «Ел анасы» деген атақ алдыңыз. Қандай сезімде болдыңыз?
– «Ел анасы» деген тіркестің ауқымы өте кең. Мұндай атаққа қазаққа Абайдай данышпанды сыйлаған Ұлжан мен Зере, Шоқанды баптап өсірген Айғаным сияқты тұлғалар лайық. Қандай атақ алсаң да, халықтың шын ықыласымен берілмесе, құнсыз болады. Сый-құрметке бөлеген жерлестеріме ризашылығым шексіз. Менің ел анасы атанатындай тау қопарып, тас үгіткен жайым жоқ. Мұны қызылжарлықтардың ыстық ықыласы деп қана қабылдадым.
– Болашақтарын ұстаздықпен байланыстырғысы келетін жастарға қандай ақыл айтасыз?
– 2012 жылы «Дөңгеленген дүние-ай» атты кітабым жарық көрді. Бұл сұрақтың жауабы сол туындыда жан-жақты айтылған. Абай атамыз бір өлеңінде: «Ұстаздық еткен жалықпас, үйретуден балаға», – дейді. Жас мұғалімдерге осы қасиет ауадай қажет. Олар баланы оқытудан, саналы да заманауи ұрпақ қалыптастыруға ұмтылудан жалықпаулары керек. Бізді ұстаздарымыз «Қырық бес жыл жұмыс істесең де, қырық бес минуттық сабаққа әрқашан даяр бол» деген қағида негізінде тәрбиеледі.
– Ашық әңгімеңізге рақмет!
Әңгімелескен
Самрат ҚҰСКЕНОВ,
«Soltüstık Qazaqstan».
Суретті түсірген
Шыңғысхан БЕКМҰРАТ.
ӨМІРДЕРЕК
Туған жері: Солтүстік Қазақстан облысы, Мамлют ауданы, Бостандық ауылы.
Туған күні: 1941 жылғы 14 қыркүйек.
Марапаттары: Петропавл қаласының құрметті азаматы, «Ел анасы», «Еңбек ардагері» төсбелгілерінің иегері.