«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ҚЫМЫЗДАН САБЫН ЖАСАДЫ

Қазақта “Болар бала бесігінде бұлқынар” деген нақыл бар. Бұл мақал жастайынан алысқа қараған бала жайында айтылған. Кішкентайынан түрлі үйірмелерге қатысып, аудандық, қалалық, облыстық, тіпті, республикалық түрлі додаларда жеңіске жеткен балғындарымыз баршылық. Сол себепті “Балалар әлемі” қосымшасында биікке ұшпаса, құмары қанбайтын құстай ұмтылып, алғашқы жеңістеріне жеткен жас жеңімпаздарымыз жайлы әңгімелеуді жөн көрдік.

Петропавл қалалық классикалық гимназияның 2-сынып оқушысы Нұралы Нұрмұханбетті өрен ғалымдардың қатарына қосуға болады. Ол – жыл сайын ұйымдастырылатын республикалық “Зерде” зерттеу жұмыстары байқауының қалалық кезеңінің жеңімпазы. Ғылыми жұмысын қазақ халқының ұлттық сусыны – қымызды зерттеуге арнаған.  

Нұралы қымыздың медициналық және косметологиялық қасиеттерін ашуды мақсат тұтқан. Сол себепті сусынды бір жылға жуық зерттеген. Алдымен бие сауу, оны дайындау әдісін меңгеру үшін “Арқалық” шаруа қожалығына барған. Кәсіпкер Нағашыбай Барлыбаев басқаратын аталмыш шаруа қожалығының жұмыс барысымен танысып, сол арқылы қымыз өндірудің тәсілін меңгерген.

Қымыздың медицина тұрғысынан алғанда түрлі дертке дауа болар емдік сусын екендігін дәлелдеу үшін осы уақыт аралығында ата-әжесіне сусынды үзбей ішкізген. Нұралы ата-әжесінің қан қысымы бір қалыпқа келіп, денсаулықтарының жақсарғанын байқаған. Қымызды косметологияда қолдану үшін оқушы одан сабын жасап шығарған. 8 жасар Нұралы ғылыми жұмысын “Қымыз – сиқырлы сусын” деп атап, осылайша оның құрамындағы адамға пайдалы заттарды анықтап, өзі де қымыздың “Coca-cola” және “Pepsi-cola” сынды сусындардан әлдеқайда пайдалы екендігіне көз жеткізген.

Бақытжан ЖОЛДАСҚЫЗЫ,

“Солтүстік Қазақстан”.

СУРЕТТЕ: Нұралы Нұрмұханбет және оның ұстазы Гүлназ Шамғанова.

Суретті түсірген

Амангелді БЕКМҰРАТОВ.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp