«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ҚЫМЫЗ ӨНДІРІСІ ҚАЙТСЕ ДАМИДЫ?

Қазақтың ұлттық тағамдарының ішінде қымыздың алатын орны айрықша. Оның көптеген кеселді емдейтін және де адам ағзасына өте пайдалы шипалық қасиеті әлдеқашан дәлелденген. Қамбар ата түлігінің «мінсе – көлік, жесе – азық, ішсе – сусын» қадір-қасиетін ерте таныған бабаларымыз «қымыз – қырық ауруға ем» деп бір-ақ ауыз сөзбен түйіндеген.

Өркениеттің көне мекені саналатын Айыртау ауданына қарасты Ботай тұрағында жыл­қының алғаш қолға үйретіліп, үй шаруасына жегілгеніне, қы­мыздың ашытылғанына бұл­тартпас дәлелдер көп. Қымыз тек бие сүтін ашыту арқылы жасалатындықтан, дайындау технологиясы бөлек әрі күр­делі екенін биыл елордада тұң­ғыш рет ұйымдастырылған, ұлттық сипатымен ерекшелен­ген «BaiQymyz» гастрофести­валі айғақтап берді. Мұнда ата кәсіппен ұзақ жылдан бері ай­налысып келе жатқан елуден астам қымыз өндірушінің басы қосылып, қымыз баптаудың озық тәжірибелері, қыр-сыры, ашыту технологиясы танысты­рылды. Қымыздың бабының жақсы болмағы – оның пісуін­де, күбінің ысталуында деген сөзі негізсіз емес. Көп жағдай­да осындай қарапайым талап­тардың сақталмауы салдары­нан ұлттық сусынымыздың сапалық қасиетін жоғалтып алып жатамыз. Шетелдік ға­лымдардың қатысуымен сау­малдың, қымыздың емдік қа­сиеті жан-жақты сараланған ғылыми конференция бары­сында әлемге таныту жағы кемшін түсіп жатқаны, ортақ стандарттардың жоқтығынан әркім өзінің үйренгеніне қарай дайындайтыны да айтылды.

Халқымыздың салт-дәстүрі мен құндылықтарын, мәде­ниетін насихаттайтын осынау бірегей жобаның басы-қасында болған білгір ұйымдастырушы, білікті басшы, ауыл шаруашы­лығы ғылымдарының кандида­ты Нағашыбай Барлыбаевпен әңгімелескенімізде еліміз бо­йынша қымыз өндірісі өрге баспай тұрғанын жасырмады, оның бірқатар себептерін атап берді.

Егіншілікпен және мал ша­руашылығымен айналысатын компаниялар тобына 3 серік­тестік, 2 шаруа қожалығы кі­реді. Оның ішінде «Арқалық» ШҚ-да жылқы басы 44-тен 586-ға дейін көбейген. Шипалы сусын өндіруді өндірістік жолға қойған өңірдегі бірегей құры­лымда жаз бойы 120-дай бие, ал қыстың көзі қырауда 20-30 қы­сырақ сауылады. Жайылымдық алқап – 500 гектарға жуық. Ауылдың шет жағындағы мал қораларының бірінде автомат­ты сауу жүйесі іске қосылып, қымыз өндіретін шағын цехта сусын шығарылады. Әбден ба­бына келген қымызды сыйым­дылығы әртүрлі шыны және пластмассалы шөлмектерге құятын желілер арнайы тапсырыспен Башқұртстанда жасал­ған. Нағашыбай Сабырұлының бірнеше рет Германияға барып, бие сүтінен жасалатын шипалы сусынмен, косметикалық, фармацевтикалық өнімдермен та­нысуының пайдасы тиген. «Agralis GmbH» компаниясы­ның қолдауымен шетелдік за­манауи жабдықтар қойылып, сауу цехы жұмыс істегелі өнімділік бірнеше есе артқан. Сүттің сапасы қамтамасыз етіл­ген. 2024 жылы шағын зауытта 58 тонна қымыз өндірілген.

«Қазақстан – қымыздың отаны болғанымен, ішкі-сырт­қы әлеуетіміз толыққанды пай­даланылып отырған жоқ. Мем­лекет тарапынан жылқы шаруашылығына жете көңіл бөлінбей келеді. Оның басты себебі – барды бағалай білмейтін салғырттығымыздан», – де­ген кейіпкеріміз ішкенде шөлді қандыратын сусын өндіргісі келетін фермерлерді ынталан­дыратын жеңілдіктер қарасты­ру қажет екенін атады. Басты кемшіліктің бірі –1 литр сиыр сүтіне 45 теңге, ал қымыз өндірісіне 60 теңге демеуқаржы қарастырылған. Бұл орайда сиыр мен биенің сүт беруі бір­дей емес екені мүлдем ескеріл­меген. Алдағы уақытта осы мә­селе шешімін тапса, бие сүтін тереңдетіп өңдеп, мал шаруашылығының жетекші саласына айналдыруға болар еді. Бұдан бөлек, саумалдан бастап, қы­мыз әзір болғанға дейінгі аралықтағы жанама үдерістерді қоссақ, пайдасынан машақаты көп салаға келуге екінің бірі тәуекел ете бермесі анық.

Үшінші дәрежелі «Еңбек Даңқы» орденінің иегері, техно­лог Зәуреш Мұстафина сүтті биелер табудың оңай емес екенін жеткізді. Бір сауу кезінде бие 500 граммнан 1 литрге дейін ғана саумал беретін көрінеді. Сауу кезеңі орта есеппен 6 айды құраса, ең сүттілері тоғыз ай ғана сүт береді. Тай еміп жүрген қысырақ биелер қыста да сауы­ла береді. Дегенмен уақыт өте келе сүт мөлшері азаяды. Сон­дықтан дәстүрлі маусымдық сауу қағидаты, сонымен қатар «қымыз қоры», саумалды ашы­ту, пісу, тек ағаш ыдысқа құю талаптары қатаң сақталуы шарт. Мұнда сыйымдылығы 100-150 литрлік төрт ағаш күбі бар. Алдымен қолмен, сосын электр қуатымен пісіледі. Күбі­лер ақ қайыңның шоғырмағы­мен ысталады. Содан болар, бабы келіскен қымызға сұра­ныс жоғары, үлгермей жататы­ны сондықтан. Осында еңбек ететін үш адам күніне 300 литр­ге дейін қымыз дайындайды.

Бұрын мұндағы құтыларға құйылған дайын өнім елімізден тысқары Ресейдің Омбы, Қор­ған, Сургут қалаларына дейін жөнелтілетін. Соңғы кезде Пет­ропавл, Көкшетау, Астана қа­лаларымен ғана шектеліп қал­ған жайы бар. Оның бір себебі, жылқыны ұстауға жұмсалатын шығынның ақталмайтыны.

Өкінішке қарай, денсау­лыққа пайдасы мол сусынның қадірін қазақстандықтардан гөрі шетелдік кәсіпкерлер тез ұққан сияқты. Оның нақты мысалы – жарты ғасырға жуық қымыздың құрамын зерттеп, оны өндірумен айналысып жүрген Ганс Цольманның жуырда Айыртау ауданында құрғақ саумал өндіретін кәсіпорын ашуы.

«Кезінде Саха республика­сы мәдениет министрлігінің арнайы шақыруымен «Ысыах түймаады» ұлттық мейрамына қатысып, керемет тәнті болға­ным бар. Екі күндік мереке бағ­дарламасында елдің қымызға деген құрметін ерекше сезіндім. Қымызды батырлардың сусы­ны деп атайды екен. Якутияда жылына 700 тонна қымыз шы­ғаратын кәсіпорынды аралап, ғажайып өндіріс орнымен та­ныстым. Бұл ел қымыз өндірісі туралы заңды баяғыда қабыл­дап қойған. Тіпті мемлекеттік жоспарға енгізу арқылы бүтіндей бір кәсіптің дамуына айтар­лықтай серпін беріп отыр. Біз­де осы жағы жетіспейді», – деді Нағашыбай Сабырұлы әңгіме арасында.

Депутаттар Парламент қа­бырғасында қымыз бен шұбат туралы арнайы заң керектігін айтып, бірнеше рет мәселе кө­терсе де, құр сөз жүзінде қалып қойды.

Өмір ЕСҚАЛИ,

«Soltüstık Qazaqstan».

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp