Қынаменде – ұлттық ойын-сауық кеші. Ұлы ойшыл Абай Құнанбаевтың “Қынаменде, жар-жар мен беташар бар, өлеңсіз солар қызық бола ма гүл?” – дегені бар. Құда түсіп, уәде пісіп, қалың мал төлеген соң күйеудің атастырған қалыңдығын алғаш рет көруге келген тойы “қынаменде” деп аталады.
В.Радловтың зерттеулерінде “Қынаменде – тырнақ бояйтын қызыл бояу. Мұсылмандар тырнақтарына қына жағады. Осман түріктері үйлену тойынан кейінгі түнді “қына гешесі” деп атайды. Бұлай атайтын себебі, қалыңдық қына түнінің алдында саусақтарын қынамен бояп алады” деп жазылған. Қалыңдықтың тырнағын қынамен бояйтын салт қазақ тұрмысында ертеде болған. Ойын-сауық кешінде ән, күй, би қатар жүргізілетіндіктен, “қынаменде” жас жұбайлардың шаттық кешіне, жастардың махаббат мұратына жету символына айналған. Күйеудің қайын жұртына келуі әр жерде әртүрлі аталатынын да айта кеткен жөн. Мұны кей жер “қалыңдық ойнау”, кей жерде “ұрын келу” дейді. Күйеу осы жолы өзінің болашақ жарын көріп танысып-білісіп, тілдесіп көңілін демдейді. Әрине, “ұрын келудің де кәде-жоралары аз емес. Жеңгелер: “Сені күтіп жүгіреміз деп ентігіп қалдық”, – деп “ентікпе” сұрайды.