Қыз-келіншектердің барлығы сүйкімді келбет, мінсіз дене пішіні болғанын қалайды. Бірақ кейбір кездерде шамадан тыс салмақтың қосылуы көңіл күйді бұзып, денсаулыққа кері әсерін тигізуі мүмкін. Семіздік қант диабеті, атеросклероз, жүрек, буын және басқа да көптеген аурулардың “туысы” болып табылады. Сонымен, мұндай “ағайыннан” қол үзгісі келетіндерге төмендегі кеңестерді ұсынамыз:
1. Тамақты аздап, бірақ жиі-жиі ішу керек.
2. Құрамындағы көміртегі мен май жоғары мөлшердегі құнарлы тамақты пайдалануды азайту керек. Тамақпен бірге адам бойына сіңетін қуат күші қайта жұмсалатын мөлшерінен аспауы қажет.
3. Тамаққа тұзды көп салмаңыз.
4. Алкогольді ішімдіктен біржолата бас тартып, саламатты өмір салтын ұстаныңыз.
5. Ас мәзірінде міндетті түрде ақуызға бай тағамдар (балық, ет, сүзбе, сүт, жұмыртқа) болсын.
6. Күніне 600-800 грамм көкөніс жеу керек. Толық адамдар үшін көкөніс – таптырмайтын тағам.
7. Күн сайын дайын тағамға 20-30 грамм кез келген өсімдік майын қосып отырыңыз. Бірақ оны тәулігіне 30 грамнан артық пайдалануға болмайды.
8. Дене шынықтырумен айналысып, дұрыс әрі пайдалы демалу қажет. Көбірек жаяу жүруге дағдылану керек.