Ақпанның орта тұсында ауа райы күрт жылынып, көктемнің белгісі біліне бастағандай болды. Аспаннан асықпай жерге қонып жатқан ақ ұлпа осы бір тыныштықты ертегіге айналдырып жібергендей. Жердің бетін жұқа ақ көрпеге орағандай іздің бәрін жасырып үлгерген. Аңшылардың да дала кезіп, олжаға кенелетін сәті осы ғой.
Құсбегіліктен ел чемпионаты Қызылжарда осымен екінші рет өтіп отыр. Араға 5 жыл салып ұйымдастырушылар ересектер арасындағы ХVІІІ республикалық чемпионатты Солтүстік Қазақ-стан облысында өткізуді дұрыс деп шешіпті. Бұл да болсын өңірде ұлттық спортты дамытып, ат баптап, құс салатындардың қатарының артуына оң әсер етері анық.
Жер-жерден жиналған құсбегілер мен меймандарды облыс әкімінің орынбасары Қанат Дүзелбаев құттықтап, қатысушыларға сәттілік тіледі.
– Өңірде ұлттық спорт түрлерін дамытуға ерекше көңіл бөлініп келеді. Соның ішінде ат спорты мен қазақ күресін дамыту бойынша ауыз толтырып айтарлықтай жұмыстар атқарылуда. Жерлестеріміз еліміздің көк Туын әлемдік додаларда желбіретіп жүр. Бұған былтыр елордада өткен 5-ші Дүниежүзілік көшпенділер ойындары дәлел. Аталған жарыста солтүстікқазақстандықтар үш медаль қанжығалады. Бүгінгі чемпионаттың да біз үшін маңызы зор. Бәсекеге толы жарыс әділ өтіп, шын мықтылар жеңіске жетсе екен деп тілеймін, – деді Қанат Молғаждарұлы.
Чемпионатқа еліміздің 12 өңірінен 62 бүркіт, 29 қаршыға, 17 ителгі әкелінген екен. Бір-ақ сәтте чемпионат өтетін Бескөл ауылы мәре-сәре болып, қатысушылардың жиналған жері қайнаған базарға айналып кетті. Әр өңірден әкелінген аңшы құстардың сипаты мен сынын айтпағанда меймандардың киім киісі, жүріс-тұрысы, тіпті сөйлеген сөзіне дейін көшпелі өмірді еске салып, ұмыт бола бастаған әлдебір дүниелерге сәуле түсіргендей сезімге бөледі. Құстың басындағы уыстай ғана томағаның өзі асқан шеберлікпен, күмістеліп жасалғаны құсбегіліктің қазақ үшін қаншалықты қадірлі кәсіп болғанын айғақтайды. Ұлттық киім дегеннің жасанды көшірмесін мерекелер мен сахнадан көріп жүрген ағайын қонақтардың саптама етік, қалың қазақы тон, аң терісінен тігілген тымағын тамашалап қайран қалысты. Мұның бәрі екі-үш ғасыр бұрынғы еңсесі биік, рухы азат жүздеген дала қазағы әлдебір ғажайыптың күшімен тіріліп келіп, Қызылжардың көшесіне кіріп кеткендей әсер қалдырады. Қатысушылардың астында аты жоқ демесеңіз, қалған жабдығы түгел.
Ашылу салтанатында сөз алған Туризм және спорт министрлігінің ұлттық және ат спорты түрлері орталығы басшысының міндетін атқарушы Қарлығаш Рамазанова белгілі құсбегі, Айыртау ауданының тумасы Мәсіп Батырханұлының 140 жылдығы да ескерусіз қалмайтынын атап өтті. Құс ұшырып, аң аулаумен аты шыққан Мәсіп Батырханұлы аштық жылдары өзінің кәсібінің арқасында елді аман сақтап, соғыс жылдары аң терісінен тігілген дүниелерді майданға жіберіп отырған. Осы еңбегі үшін «КСРО аңшылық кәсіпшілігінің үздігі» атағын алған. Мерейтой иесіне арналған жарыс алдағы уақытта көршілес Көкшетау өңірінде ұйымдастырылады деп жоспарлануда.
Жарыс басында республикалық құсбегілік федерациясының вице-президенті Бағдат Мүптекеқызы да сөз сөйлеп, жыл сайын қатысушылардың қатары жастармен толығып келе жатқанын айтты.
Ашылу салтанатынан кейін жиналғандар «Құлагер» ипподромына барып, алғашқы сайыстар басталып кетті. Бірінші болып қолға бүркіт шақыратындар сынға түсті. Бүркіттердің иелері анадай жерге барып, жүздеген метр алыстан ұшырылған құсын шақырады. Егер бүркіт иесіне жылдам жетсе, жоғары нәтиже көрсеткені. Құстың бабы мен иесінің шеберлігі сыналар тұс осы. Сірә, далада еркін ұшуға жаратылған құс қолға оңай үйрене қоймайтын болса керек, кейбірінің бүркіті арақашықтықты асықпай ұшып өтсе, енді бірінікі тіпті орта жолда жерге қона қалмасы бар ма? Ал енді бір бүркіттер анадайдан қол бұлғап, айқайлап тұрған адамына жылдам жетіп, жұртты сүйсінтіп жатты. Бәсекеге толы жарысқа қарап тұрып, басқа өмірдің бәрін ұмытып, «дүниенің қызығы осы екен ғой» деп қайран қаласың.
Жиылған жүзге жуық қатысушының арасынан қолына бүркіт ұстаған аруды көзіміз шалып қалды. Бойжеткен мұндағы қызыққа куә болу үшін оңтүстіктен арнайы келіпті.
– Мен бұған дейін Түркістанда өткен жастар лигасында бақ сынадым. Жасым жиырма бірде. Қызылжарға ересектердің чемпионатына қатысушыларды қолдау үшін келдім. Қолымдағы Арын атты бүркіттің жасы алтыда. Соған қарамастан аңға түсіп жүр. Бұған дейін талай рет құс пен қоян ілді. Қазір жастарымыз этномәдениетке мойын бұрып, қазақы дүниелерге қызығушылық танытуда. Сол сияқты мен де үш жыл бұрын ықыласым оянып, саятшылықпен айналысамын деп шештім. Одан бөлек садақ атуды да меңгергенмін, – дейді Аяжан Даниярқызы.
Қолға шақырудан кейін қатысушылар шырға салудан сынға түсті. Бұл – құстың аңшылық қабілеті білінетін сайыс. Бұл ретте бүркіттердің бабы мен өнеріне баға берер біз емес. Бұл істі белгілі құсбегі, атбегі Тәттімбет Кәпұлы бастаған төрешілер атқарып шықты.
Алайда көппен бірге болған соң көз көрген дүниелерді де айтпай кетуге болмас. Ат спорты маусымы жабық болғасын ба, ипподромда тыңғылықты дайындықтың белгісі білінбейді.
Бірақ бұдан көңілі түсіп жатқан қонақтар жоқ. Құс баққандардың өз қызығы өзінде. Олар үшін қандай жағдай болмасын қыранының күйі келісті болуы маңызды. Қатысушылар жоғары нәтиже көрсеткендерге пай- пай десіп, бір-бірін құттықтап, мәз болып жатты.
Жарыстың алғашқы дүбірінен құлақтанған болуы керек, екінші күні жиылған жұртшылық әлдеқайда көп болды. Өздерімен кішкентай балаларын ертіп келіп жатқан ересектердің қарасы қалың. Қаракөздерімізді айтпағанда, қанында жоқ кәсіптен хабары аз өзге этнос өкілдерінің өзі делебесі қозып, айқайға басқанын көрсеңіз! Сайыстың нағыз қызығы да осы екінші күні болды. Ереже бойынша иесі қаршығасын қолына ұстап тұрады. Екінші адам қолына кептер алып таяқ тастам жерге барады. Белгі берілгенде екеуі де құстарын ұшырады. Сол сәтте қаршыға кептерді қуып жетіп, тырнаққа ілуі керек. Мұндайда көгершінге де жан керек. Қаршығадан әлдеқайда шағын құс небір қулыққа салып, ұстатпауға тырысады. Қанатын кеңге жайған қаршыға қанша күшті, жылдам болғанымен, жақын жердегі кептерді тек ептісі ғана іле алады. Алып құс анадайда тұрған жемтігінің орнына жеткенінше, әлгі кішкентай кептер басқа жерге тұра қалады. Осылайша бірнеше рет шүйлігіп келіп көгершінді баса алмаған қаршыға ақыры үміті үзіліп, басқа жаққа кетеді. Құстың санаулысы ғана бұл сыннан сүрінбей өтеді. Бұл сайыста түркістандық Дәурен Аршабайдың қаршығасы жемтігін бірталай қашықтыққа ұзатып барып, қағып түсіріп, көрерменнің таңданысын туғызды. Ал жамбылдық Серікболсын Жалғасұлының құсы кептерді ә дегенде тырнаққа іліп, көзді ашып жұмғанша жүлделі орынға лайық екенін дәлелдеді. Екі құс та бірінші орын иесін анықтау үшін ақтық сайыста тағы бір мәрте сынға түсті.
Екі күнге созылған сайыс нәтижесі бойынша ителгі салудан үшінші орынды алматылық Сұлтансері Есентаев, екінші орынды керекулік Ермек Иманзаип, бірінші орынды қарағандылық Таңат Оспанқұлов иеленді. Қаршыға салудан бірінші орын Дәурен Аршабайға бұйырса, екінші сатыға Серікболсын Жалғасұлы тұрақтап, үштікті Түркістан облысынан келген Заки Махмудхан түйіндеді. Елдің назары ерекше ауған бүркіт салу сайысында Ақмола облысынан келген Руслан Тумурзин үшінші орын иеленді. Екінші орынды Абай облысының намысын қорғаған Ерзат Байқадамов қанжығалады. Ал қыранының бабы келіскен ақмолалық Ерлан Кенжетаев бірінші орынмен марапатталды. Тоғыз жеңімпазға да ақшалай жүлделер табыс етілді.
Диас АЯҒАН,
«Soltüstık Qazaqstan».
Суреттерді түсірген
Шыңғысхан БЕКМҰРАТ.