
Жақында петропавлдық Талғат Мәліков пен Айболат Бүркіталин нашақорларды қолға түсірді.
Ұлттық ұлан әскери институтында “Тактика және жалпы әскери пәндер” кафедрасында оператор маман болып қызмет атқаратын Талғат Мәліков курсанттарға заманауи жабдықтардың көмегімен далаға шықпай-ақ ұрыс жүргізуді үйретсе, Айболат Бүркіталин – байланыс зертханасының бастығы. Әріптестер сол күні жұмыс уақыты аяқталған соң, кешкісін үйге бірге қайтыпты.
Көлікпен тұрғын үйдің маңына келіп тоқтаған әскери қызметшілерге белгісіз үш жігіттің қылықтары күдікті көрінген. Талғат Мәліков бұл бұзақыларды алғаш рет кезіктіріп отырған жоқ. 35-37 жас шамасындағы жігіттердің топтасып, бірдеңе бүлдіріп жүргенінен бұған дейін де сезіктенген-тін. Бірақ осы жолы әлгілердің жылу құбырының астына бірдеңе тыққанын көріп, істің ақ-қарасын ажыратуға бекінеді. Көліктен түскен әскерилер жайлап күдіктілердің жанына жақындайды. Бастапқыда нашақорлар бұларды байқамаған екен, Талғат көліктен түсе біреуін шап беріп ұстайды. Ал қалған екеуі қаша жөнеледі. Алайда, Айболат олардың алысқа ұзауына жол бермей, қуып жетеді. Әскери киім киген азаматтардың “Бұл жерде не істеп тұрсыңдар?” деген сұрағына бұзақылар жай жүргенін айтып, жалтармақ болады. Дегенмен, қырағы жігіттерге олар жасырған заттың есірткі екенін анықтау қиындық тудырған жоқ.
– Аулада кішкентай балалар ойнайды. Олардың біреуі есірткіні аузына салса, не болады? Жігіттердің бірі: “Аға, уайымдама, қазір есірткінің барлығын жинап алып кетеміз, келісейік”, – деп салмасы бар ма?! Біз: “Сотта келісесіңдер!” – деп шорт кестік те, “102” телефон нөміріне хабарластық. Тәртіп сақшылары оқиға орнына үш минутта жетіп, қылмыскерлерден 2-3 грамға жуық есірткі тәркіледі. Олардың біреуі Ресей азаматы, екеуі отандасымыз болып шықты. Бұлар “Спайсты” осылайша жасырып, сатып алушыларға оның қай аулада жатқанын телефон арқылы хабарлайды екен, – деді Талғат Мәліков. Бұдан соң қос азамат институт басшылығына болған мән-жайды баяндаған.
Талғат Мәліков Тимирязев ауданындағы Жарқын ауылында дүниеге келген. Ауыл мектебін тамамдаған соң облыс орталығындағы гуманитарлық-техникалық колледжде білім алған. 2002 жылы әскерге аттанып, екі жыл бойы Алматы және Астана қалаларындағы №0111 мен 0112 әскери бөлімдерінде Отан алдындағы борышын өтеген. Бұдан соң Петропавлдағы №2032 әскери бөлімінде келісімшарт бойынша қызмет атқарды. 2014 жылдан бастап әскери институтта жұмыс істейді. Ал Айболат Бүркіталин – Шал ақын ауданындағы Бірлік ауылының тумасы. Облыс орталығындағы Қожаберген жырау атындағы №6 орта мектепте білім алған. Әскери институтта 2009 жылдан бастап келісімшарт бойынша қызмет атқарады.
Жігіттердің қырағылығы мен батылдығының арқасында заңсыз есірткі таратып, жастарды улап жүргендер қолға түсті. Бейбіт күннің батырларының бұл ерліктері қандай марапатқа да лайық.
Нұржан СЕЙІЛБЕКОВ,
“Soltústіk Qazaqstan”.