«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ҚЫРАҒЫ КАПИТАН

Еңбек демалысында жүрген Қызылжар аудандық ішкі істер бөлімінің қызметкері, полиция капитаны Мәрлен Бекенов сол кеште өзінің жеке көлігімен үйіне беттеп келе жатқан еді. Үйлердің біріне іргелес нысанның шатырынан будақтаған қою түтінді байқаған ол көп ойланбастан аулаға өтіп, алдымен үй иелеріне хабар берді. Сосын өзі өртті сөндіруге кірісіп кетті.

– Сол күні біз Астанадан оралған едік. Алыс жолдан шаршағандықтан, бірден ұйықтап кетіппіз. Сағат 22.15 шамасында есігімізді біреу қатты қаққандықтан, барлығымыз абыр-сабыр далаға шықтық. Есік қаққан жас жігіт ауладағы құрылыстың күйіп жатқанын айтты. Абырой болғанда, монша ішінде газ баллонының бар екені есімізге түсіп, жас жігітті ескертіп үлгердік. Ол бірден газ баллонын сыртқа шығарып, лапылдаған отты әрі қарай өршітпеудің амалдарына кірісті, – деді сол күнгі оқиғаны еске алған Жолболсын Валеев.

Осылайша, өртсөндірушілер жеткенше қызыл жалын ауыздық-талыпты. Үй иелерінің Мәрлен Бекеновке айтар алғыстары шексіз. “Қырағы сақшы болмағанда, жапсарлас салынған құрылыстағы өрт үйді шарпушы еді”, – дейді зейнеткерлер.

– Моншаның іші қараңғы болғандықтан, газ баллонын байқамадым. Бар ойым тез арада отты сөндіру болды, – деді полиция капитаны.

Бір қызығы, ол бұл оқиға туралы ешкімге айтпапты. Оның жай-жапсары Қызылжар аудандық ішкі істер бөліміне Жолболсын Валеевтің өзі келіп, қызметкердің көмегіне ризашылығын білдірген соң ғана белгілі болды.

Тәртіп сақшысы Мәрлен Бекенов ішкі істер органында 2002 жылдан бері қызмет атқаруда.

Нұрбек БАЕКИН,

облыстық ішкі істер департаменті баспасөз қызметінің жетекші маманы.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp