«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

Қырдағы дүбір қарсаңында

Кеше облыс әкiмi Құмар Ақсақаловтың төрағалығымен өткен әкімдіктің отырысында бірқатар маңызды мәселелер талқыланды. Бірінші мәселе көктемгі егіс науқанына байланысты болды.

Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Қайрат Омаровтың айтуынша, өңір диқандары биыл 4,3 млн. гектар жерге тұқым себуді жоспарлап отыр. Көктемгі егіске қажетті тұқым толық дайындалып, барлық ауыл шаруашылығы құрылымдары тұқыммен қамтамасыз етілген. Егер былтыр 108 мың гектар жерге элиталық тұқым себілсе, үстіміздегі жылы егіншілік дақылдарының 32 сұрыпы дайындалған. Өңірімізде тұқым шаруашылығын жаңғыртудың, сұрыптарды орналастыруға бағытталған кешенді шараларды жүзеге асырудың нәтижесінде әзірленген 490 мың тонна тұқым стандартқа сәйкестендірілген.

Облыс әкімі Құмар Ақсақаловтың астық өндірісін әртараптандыру аясында бұршақты дақылдардың егістік көлемін 1,5 есеге ұлғайту, ауыл шаруашылығы айналымына тағы 71 мың гектар алқап қосу жөнінде берген тапсырмасын жүзеге асыру шаралары қолға алынуда. Қайрат Қайроллаұлы жыл басынан бері егіншілік саласына 17,6 миллиард теңге демеуқаржы бөлінгенін айтты. Сондай-ақ, мемлекеттің қолдауының арқасында қажетті 65 мың тонна дизель отынының әр литрі 126 теңгеден босатылады. Бүгінде оның 38,6 мың тоннасына келісімшарт жасалған. Науқан барысында 13538 трактор, 15931 тұқым сепкіш агрегат, 1170 егіс кешені іске жұмылдырылмақ.

Осы орайда өңір басшысы Құмар Ақсақалов жауапты науқан барысында салғырттық танытып отырған кейбір аудан басшыларын сынға алып, ескертулер жасады.

Елбасының Қазақстан халқына Жолдауларында бірқатар мақсаттар мен міндеттер айқындалған. Солардың бірі – мемлекеттiк кәсiпорындарды бәсекеге қабiлеттi ортаға беру мәселесi. Облыстық қаржы басқармасының басшысы Ескен Әкімжанов облыстың коммуналдық меншігін жекешелендіру барысы жайлы баяндады.

– Облысымыздағы 39 мемлекеттiк кәсiпорынды 2016-2020 жылдары бәсекеге қабiлеттi ортаға беру ұсынылған болатын. Олардың 26-сы коммуналдық кәсiпорын болса, қалған 13-і “Солтүстiк” әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясы” ҰК” АҚ-ына еншiлес, тәуелдi кәсiпорындар, – дедi Ескен Мырзахметұлы.

Бүгінгі таңда облыстың коммуналдық меншiгінде 214 коммерциялық ұйым бар. Олардың 31-і – денсаулық сақтау, 9-ы – спорт, 113-і – бiлiм беру, 32-сі – мәдениет, 14-і – ветеринария және 3-еуі – тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы саласына тиесілі. Басқарма басшысының мәліметінше, 2014-2017 жылдарға арналған жекешелендірудің кешенді жоспарына сәйкес сегіз мекеме 48,68 млн. теңгеге сатылған. Сондай-ақ, аудандық әкімдіктердің қаулысымен алты кәсіпорынның жұмысы тоқтатылды.

Облыс әкімі басқарма басшысына бұл мәселені жеке бақылауында ұстауды, сондай-ақ, жекешелендіруді қысқа мерзімде жылдам жүргізуді тапсырды.

Қанат АТАМАНОВ,

“Солтүстік Қазақстан”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp