
Өңір басшысы Құмар Ақсақаловтың төрағалығымен өткен әкімдік отырысында көктемгі егіс науқанына дайындық, су тасқынының алдын алу және төтенше жағдай кезінде сабақты қашықтан оқу жайы әңгіме өзегіне айналды. Жиынды ашқан облыс әкімі Құмар Ақсақалов қатысушыларға коронавируска байланысты енгізілген төтенше жағдайға қарамастан, өңіріміз үшін аса маңызды көктемгі егіс науқанын ұйымшылдықпен өткізу, өзекті мәселелерді бірлесе шешу қажеттігін атап айтты.
– Бір айдан кейін облыста көктемгі егіс науқаны басталады. Сондықтан диқандардың жауапты науқанға дайындық деңгейін бағалап, мемлекеттік қолдау шараларын жүзеге асыруымыз керек. Елімізде өндірілетін астықтың үштен бірі біздің диқандардың маңдай терімен өсірілетінін ескерсек, алдымыздағы көктемгі дала жұмыстарын сәтті бастап, уақытында аяқтау міндеті тұр. Біз жоғары қарқынды сақтай отырып, болашақ өніміміздің жоғары сапалылығын қамтамасыз етуіміз керек, – деді Құмар Іргебайұлы.
Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Ерболат Бекшеновтың айтуынша, үстіміздегі жылы өңірімізде 4,2 млн. гектар алқапқа егін егу жоспарланса, дәнді дақылдардың үлесі 2,8 млн. гектарды құрайды. Майлы дақылдар егістігі 955,4 мың гектарға сіңіріледі. Бұл жалпы егістіктің жиырма пайызын құрайды. Сондай-ақ, 47,4 мың гектар алқапқа соя егілмек. Картопқа бөлінген алқап – 32,2 мың гектар. Биыл қар көп жауғандықтан, ылғал қоры жеткілікті. Күзде қамбаны алтын дәнмен толтыру үшін сол ылғалды сақтап қалу керек. Биыл жердің құнарлығы мен өнімділік сапасын сақтау үшін егін танаптарын 130 мың тоннаға жуық тыңайтқышпен байыту қажет. Дегенмен, кейбір аудан әкімдерінің оған тиісті деңгейде көңіл бөлмеуінен бұл жұмыс әлі де сылбыр жүргізілуде. Қазіргі уақытта өңір диқандары 78,1 мың тонна минералды тыңайтқыш жеткізу бойынша келісімшарт жасады. Қазірде оның тек 54,7 мың тоннасының ақшасы төленген. Сондай-ақ, егіс технологиясы мәселесіне де көп көңіл бөлінбек.
Мақаланың толық нұсқасын газеттің келесі санынан оқисыздар.