«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ҚЫРДАҒЫ ҚАРБАЛАС

 

Тайынша ауданында орақ қарқын ала түсті. Ауа райының әрбір қолайлы сәтін тиімді пайдалануға ұмтылған диқандар күзгі жиын-терінді тез аяқтау үшін қолдан келгеннің бәрін жасауда. 

“Фауна” фермерлік шаруашылығының басшысы Геннадий Ходаковский науқанды аяқтауға санаулы күндер қалғанын жеткізді.

– Біз жылқы өсіріп, егін егумен айналысамыз. Биыл 4,5 мың гектар алқапқа дәнді дақыл сіңірілді. Арпаның жоғары сұрыпты тұқымын Ресейдің Түмен облысынан алдырдық. Қазір алқап басында он комбайн жүр. Соның төртеуі жаңа. Биыл техника паркі жаңартылып, екі егістік кешенін, төрт комбайн мен “КамАЗ” жүк көлігін сатып алдық, – деген шаруа қожалығының басшысы Геннадий Викторович егіс науқанына қырық адам жұмылдырылғанын, гектар берекелілігі 20 центнерден айналып жатқанын айтты. Ол сондай-ақ, күзгі ырысты сақтау үшін бидай қоймасы салынғанын тілге тиек етті.
Аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Руслан Көлбаевтің айтуынша, ауданда егістік жер көлемі 610 мың гектарды құрайды. Дәнді және бұршақты дақылдардың алқабы 378 мың гектар болса, майлы дақыл 157 мың гектар. Бүгінгі таңда дәнді дақылдардың 70,3 пайызы, майлы дақылдардың 35,7 пайызы бастырылған.
– Биыл көктемде жеті мың тонна жоғары сұрыпты тұқым сатып алынды. 350 мың гектарға он жеті мың тонна минералды тыңайтқыш сіңірілді. Ауданда ауыл шаруашылығы құрылымдары техника паркін жаңартуда. Соңғы үш жылда шаруашылық құрылымдары 53 жаңа комбайнға қол жеткізді. Жалпы, биыл 4,5 миллиард теңгеге 156 жаңа техника сатып алынды. Мемлекет қолдауының арқасында шаруашылықтар минералды тыңайтқыш, гербицид сатып алуға, техника паркін жаңару бағытында да едәуір жұмыстар атқарылды, – дей келе Руслан Төребайұлы ауа райының қолайсыздығы біршама кедергі келтіріп отырғанымен ризықты шашау шағармай жинап алу үшін диқандар тынымсыз еңбектеніп жатқанын айтты.
Ауданда биыл соя мен рапс, зығыр мол өсірілген. Картоп өндіруден “Астық Стем” ЖШС-і алдыңғы қатарда. Шаруашылықта картоптың егістік көлемі 200 гектарды құрайды. Гектар берекелілігі 30 тоннадан айналуда.
Жалпы, аудан бойынша ауыл шаруашылығы саласында оң қарқын бар. Мәселен, үстіміздегі жылдың өткен сегіз айында 7,8 мың тонна ет, 52,8 мың тонна сүт, 76,3 миллион дана жұмыртқа өндірілген. Өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда мал басы да біршама өскен. Биыл “Сыбаға” бағдарламасы бойынша Чехиядан 350 асылтұқымды ірі қара сатып алынған. Жыл соңына дейін алыс-жақын шетелдерден ауданға 900-ден астам асылтұқымды сиыр жеткізілмек. “Донецкое Нұрлы Жол”, “Зеленые Луга” жауапкершілігі шектеулі серіктестіктерінің сүтті бағытта ірі қара сатып алу туралы өтінімдері мақұлданған. Қазіргі таңда ауданда жеті тауарлы-сүтті ферма мен етті-сүтті бағыттағы асылтұқымды мал өсіретін сегіз шаруашылық, сонша ауыл шаруашылығы кооперативі бар. Үстіміздегі жылдың қаңтар-тамыз айларында қайта өңдеу кәсіпорындары 10,6 миллиард теңгенің азық-түлігін өндірген.

Ақмарал ЕСДӘУЛЕТОВА,
“Soltústik Qazaqstan”.

Тайынша ауданы.
  

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp