«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ҚЫРДАҒЫ ҚАРБАЛАС

Бүгінгі күні облысымызда көктемгі дала жұмыстарына 30 мыңға жуық ауыл-шаруашылығы техникасы жұмылдырылып, қырдағы қарбалас қыза түсті. Мақсат – 4,2 млн. гектар алқапқа дақыл себу.

Қызылжар ауданының диқандары көктемгі егіс науқанына өткен демалыс күндері кіріс­кен. Ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Аманжол Сәкеновтің айтуынша, үстіміздегі жылы 197,5 мың гектар алқаптың 41,1 мың гектарына майлы дақыл сіңіріледі. Жоспарға сәйкес картоп 4,7 мың, ал көкөніс 0,6 мың гектарға отырғызылмақшы. Қалған алқап бидайға тиесілі.

– Егін себумен айналысатын ауданымыздың үш жүзден астам агроқұрылымы алқаптарда ылғал жабу, топырақты өңдеу шараларын тыңғылықты жүргізді. Соңғы жылдары майлы дақылдар ішінде рапс, зығыр, күнбағысқа басымдық берудеміз. Атап айтқанда, былтыр 321 гектарға қарақұмық егіп, бұршақтың алқабы 2,7 мың гектарға жеткізілген болатын. Жыл сайын алқаптарымызға зиянкестердің отызға жуық түрі қауіп төндіретінін атап айтқан жөн. Сондықтан астық шығымдылығын және ауылшаруашылығы өнімде­рінің сапасын арттыруда уақытылы жүргізілген дәрілеу шараларының маңызы зор. Бүгінгі таңда алқаптарда арамшөпке қарсы өңдеу жұмыстары жүргізіліп, зиянкестерге және өсімдік ауруларына қарсы дәрілермен өңделді, – дейді Аманжол Мұқатайұлы.

Жергілікті ауыл шаруашылығы құрылымдары минералды тыңайтқыштармен, пестицидтермен және жанар-жағармаймен толық қамтамасыз етілген. Шаруашылықтар техника паркін жаңарту мәселесіне де көңіл бөлуде. Тек соңғы үш жылда 6,5 млрд. теңгенің 276 техникасы сатып алынған. Мәселен, 2020 жылы бұл мақсатқа 3,3 млрд. теңге жұмсалып, 124 трактор-комбайн жеткізілген. Бөлім басшысының айтуынша, бұл бағыттағы жұмыстар биылғы жылы да жалғасын таппақ.

Мамыр айы – диқандар үшін нағыз қауырт шақ. Көктемгі егіс науқанына білек сыбана кіріскен агроқұрылымдардың бірі – “Ер-Агро” жауапкершілігі шектеулі серіктестігі. Новокаменка және Архангелька ауылдарының жанындағы алқаптарға егін егетін шаруашылықтың қарқыны жоғары. Қыс бойы техникасын сайлаған. Агроқұрылым директоры Анатолий Шушамоинның айтуынша, 2004 жылы құрылған шаруашылық – 6 мың гектар алқапқа дән сіңіреді. Оның 600 гектарына – зығыр, 1 мың гектарына – арпа, ал қалғанына бидай өсірілмекші. Қазіргі уақытта жұмысшылар “Нью Холланд” және “Бюллер” маркалы канадалық егіс кешендерінің күші­мен бидай мен зығырды сіңіруде. Барлық алқапта химиялық өңдеу жұмыстары жүргізілген. Үстіміздегі жылы дала жұмыстарына алғашқылардың бірі болып кіріскен бұл агроқұрылым жауапты науқанды он күннің ішінде аяқтамақ.

Синоптиктердің болжауынша, көктемнің соңғы айы құбылмалы болады. Сондықтан диқандар уақытпен санаспай еңбек етіп, дән сіңіру жұмыстарын мерзімінде аяқтау үшін қолдан келгеннің бәрін жасауда.

Қанат АТАМАНОВ,

“Soltüstık Qazaqstan”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp