
Есіл ауданындағы Бұлақ ауылдық округінің диқандары да ырыс дәнін ысырапсыз жинап алу жолындағы күреске бір кісідей жұмылған.
Аталмыш ауылдық округтегі 4 ірі серіктестік пен 10-нан астам шаруа қожалығы биыл 13,7 мың гектар алқапқа дәнді дақылдар сіңірген болатын. Ауыл әкімі Бауыржан Қайролла атап өткендей, “Бұлақ-Астық”, “Бахтияр БМ Север”, “Ақтас Агро” сынды агроқұрылымдардың алтын дәнді шашау шығармай жинап алуға мүмкіндіктері мол. Өйткені, бұл серіктестіктердің машина-трактор паркі жыл сайын жаңартылып, заманауи техникалармен толығуда.
Аудан шаруалары күзгі орақты 1 аптаның көлемінде толығымен аяқтап шығуды жоспарлап отыр. Бүгінгі күнге дейін астықтың 80 пайызға жуығы жиналған. Ал алтын дәннің орташа берекелігі 15-16 центнерден айналуда.
СУРЕТТЕРДЕ: “Бұлақ-Астық” ЖШС-і еңбеккерлерінің жұмыс сәті.
Суреттерді түсірген
Талғат ТӘНІБАЕВ.